Хадистерді жазған алғашқы сахаба
Хадистерді жазған алғашқы сахаба
8 жыл бұрын 5888
Бақ БЕР

Амр ибн Астың әкесі сұңғыла саясаткер еді. Бірақ ол әкесінен бұрын иман етіп, мұсылмандар қатарына қосылды. Алғаш рет хадистерді қағазға түсіріп, Расулалланың мүбәрак сөздерінің кейінгілерге жетуі үшін тер төкті. Намазға, оразаға және Құранға деген махаббаты ерекше еді.

Сахабаларымыз Бақытты ғасырда Ислам дінін тарату үшін тек күресіп қоймай, осы ұлық діннің маңызды қайнар көзі болып табылатын хадис пен сүннеттің болашақ ұрпаққа жетуінде де маңызды рөл ойнады. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) барлық іс-әрекетін мұқият бақылап, қағазға түсірген осы бір қадірлі жандар Құран мен сүннетке сай өмір сүрді. Сөйтіп мұсылман өміріндегі сүннеттің белсенділігін арттырды. Осы салада үлкен еңбек еткен кісілердің бірі – Абдуллаһ ибн Амр ибн Ас.

Лақап аты Әбу Мұхаммед. Абдуллаһ ибн Амр ибн Астың туылған уақыты нақты белгілі емес. Бірақ хижреттен жеті жыл бұрын Меккеде туылса керек. Меккенің сұңғыла саясаткерлерінің бірі Амр ибн Астың ұлы хазірет Абдуллаһ жастайынан жақсы білім алады. Әдемі жазғандығы айтылады. Араб тілімен қатар иврит және сирия тілдерін меңгерген. Сөйтіп өсе келе Тәурат пен Інжілді де оқып, Құранмен салыстырып көреді. Тіпті бұл кітаптарда хазірет Мұхаммедтің (с.а.у.) пайғамбарлығын қуана хабарлайтын аяттарды анықтады.

Әкесі Амр ибн Астан бұрын мұсылман болған хазірет Абдуллаһ хижреттің жетінші жылы Мәдинаға көшеді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) оның «Ас» деген есімін осы кезеңде Абдуллаһ деп өзгертеді. Жасы кіші болуы себепті қатыса алмаған Бәдір мен Ұхыд соғысынан өзге барлық соғыстарда Пайғамбарымыздың жанынан табылды.  Қатысқан соғыстар жайлы кең мәлімет жоқ, дегенмен кейбір хадистерден оның соғысқа қатысатын әскерлерді дайындау секілді міндеті болғандығы байқалады.

Расулалла (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) бақиға аттанғаннан кейін хазірет Абдуллаһ қатысқан ең айтулы шайқастың бірі –  Ярмук шайқасы. Шамды азат еткен әрі Ярмук соғысында қолбасшылық жасаған әкесі Амр ибн Аспен бірге осы шайқасқа қатысып, айтарлықтай жетістіктерге жеткен.

Хазірет Абдуллаһ аз уақытқа болса да кейбір басшылық міндеттерді атқарған. Хазірет Мұғауия уақытында Куфаға, әкесі қайтыс болғаннан кейін Мысыр әкімдігіне тағайындалады. Бірақ осы екі міндеті де ұзаққа бармайды.

 

Алғашқы хадис кітабын жазды

Абдуллаһ ибн Амр ибн Ас Ислам тарихында ғылымға деген қызығушылығы әрі Пайғамбарымыздан риуаят еткен хадистері себепті өзгеше маңызға ие. Өзі Расулаллаға жақын болғандықтан, көп мөлшерде хадис үйренген. Естіген хадистерін жаттағанына қарамастан, болашақта ұмытып қалмау үшін оларды жазуға рұқсат сұрайды. Рұқсат алғаннан кейін көптеген хадис шәріптерді қағазға түсірген. Кейіннен жазғандарын жинап, кітап күйіне келтірген. Сөйтіп алғашқы хадис кітабын жазған кісі ретінде білінген. Бұл жинағының аты «Сахифа садықа» (шынайы жазба) болған. Хазірет Абдулла жазуларын сақтауда өте мұқияттылық танытқан. Өзіне қойылған сұрақтарға жауап бермей тұрып, қажет деп тапқан уақыттарда осы кітапқа қарап жауаптар беретін.

