Имам Ғазали: «Алла пендесінің сыртын да, ішін де көреді»
Имам Ғазали: «Алла пендесінің сыртын да, ішін де көреді»
9 жыл бұрын 15780
Бақ БЕР

Толық есімі: Әбу Хамид Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Ахмед. Шамамен осыдан 10 ғасыр бұрын өмір сүрген ол – білімі, білігі әрі өмір сүру үлгісімен бүкіл мұсылмандарға жол көрсеткен, көп шәкірт тәрбиелеген, дінге үлкен еңбек сіңірген ғалым. Хижри 5 ғасырдың мүжаддиді ретінде танылған Имам Ғазали 1058 жылы Иранның Қорасанға қарасты Тус қаласында өмірге келді. Имам Ғазали өмір сүрген кезең ислам әлемінің идеялық жікшілдікке ұрынған, Андалусия ислам мемлекетінің құлдырауға бет алған, көптеген қиындықтармен бетпе бет келген кезеңі. Осы кезеңде жазған еңбектері әрі берген дәрістерімен ислам әлемін рухани ағартуға септігін тигізген.

Ғылымдағы тереңдігі себепті «Исламның дәлелі, Исламның ақиқаттыңының айғағы» деген мағынаға келетін «Хужжатул ислам» және «Зәйнудддин» деген абыройлы аттарды иеленген. «Хужжатул ислам» атағы үш жүз мың хадис шәріпті рауилерімен қоса жатқа білетін кісілерге беріледі деседі.

Ғазалидың ілім іздеп шыққан уақыттары жайлы мынандай деректер кезіктіреміз. Кедей өмір сүрген әкесі бір ғалым досына былай деп өсиет қалдырып кеткен екен:
«Осы екі балам: Ахмед пен Мұхаммедті өзіңе аманаттадым. Осылардың оқуын жауапкершілігіңе алып, ғылым үйренуіне көмегіңде бер».
Әкелері қайтыс болғаннан кейін екі ұлы осы ғалымның қарамағында болып, біршама уақыт мектепке барған. Алайда өзі де кедей әлгі ғалым ең соңында шындықты айтуға мәжбүр  болады:

«Балаларым, әкелеріңнің сендерге қалдырған мұрасы түгесілді. Бұдан былай өздеріңді қорғауға алатын бір медресеге барып жазылыңдар. Өздеріңе қарайтындай менің жағдайым жоқтығын көріп жүрсіңдер».

Бауырымен бір медресеге жазылып, оқи бастаған Мұхаммед кейіннен осы жағдайды әңгімелегенде былай деген: «Негізі біз медресеге білім алып, күн көрісімізді қамдау үшін барған едік. Алайда ілім сондай абыройлы нәрсе екен, бізді дүниеге қаратпады, бізді Алла үшін еңбектенуге бағыттады».

Ғазали шәкірттік жылдарында Тустан шалғай аймақтарға бара бастайды. Жүржандағы әйгілі ғалым Жүраниға да сәлем бере барып, біршама уақыт ілімінен сусындайды. Осы саяхаттарынан Тусқа қайтқанда, қарақшыларға тап болады. Керуенді тонаған қарақшылар бұның жазып жүрген дәптерлері мен кітаптарын да алып қояды.
Ғазали бұған шыдай алмай, арттарынан жүгіріп, қарақшы басшысына ренжіп дауыстайды: «Мен ілім жолындағы шәкірт едім. Ғылымнан үйренгендерімді жазып алып жүрге дәптерлерім мен жинап жүрген кітаптарым сіздер алып қойған заттардың ішінде кетті. Бұларды жоғалтып алсам, жағдайым қиындайды. Бар еңбегім босқа кетеді».
Сонда қарақшылар басшысы қарқылдап күліп былай дейді: «Дәптерлерін жоғалтса, үйренгендерін қоса жоғалтып алатын сен қандай ғалым болмақсың?» Оның сөзі Ғазалиға кәдімгідей ой салады. Енді кітаптар мен жазғандарына сенбей, үйренгендерінің бәрін миына тоқи бастайды. Не үйренсе де жаттап, жадысына түйіп, түпкі мәнін ұғуға тырысады. Осындай талпынысы мен қажырлы еңбегінің арқасында өз дәуірінің озық ғалымына айналған Ғазали Тустан кетіп, Бағдатқа Низамия медресесіне келеді. Бұл жерде әйгілі Низамулмүлктің көзіне түседі. Соңында ең жоғарғы деңгейге жетіп, Низамия медресесінің басшылығына тағайындалады. Төрт жыл Низамияда сабақ береді. Осы уақытта көп шәкірттер тәрбиелеген әрі үш жүз шақты іріктеулі шәкірттеріне керекті бүкіл ілімдерді үйреткен. Шәкірттері арасында Мұхаммед ибн Әсғад әт-Tуси, Әбу Мансұр Мұхаммед, Әбу Абдуллаһ Жүмерт әл-Хүсайни, Әбулхасан әл-Баланси секілді көп ислам ғалымдары бар.  

