"Шоқан мұсылман болған... Оның өмірін қайта қарау керек!"
"Шоқан мұсылман болған... Оның өмірін қайта қарау керек!"
2 жыл бұрын 5862
Алтынемелдегі зиратта Шоқан жатпаған болуы мүмкін...

Шоқанның діни көзқарасы туралы нақты ештеңе жоқ. Біреу олай дейді, біреу былай дейді. Шын мәнінде, Шоқан орыс оқуына бала жасынан кіріп, орыстармен ерте араласты. Негізі, аты Мұхаммед-Қанафия бола тұра, ағайын-туыстарының өзі «бұл орысқа шоқынып кетті» деп, атын Шоқан деп кетті. Сол атымен тарихта қалды. Бірақ солай екен деп, оны «расымен де, шоқынған екен ғой» деудің қажеті жоқ. Бұрындары қазақ орыспен араласқан адамның кез келгенін «шоқынып кетті» дейтін. Әлібек Жангелдинді де солай деп айтады. Бірақ ол мұсылман болған, Құран оқымай тамақ ішпеген.

Шоқан туралы Потаниннің: «Бұл Шоқанға мен таңғаламын. Петербургке барса, тап-таза еуропалық, ал мұнда келсе, тап-таза шығыс адамы, нағыз қазақ болып шыға келеді», – деп жазғаны бар. Шынымен де, қанша жерден алыпқашты әңгіме айтылса да, өмірінің соңына таман Тезек төренің ауылында болған Шоқан мұсылмандықты қалай ұстанатынын, Құдайын ұмытпағанын баршаға дәлелдеп кеткен.

Патша өкіметінің «бұратана» халықтарға деген пиғылының арамдығын Шоқан 13-14 жасында-ақ сезе бастаған. Өйткені әскери стратегиялық сабақтарға оны қатыстырмаған. Мен өзім соңғы кезде «жалпы, Шоқанның өмірін қайта қарау керек» деген пікірде жүрмін. Себебі ол Достоевский, Чернышевский сияқты орыстың ұлы адамдарымен араласып, оларды жанына жақын тұтып келді. Черняевпен бірге оқыды, дос болды. Кейіннен Черняев табан астында генерал, әскербасы болып кетті, Ташкентті басып алды, Әулиеатаны, Жетісу аймағын басып алу миссиясы соған бекітілді. Черняевтің Жетісуға бет алғанын естіген Шоқан одан «Қандай мақсатпен келе жатырсың?» деп сұраған. Черняев болса: «Кітапханалар, мектептер ашамын, бәрін салдырамын, сөйтіп, қазақ халқының көзін ашамын», – деген. Шоқан оған қуанып, Әулиеатадан күтіп алған. Сонда қараса, арбаларға беттері жабылған бірдеңелер тиелген екен. Ашып қараса, ешқандай да кітап емес, зеңбіректер болып шыққан. Жүрегі зырқ ете қалып, «Мұның не?» десе, Черняев: «Көнбегендерді осы зеңбірекпен көндіреміз», – деген. Міне, содан бастап екеуі кетісе бастаған.

Черняевтің Әулиеатадағы мешітті атқылауы Шоқанды одан әрі шошындырған. Сол кезде барып бұлардың қазаққа ешқандай да дос емес екенін анық түсінген. Өкпелеп кетіп бара жатқан кезінде, Черняев артынан аттырған. Мен кезінде Әнуар Әлімжановпен жақсы араласқан едім. Ол: «Содан Шоқанның өкпесінде оқ қалған. Сол оқ ақыры ажал оғы болды. Әйтпесе ол – аға сұлтанның баласы, ештеңеден таршылық көрмеген адам», – дейтін. Расымен де, өкпе ауруы деген – жоқшылықтан, тапшылықтан туындайтын әлеуметтік ауру. Ал Шоқан тоқшылықта өмір сүрген, ішкені – қымыз, жегені – қазы-қарта, Петербургке де ақшасын қалтасына басып барған. Сондықтан оның өкпе ауруына шалдығуы мүмкін емес.

