Әзіреті Әлидің немересі Зәйнул Абидиннің жасырын жақсылықтары
Әзіреті Әлидің немересі Зәйнул Абидиннің жасырын жақсылықтары
23 күн бұрын 2440

Мединелік ұлы табиғин дін ғұлама, әулиелердің бірі Әзіреті Әлидің немересі – Али ибн Хусейн ибн Әли ибн Әбу Толиб (Радияллаһу анһум – Алла олардан разы болсын). Оның аса діндарлығы мен тақуалығына әрі көп ғибадат етуімен қоса, өте қарапайым өмір кешкеніне орай халық «Зәйнуль Абидин» деген лақап ат берген (Зәйн – әшекей, абидин (абидун) – ғибадат етушілер). Тирихта ешкім «Зәйнуль Абидин» деген лақап ат алмаған екен. Имам Мәлик аталмыш табиғинның ғибадаты жайында былай дейді: «Шынында Әли ибн Хусейн, күндіз-түні мың рәкәғат намаз оқитын және мұнысын өлелгенше үзбеді». Зәйнуль Абидин хақты хақ, жалғанды жалған деп үнемі әділеттілік пен ақиқаттың жанында болды. Бүгінгі жазбамызда ардақты табиғиннің жомарттығы жөнін айтуды жөн көріп отырмыз, анығырақ айтқанда оның кедей-кепшікке жасырын түрде азық тарқататыны жөнін әңгімелейміз.

Имам Асфаһанидің «Хулятуль Әулия» атты кітабында, Зәйнуль Абидиннің кедейлерге жасаған жақсылықтары жайында сөз еткен. Ол түнде бір қапқа нан салып алып, қапты арқалап жүріп, жейтін наны жоқ, талғажау таппай отырған кедей-кепшіктердің үйлеріне таратып шығады екен. Бірақ бір ерекшелігі - ұлы табиғиннің ол жақсылығын ешкім көрмейтін болған. Жақсылықты жасырын жасайтын болған.  Ол үнемі:

«Жасырын садақа – Құдіреті күшті Құдай ашуын өшіреді» дейді екен.

Жасаған жақсылықтарын жасыратыны соншалықты кей адамдар ол кісіні ешкімге ештеңе бермейтін "сараң" деп ойлайды екен. Бұған қатысты Шәйбә ибн Нәъәмә деген хадисші былай дейді:

«Али ибн Хусейнді сараң дегендер болды. Алайда ол қайтыс болған кезде, оның жүз Мединелік отбасыны азықпен қамтамасыз етіп жүргендігі белгілі болды».

Қарап тұрсаңыз, ел-жұрт сараң дейтіндей дәрежеде жасаған жақсылықтарын бәрінен жасырын ұстаған екен.

Жәрир:

«Зәйнуль Абидин қайтыс болған кезде, оның арқасында міскіндерге тамақ арқалап жүрген қаптың ізі бар еді» - деген.

Амр ибн Сәбит Зәйнул Абидиннің ол ерекшелігін былай тілге алады:

«Али ибн Хусейн (Зәйнуль Әбидин) қайтыс болғанда, оны жуындырған сүйекшілер арқасындағы қара ізді көреді. Кейін олар «Бұл не?» деп таңырқай сұрасты . Сонда оларға: «Ол арқасына ұн арқалап жүріп, түнде Мединелік пақырларға ұн тарататын болған» десті білетіндер».

Тіпті азық таратылатын көп жанұя азықтың кімнен келгендігін де білмейтін еді. Бұл жайында Мұхаммед ибн Исхақ былай әңгімелейді:

«Мединелік кедей кісілер ішім-жемдерінің қайдан келіп жатқандарын білмейтін еді. Қалайша Али ибн Хусейн қайтыс болды, солай олардың күнделікті түнде келіп тұратын азықтары тоқтады».

Ибн Минһәл ат-Таии былай деген:

«Егер Али ибн Хусейн қайыр сұраушыға садақа берер болса, алдымен оны сүйіп, одан кейін садақасын беретін» - дейді ол[1].

Байқасаңыздар, Зәйнуль Абидин - Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Оң қолың берген садақаны, сол қолың көрмесін» деген ұлағатты өсиетінің тірі мысалы іспетті. Әрине, садақа жасырын да, жария да берілуі мүмкін. Бастысы, ниет – Алла ризалығы болуы керек. Алла ризалығы үшін жария түрде садақа беріп жатқандардың сауабы құр кетпесі анық. Алла Тағала Құран Кәрімде жария берілген садақаны да жақсы көретіндігін былай деп білдірген: «Егер садақаларды көрсетіп берсеңдер, қандай жақсы...»[2]. Дейтұрғанмен, жасырын берудің одан да жақсы екендігін айтқан: «Ал егер оны пақырларға жасырып берсеңдер, ол сендер үшін – қайырлырақ болады. Және Алла Тағала жамандықтарыңнан (кейбірін) өшіреді. Алла Тағала сендердің не істегендеріңнен хабардар!»[3].

Осы аят негізінде Зәйнуль Абидин сынды әулие кісілер, өздерінің жасаған жақсылықтарының жария болудан гөрі, жасырын қалуын жақсы көретін. Радияллаһу анһ!

Әнуар Самат


[1] Хафиз Әбу Наъим әл-Асбаһәни: «Хулятуль Әулия». 1/472 бет.
[2] Құран Кәрім: «Бақара» сүресі, 271 аят.
[3] Құран Кәрім: «Бақара» сүресі, 271 аят.

0 пікір