Құтайба ибн Муслим. Самарқанд қаласының алынуы
Құтайба ибн Муслим. Самарқанд қаласының алынуы
1 жыл бұрын 4918
Дайындаған Абдусамат Қасым

Хижри 93 жылы (миләди 711 жыл) Хорезмшах, Құтайба ибн Муслимді бітімгершілікке шақырып хат жолдайды. Бітімгершілік келісімі бойынша, Хорезмшах, Құтайбаға біраз қалаларын тапсырып, мал-дүниелер мен құлдар беруге уәде береді. Бірақ оның есесіне, Құтайба ол үшін (Хорезмшах үшін) інісі Харзадпен соғысып, оны ұстап беруі керек болды, өйткені інісі Харзад шектен шығып, айналасына тыныштық бермеген еді. Құтайба Хорезмшахтың ұсынысын қабыл етіп, Харзадқа әскер жібереді. Харзадтың әскерлерімен соғысып, Харзад қолға түседі. Көп адам өледі. Құтайба Харзад пен оның сыбайластарын Хорезмшахқа тапсырады. Хорезмшах Харзадты өлтіріп, оның бүкіл дүниесін Құтайбаға береді.

Самарқанд қаласына жорық

Құтайба ибн Муслим шаруаларын бітіргеннен соң, еліне оралуды ойлайды. Алайда қолбасшыларының бірі әл-Мәжшер ибн Мұзахим әс-Сәлми оған: 

- «Соғд қаласын (Самарқанд шаһарын) әйтеуір алу жоспарыңызда бар болса, оның сәті қазір түсіп тұр. Себебі Самарқандтықтар бұл жылы сіздің оларға шабуыл жасамайтындығыңызға сенімді» - дейді, бейғамдықтарын еске салып. Ол кезде Самарқанд қаласының әміршісі Ғаузак (Гүрек), ағасы Тархұнның Омеядтарға салық төлеп тұру жөнінде жасасқан келісімін бұзған болатын.

Құтайба қолбасшысының бұл жоспарын тіс жарып ешкімге айтпауын қатаң ескертеді:

«Егер осыны бір адамға айтар болсаң, басыңды аламын» - дейді.

Ертесі күні Құтайба атты әскер мен садақшылардан құралған 20 (жиырма) мың қолды алдына салып беріп інісі Абдуррахманды аттандырады. Артынан өзі де қалған әскерін жиып, інісіне қосылады. Хорезм мен Бұхарадан әскерлер келіп, Құтайбаның қатарына қосылады. Самарқанд қаласын қоршайды.

Самарқанд халқына көршілес қалалардан көмекке әскер жіберілуі

Самарқанд жұртшылығы бір ай бойы тойтарыс береді. Қоршаудың ұзаққа созыларын түсінген олар Шаш, Хақан, Ферғана және Ахшад қалаларына хат жолдап, көмекке әскер шақырады. Олар хат жетісімен қол жиып, түн ішінде артқы шептен шабуылдауды жоспарлайды. Алайда, Құтайбаның жансыздары олардың жоспарларын жеткізіп үлгереді. Құтайба дереу бауыры Салихты мықты-мықты алты жүз атты сарбазбен бірге, көмекке келе жатқан түркі әскерлерінің жолын кесуі үшін аттандырады. Түрік жасағын жолда күтуді ойлаған Салих әскерін үш топқа бөліп үш жерге жасырып қояды. Қараңғы батып, түн болғанда көмекке келе жатқан түрік әскерлері тасада тұрған Салихтың әскерлерінің шабуылына ұшырайды. Ақыры шайқас Салихтың пайдасына шешіліп, көмекке келе жатқан түркі әскерлерінің азы ғана құтылып, көбі қаза табады. Көмекке келуші әскерлердің жеңілгендігін естіген Самарқанд тұрғындарының еңсесі түсіп кетеді.

Самарқанд қаласының әміршісі Ғаузактың Құтайбаға айтқаны

Құтайба Самарқанд қаласына жақындайды. Қаланы тас атарлармен атқылай бастайды. Екі жақ та қан майданда жан алысып, жан беріседі. Құтайбаның әскерлерінің қатарында Бұхара мен Хорезмнен әкелінген әскерлер де бар болатын. Олар да барын салып шайқасып жатты.

Құтайба әскерлерінің қатарында түркі әскерлерінің барын көрген Самарқанд қаласының әміршісі Ғаузак (Гүрек) Құтайбаға хат жолдайды:

- «Неге менімен шайқасқа бауырларымды салып жатсың. Маған арабтарды жібер!» - деп жазып жібереді.

Ғаузактың сөзі Құтайбаның шамына тиеді. Сөйтеді де әскербасшыларына ұлты араб болмаған әскерлердің бәрін қатардан шығарып, соғысқа қатыстырмауын бұйырады. Сөйтіп кілең араб ұлтты әскерлерден құралған мықты қол құрып, қалаға қарай өзі бастап барады. Қала қорғанын тас атарлармен атқылайды. Қорғанның бір шеті тесіледі. Алайда, Самарқанд халқы оны тары салынған қаптармен бітеп тастайды.

