Қыпшақ ханы «Тоқта хан» жайында Ислам тарихшысы Ибн Кәсир (1300-1373 ж) кітабында былай дейді..
Қыпшақ ханы «Тоқта хан» жайында Ислам тарихшысы Ибн Кәсир (1300-1373 ж) кітабында былай дейді..
10 сағат бұрын 315 islam.kz/
Абдусамат Қасым

Құран тәпсіршісі әрі тарихшы Ислам ғұламасы Ибн Кәсир (р.а.) өзінің атақты «әл-Бидая уән-Ниһая» атты көп томды тарих кітабында көптеген оқиғалар мен тұлғаларға хронологиялық негізде орын берген. Аталмыш кітабында Дешті-Қыпшақ ханы Тоқта хан (арабша нұсқасында Тұқтай хан, 1282-1312 ж.) жайында да қысқаша сөз қозғап өткен мәліметті кездестіруге болады. Өзі Дамаск қаласының тумасы болған әрі Тоқта ханмен замандас болып келетін Ибн Кәсир (рахимаһуллаһ) Ол жайында былай әңгімелейді:

«Сол жылы (Хижри 712жыл/ миләди 1312 ж.) Дешті-Қыпшақ ұлысының әміршісі Тұқтай хан (Тоқта хан) пәниден бақиға озды. Ол жиырма үш жыл ел биледі. Дүниеден өткен кезінде жасы 30 (отызда) болатын (отыз жасында дүниеден өтті).

Тоқта хан өзі ержүрек, өткір, алғыр жан еді. Ол ескі татар дінінде болды - пұтқа табынып, аспан шырақтарына (жұлдыздарға, планеталарға) сыйынатын.

Тоқта хан құдайға адамның кейіпін телитіндерді (мүжәссима) және данышпандар мен емші, дәрігерлерді ерекше қадірлеуші еді. Әсіресе, мұсылман қауымына өзге жұртқа қарағанда көбірек құрмет көрсететін.

Оның соңына ерткен қалың қолының айбынынан жұрт сескенуші еді. Әскерінің көптігі мен қауқарының мықтылығы сондай — ешбір жан оған қарсы шығып, бетпе-бет шайқасуға батпайтын.

Айтуларға қарағанда: ол бірде әскерінің әрбір он адамынан бір сарбазды іріктеп алып, аттандырыпты. Сол әрбір он адамның бірін іріктеп алғандағы әскерінің санының өзі 250 мыңға жеткен еді деседі. (Сонда 250 000*10 = 2 500 000 (екі миллион бес жүз мың) әскер болған деген сөз.-ауд.) 

Тоқта хан сол жылдың (хижри 712 ж.) Рамазан айында көз жұмды. Оның орнына таққа інісінің ұлы Өзбек хан отырды. Өзбек хан мұсылман еді; ол билікке келісімен өз елінде Ислам дінінің туын тікті. Қарсылық көрсеткен кәпір әмірлерді жазалап, ол өлкеде Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) шариғатын өзге жолдардан биік етті. Ислам мен сүннетті нәсіп еткен Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мадақтар болсын!»1


1Ибн Кәсир (рахимаһуллаһ): әл-Бидаяту уән-Ниһәяту» - Хижри 712 жылы болған оқиғалар.

0 пікір