Сахабалар арасында ең көп хадис риуаят еткен Әбу Хұрайраның мына сөзі оның хадис ілімі тұрғысынан маңызын білдіреді: «Абдуллаһ ибн Амр ибн Астың айтқандарын қоспасақ, сахабалар арасында менен көп хадис риуаят еткен ешкім жоқ. Абдуллаһ жазатын, мен жазбаушы едім».

Абдуллаһ ибн Амр ибн Ас тіке Расулалладан (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) хадис риуаят еткені секілді хазірет Омар, Абдуррахман ибн Ауф, Муаз ибн Жәбал, Әбу Дарда секілді бірқатар маңызды кісілерден де хадис жеткізген. Бұдан бөлек, одан ілім үйрену үшін алыс жерлерден келетіндер болатын. Дәрісіне қатысатындар саны мейлінше көп еді. Хазірет Абдуллаһтың риуаят еткен хадис саны 700 шамасында. Ол бұған қоса Құран кәрімді толықтай жаттаған хафыздардың бірі.

 

Күн сайын ораза ұстап, хатым түсіретін

Абдуллаһ ибн Амр ибн Ас – хадис ілімімен шұғылданымен қатар өмірін құлшылықпен етене өткізген жанның бірі. Тіпті оны намаз бен оразаға ғашық кісі деп атауға болады. Осы себепті үйленгенде, бірнеше күн қалыңдығынан өзін алыс ұстаған. Құлшылыққа құлай берілгені соншалықты, өмірі жеткенінше күн сайын ораза ұстап, түндерін намазбен өткізуге Аллаға серт берген. Осы сертпен күндізгі уақыттарда ораза ұстап, түнімен ұйықтамай құлшылық жасай бастайды.

Оның бұл жағдайы туралы Расулаллаға (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) хабар берілгенде, оған мынандай кеңес айтады: «Бұлай істеме! Кей күндері ораза ұста, кей күндері ауыз аш, ауыз бекітпе! Түннің бір уақытында ұйықта, бір уақытында намаз оқы! Өйткені мына тәннің де сенде ақысы бар, көзіңнің де ақысы бар, әйеліңнің де ақысы бар, көршіңнің де сенде ақысы бар. Солардың алдындағы міндеттердің барлығын орындап, әр айда үш күн ораза ұстауың саған жеткілікті. Әр жасалған жақсылыққа он есе жақсылықпен қайтарым берілетініне қарағанда, әр айдағы үш күндік ораза жыл бойы оразаға тең».

Хазірет Абдуллаһ бұны естігенде: «Уа, расулалла! Бұдан да көп құлшылық жасауға шамам келеді» дейді. Сонда Расулалла оған былай деп қарсылық танытады әрі кейінгі үмбетіне өлшем айтады: «Ендеше, Дәуіт алайһиссаламның оразасы секілді ораза ұста, одан көп ұстама. Бауырым Дәуіт бір күн ораза ұстап, бір күн ұстамайтын».

Бір риуаят бойынша, Абдуллаһ ибн Амр ибн Ас Аллаға серт бергендіктен, өмірінің соңына дейін күн сайын ораза ұстап, түннің бір уағына дейін ұйықтамай құлшылық жасаған. Қартайып, бұрынғыдай емес қауқары қайтқанда, «Қап, Расулалланың жеңілдеткеніне келісуім керек еді» деген.

Хазірет Абдулла бұған қоса Құранға ғашық жан еді. Әр түні хатым түсіретін. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) ескертуімен үш күнде бір хатым түсіруге көнеді. Ол кісінің тағы бір ерекшелігі, түнгі уақыттарда терең ойға беріліп, көңілі босап, көзі жасқа малшынатын. Көп жылағанынан ба, басқа да себебі бар ма, әйтеуір, өмірінің соңына қарай көздері көрмей қалған.

Бұл ірі ғалым сахабаның қайтыс болған орны мен мерзімі жайлы түрлі риуаяттар бар. Дегенмен хижри 65 жылы 72 жаста Мысырда өмір озған көрінеді.

3 пікір
  • МәшәАлла жақсы мәлімет. Сахаба Абдулла ибн Амр ибн Ас- алғашқы хадисті қағазға түсіруші ғана емес, сонымен қатар алғашқы дінтанушы да екен (религовед). Онысын Таурат пен Інжілді зерттегеніне қарап айтып отырмын.
    8 жыл бұрын
  • Ма шаа Аллаh.
    8 жыл бұрын
  • Маа шаа Аллах, Аллах разы болсын! Тагы баска да сахабалардын омиринде болган окигаларымен бирге жазсаныздар екен.
    8 жыл бұрын