Ақмола өңірінде өмір сүрген Абылқан молда
Ақмола өңірінде өмір сүрген Абылқан молда
7 жыл бұрын 3965
Сәдуақас ҒЫЛМАНИ

Қазақ жерінен небір дін ғұламалары, үлкен ғалымдар өткен. Олардың есімдерін Ресей патшалығына қараған 300 жыл халық санасынан әбден ұмыттырды. Дегенмен жазбаларда қалған сол дін қайраткерлерімен оқырмандарымыз таныс болсын деп белгілі ғалым, хадисші, ақын, ел ішінде Сәкен қалпе атанған Сәдуақас Ғылманидың "Заманамызда болған ғұламалардың ғұмыр тарихтары" атты кітабынан белгілі тұлғаларымызды порталымызда тұрақты түрде беріп отыруды ұйғардық.

Бұл Абылқан атасы Тайжан Мейірман немересі Болтай байдың ұрпағы Баспан деген таптан тарайды. Ол тышқан жылында 1887 жылы Ереймен ішінде туған адам.  Ақтамақ Халпе де, біз оқуға барғанда, ол марқұм да барып, бізбен сабақтас болып (илм-и сарф), «Биданнан» бастадық. Бізбен осы «Биданды» бастағанда шерік болып, оқушылар саны 24 шәкірт болды. Соның ішінде осы Абылқан, Ғаббас, Бейіс, Құлбек, Абдырахи, Әлі дегендер болды. Үш-төрт жылдар бірлесіп оқыдық. Наху, мантық, ақайыдтарда бірге болдық.

Зейіні өткір болмаса да, ынта-ықыласы өте күшті болды. Сабағын біз қатарлы біле алмай қалса, жылап жіберетін еді. Сарф-И-лалдарын оқығанда, тоқталмай оқып кетсе, жақсы оқып шығатын, бөгеліп қалса, оқуы аузына түспей тұтығып қалып, қатты қиналатын еді. Бейіс марқұммен екеуі қатты ойнайтын еді. Кейде Бейіс оның әлгіндей сабағында тұтығып қалғанын еліктеп, өзіндей қылып мазақ қылса, ұстаздың алдында отырып, қатты жылап жіберетін еді. Ақайыд оқып жүргенде, атасынынң зорлауы болды ма, болмаса өзі тіледі ме, оқудан шығып молдалық қылып кетті. Өзіміздің елдің Ақмола жағында Алакөл деген жерде оқытып жүрді. Тағы да басқа жерлерде де болды. Бірақ оқуды тәртіп бойынша бітіріп алайын деп оқуға бара алмады. Үйленіп, балалары болса да, артында баласы қалмады.

1932 жылы белгілі ауырлық болған жылдары бір жерде азырақ бидай алып үйіне қайтып бара жатқанда, аш-арықтар бидайын тартып алып, өлтіріп кетіпті. Өлгенде жас шамасы, Аллаһу ағлам, қырық бесте болар. Алла рахметінде қылсын!

 

0 пікір