Бірақ өкпесінде оқ болғанын бәрі жасырып келген, немен ауыратынын нағашысы Тезек төреге өзі де айтпай кеткен. Өлген кезінде Жетісуды билеген генерал Колпаковскийлер бас боп барып, бір түннің ішінде апай-топай жерлеп, басына тақта қойып кеткен. «Осындай асығыстықтың артында да үлкен бір құпия жатыр. Шоқанның өмірін қайта жазу керек», – деп Әнуар марқұм айтып жүретін. «Шоқанның трагедиясы неде?» деген – үлкен мәселе. Егер тек қана «аурудан өлді» дейтін болсақ, ол – табиғи нәрсе. Қайғылысы – қайғылы, бірақ ұлттық трагедияға көтеріле алмайды. Ал мынадай өлім – ұлттық трагедия. Осы орайдағы екінші бір жорамал «Алтынемелдегі зиратта Шоқан жатқан жоқ, басқа адам жатыр» дегенге саяды. Себебі әбден ескіргенше оны қарауыл қарап тұрған. Яғни «біреулер қаза ма, тексере ме» деп сақтанса керек. Әбден бертінде сол молада жатқан адамның киіммен, әскери мундирде жерленгені белгілі болған. Егер мәйіт Шоқандікі болса және ол мұсылмандық жолмен қойылса, неге ол киіммен жерленуі керек?!

Осы орайда, мен Әнуар Әлімжановтан Шоқанға қатысты қызық дерек естіген едім. Кезінде Әнекең қазақтан тұңғыш рет Америкаға барып, әл-Фараби жайлы екі ай дәріс оқып келген. Сонда бір әңгімелескенімізде: «Сол кездегі архивтерден әл-Фараби жайлы деректер іздеп отырып, 1875 жылғы газеттен Шоқанның өлімі жайлы қазанама кезіктірдім», – деді. Ал Шоқан, біздіңше, 1865 жылы қайтыс болған. Әлгі қазанамада «Жақында Орыс география қоғамының мүшесі, әйгілі саяхатшы, орыс офицері Шоқан Уәлиханов қайтыс болды» деп беріліпті. Әнекең: «Бір жыл кешігіп берілсе, жарайды, ал қалайша бұл он жылдан кейін жарияланады, соған мен қатты таңғалдым», – дейді. Ол өзі тарихты жаны сүйетін, сондай білімді, ізденімпаз азамат еді. Сөйтіп, Америкадан келген бойда Шоқанды зерттей бастаған ғой.

«Сондағы анықтағаным, бұлардың мәйітті киіммен көміп, молаға қарауыл қойғаны тегін емес. Бұлар Шоқанды Жоңғарияға екінші мәрте жіберген. Ондай сауатты, патша өкіметінің ұлтына қарсы жымысқы саясатын білетін, орыстың талай әскери құпиясынан хабардар адамның қазақ ортасында жүре бергені орысқа тиімсіз болған. Ал ана жақтан тірі қайтпайтынын білген. Сол үшін де қайта жұмсаған. «Шоқан ол жақта үйленген, тіпті қызы да бар, сонда қайтыс болған» деген әңгіме естідім. Енді осыны зерттеймін», – деп жүретін. Ал әлгі газет – не газет, оны алып келді ме, келмеді ме – ол жағын сұрамаппын. Бірақ мен білетін Әнекең тарихи деректерге, құжаттарға өте мұқият қарайтын, тым болмаса, көшірмесін алып келген болуы тиіс. Бірақ Әнекеңнің архивінде ол сақталды ма, сақталмады ма – оны да білмеймін. Қалай болғанда да ол кісінің жұрт естімеген, білмеген осындай бір жорамалы бар болатын. Бұл да – Шоқанға байланысты тарихтың құпия беттерінің бірі... 

Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты


Мақала ықшамдап алынды, дереккөз : «Алаш айнасы» 

 

0 пікір