Медреседегі кезінде ешкім ғылымда өзінен оза алмайды. Биліктегілерден де, халықтан да атақ-абырой, құрмет-қошаметтің ең зорына бөленеді. Міне, осы кезде Ғазали қатты ойға беріліп, жан дүниесінде үлкен төңкерісті бастан кешеді. Жұрт тамсана қарайтын биік дәрежесін алдамшы, ықылассыздың жағдайы ретінде бағалайды. Ол Аббасидтер халифасы әрі Селжұқ басшыларынан үлкен құрмет көре тұра, өз-өзіне көңілі толмай, терең ойларға беріледі. Бара-бара төрт жыл өзі басқарған медресеге басшылық, ұстаздық қызметінен өз еркімен кетіп, Сирияға қарай жолға шығады. Ол жақтағы ғалым кісілердің қалын сұрап, тасаууыф өкілдерінің халдеріне біршама үңіліп, кейіннен Сирияның әйгілі Әмәуия мешітінің кең мұнарасына кіріп орналасып, сонда оңаша болғанды жөн санайды. Осында тура он бір жылын өткізеді. Бұл уақыттарда әркез қарапайым халыққа уағыз-насихат жүргізген Ғазали терең ойға беріліп, еңбектер жазады. Жұрттың қошамет, қолпаштауларының өткінші, жалған екенін, адамды тек ақиқаттың қанағаттандыратынын анық ұғып, рухани тереңдеп, кемелдене түседі.

Медресені басқарған жылдардағы қошаметке бөленгенін еске алғанда былай деген:
«Өз жағдайыма қарадым, қарасам, дүниелік құрметке қатты бөленіппім. Дүниелік құрмет, қошамет мені өзіне қатты баурапты. Жасап жүрген істеріме қарадым. Олардың ең іліп алары дәріс оқытып, үйретуім екен. Бірақ бұл салада да ақырет үшін маңызы жоқ әрі пайдасыз тірліктермен айналысыппын. Өйткені үйрету кезіндегі ниетімді таразыладым. Сөйтсем, Алла разылығы үшін емес, лауазым мен құрмет үшін әрекет жасағандаймын. Егер дәл осы кезде бұл жағдайдан арылмасам, құздың ернеуіне жеткенімді, одан әрі барсам, тозаққа күйермін деп тоқтамға келдім». Яғни рия мен ықылассыздықтан қатты қорыққан ол өзіне деген сынды қатты күшейткен.

Елу бес жылдық ғазиз ғұмырының жартысынан ауғанда бұрынғы Ғазалидан енді ақыретті көбірек еске алатын жаңа Ғазалиге өзгерген Имам Мұхаммед бұдан кейін қолға алған еңбектерінде өзгеше ықылас пен рухани құндылықтар жүйесіне ерекше мән берген.
Расында, Ғазали Сириядағы Әмәуи мешітінде оңашада он бір жылын өткізіп Тусқа қайтқанда, үйінің екі жанына екі ақырет үйі деген мағынада қосымша ғимарат салдырады. Бірін фиқһшыларға, ал екіншісін тариқатшыларға арнайды. Өзі болса, кезектесе екеуіне де кіріп, өмірінің соңғы уақыттарында әрі Шафиғи фиқһын, әрі әхлі сүннеттің тасаууыфы жайлы дәріс берген.
 Соңғы сәттерінен мынандай ғибратты естелік жеткен:
«Ғазали соңғы Дүйсенбінің түнінде тасаууыф пен фиқһ дәрістерімен көп айналысты. Таңертең таң намазын оқыды. Содан кейін дайындатып қойған кебінін алдырды. Кебінді сүйіп, басына, жүзіне тигізді. Сөйтті де былай деді: «Уа, раббым, жасаған ием, әміріңе құлдық!»
Маңайындағылар жылай бастады, алайда түрінен ешқандай да қорқыныш, үрей сезілген жоқ. Құбыланы бетке ала созылып жатты. Күбірлеп әлденелер оқыды. Бір мезет қарағанда жан тәсілім еткені байқалды. Сөйтіп елу бес жасында Тус қаласының маңында Табира ауданында көз жұмды. Сонша көп еңбек жазып қалдырған ірі ғалым материалдық жағынан отбасына әзер жеткілікті ғана дүние қалдырған.

Елу бес жылдық өміріне бес жүзден астам еңбек жазуды сыйғызған ғалымның негізгі кітаптары мыналар:

Ихияу улумуддин, Кимяйы саадат, Жауаһирул Құран, Қауаидул ақаид, Мизанул амал, Дурратул фаһира, Әйюхал уәлад, Қистасул мұстақим т.б.

Имам Ғазали көп салада ілім игеруімен тек ислам әлемінде ғана емес батысқа да танымал болған. Имам Ғазали меңгерген терең ілімдер сол дәуірдің европалық философтарын көп тұрғыдан шаң қаптырған жағдайда еді. Айталық, Европада жер шары тақтайдай тегіс деп ойлаған уақыттарда Имам Ғазали жер шарының домалақ екенін, бауырда қанның у мен микроптардан тазаланатынын, қан құрамындағы заттардың өзгеруімен адам денсаулығының бұзылатыны секілді егжей-тегжейлі мәліметтерді қазіргі физиология кітаптарынан алшақ кетпейтіндей дәлелдермен түсіндірген. Осы секілді көптеген ғылыми тақырыптар жайында кітаптарында құнды мәліметтер кездеседі. Тіпті ғалымның еңбектері жайлы европалықтар ұзақ уақыт мұқият зерттеулер жүргізген. 1959 жылы төрт неміс профессоры Имам Ғазалидың кітаптарын оқып, ислам дініне таңырқап, еңбектерін неміс тіліне аударып, мұсылмандықты қабылдаған.  

 

Имам Ғазалидың қалдырған насихаттарының кейбірі мыналар:

«Алла тағаланың әр ісімізді және әр ойымызды білетінін ұмытпауымыз керек. Адамдар бір-бірінің тек сыртын көреді. Алла болса, сыртын да, ішін де көреді. Осыны қаперде ұстаған жанның істері мен ойлары әдепті болады»

«Әй, нәпсім, «артынан тәубе етем және жақсы істер жасаймын» десең, ажал одан бұрын жетуі мүмкін, өкініп қаласың. Ертең тәуба етуді бүгін тәубе етуден жеңіл деп ойласаң, алданғаның».

 
 

2 пікір