Сол мезетте Самарқандтық бір адам қорғанның төбесіне шығып, Құтайбаны балағаттап, келеке-мазақ қылады. Қолбасшысын мазақ қылып тұрған адамды мергеншілердің бірі садақпен атады. Оқ оның көзіне тиіп, шүйдесінен бірақ шығады. Құтайба мерген садақшыға риза болып, он мың алтын (немесе күміс) ақша сыйақы береді. Кеш батып, түн болады.

Самарқанд қаласының алынуы және бітімгершілік келісімі

Таң ата Құтайба әскерлеріне шындап кірісулерін әмір етеді. Әскерлері тас атарлармен қайта атқылай бастайды. Соның салдарынан қорғанда кетік пайда болады. Құтайба өз әскерлеріне қорғанда пайда болған кетікке жетулерін әмір етеді. Мұсылман әскерлері Самарқандтық әскерлерімен шайқаса отырып, тесікке қарай жылжиды. Ақыры қорғанда пайда болған тесікке де жетеді. Қорғанда пайда болған кетікке мұсылман әскерлері өрмелеп шығады. Оларды қала тұрғындары садақпен атқылайды. Алайда, Құтайбаның әскерлері қалқанмен жүздерін қалқалап алып, табандап, шегінбей тұрып алады.

Ақыры, не керек, Самарқандтықтар Құтайбаға хат жолдайды.

Хатта:

- «Бүгін кері шегін. Ертең бейбіт келісім жасасайық» - деген ұсыныс жазулы еді. Құтайба әскерлерін кері алады.

Ертесі күні Самарқандтықтар Құтайба ибн Муслиммен келісімге отырады. Екі жақты келісім бойынша Самарқандтықтар:

  • Жыл сайын (халифаға) екі миллион жүз мың ақша салық төлеп тұруға,
  • Осы жылы, арасында бала, қарт, әйел жоқ кілең жігіттерден тұратын 30 (отыз) мың құл беруге,
  • Пұтханалар мен Зәрдүш ғибадатханаларындағы алтындарды алуға,
  • Және Самарқанд қаласында соғылатын мешіттің құрылысы біткенше әрі Құтайба мешітте құтба оқып, түскі асын ішіп, қайта шыққанша, қаланы босатуға міндеттелді.

Мешіт құрылысы аяқталып, мешіт мінбері тұрғызылғаннан кейін, Құтайба 4 мың әскермен қаланың ішіне кіреді. Мешітте намаз оқып, мінбеде құтпа оқиды және түскі асын ішеді.

Құтайба ибн Муслимнің қаладағы пұттарды өртеуі

Құтайба Самарқанд қаласындағы пұттардың мүсінін жинатқызып, бәрін өртейді. Пұттардың арасында көнеден бері қалған үлкен бір пұт бар екен. Жергілікті Зәрдүш дінінің дін басылары ол пұтқа тимеуін, кім оны өртесе өліп кететіндігін айтып ескертеді. Самарқанд қаласының әміршісі Ғаузак та Құтайбадан ол пұтқа тимеуін сұрайды. Алайда Кутайба «мен оны өз қолыммен өртеймін» дейді де, қолына алауды алып «Алла ұлық, Алла ұлық» деген тәкбір сөздерін ұрандап пұтқа қарай беттейді. «Бәрімізді құртады» деген пұтқа барып, алауды лақтырады. Пұт жанып, күл болады. Пұт жанып болғаннан кейін қараса, пұттың іші толған алтын екен. Пұттың ішінде сақтаулы алтынның салмағы 50 (елу) мың мискалға тең еді (шамамен 250 килограмм алтын).

Кейін Құтайба Самарқанд халқын жиіп, оларға тіл қатады:

- «Мен сендерден келісімшартта көрсетілгеннен басқасын талап етпеймін. Бірақ, біздің тараптан әскерлеріміз осында қалулары тиіс» - деп айтады.

Самарқанд қаласының әміршісі Ғаузак ханнан қаланы тастап кетуін талап етеді. Ғаузак хан қаладан кетеді. Ғаузак қаланы тастап бара жатқанда Құтайба мына бір Құран аятын оқыған екен: «Шынында Ол (Алла) Ғад елін жоқ етті. Сондай-ақ, Самуд халқын да қалдырмады». («Нәжм» сүресі, 50,51 аяттар).

Кейін Құтайба Мерв қаласына аттанады. Самарқанд қаласына өзінің інілерінің бірі Абдулланы әмірші қылып тағайындап кетеді1.


1 Пайдаланған әдебиеттер: Ибн Кәсир: «әл-Бидая уән Ниһәя»; Ибн Әсир: «Кәмил фит тәрих». Араб тілінде.

0 пікір