Ағыбай батыр Кенесарыны қырғыздардан неге құтқармады?
Ағыбай батыр Кенесарыны қырғыздардан неге құтқармады?
7 жыл бұрын 26455
Марфуға ШАПИЯН

Қазақтың соңғы ханы Кенесарының жанына еріп, тәуелсіздік жолында аяусыз күрескен батырлар көп еді. Олардың ішінде ерліктері ел аузында сақталып, тарихи жырларға қосылып отырған Ағыбай, Бұқарбай, Иман, Шәкір, Жауке, Төлебай, Жанайдар, Бұғыбай батырлар бар. Ал солардың арасында Кенесарының оң қолы, Наурызбай (Науан) батырға ақылшы болған, есімі ұранға айналған, шұбыртпалы руынан шыққан Ағыбай батырдың орны ерекше болатын.

 Бірақ Ағыбай батыр Кенесары қырғыздардың қолына түскенде ханның інісі Наурызбайды жалғыз жіберіп, өзі қалған әскермен жау қоршауын бұзып шығып кетеді. “Батыр мұндай қадамға неге барды?” деген сұрақ қай-қайсымызды болса да мазалары анық. Ендеше, жауапты да бірге іздеп көрелік.

 

Анадан алып туған Ағыбай батыр

Ағыбай батыр – Бөгенбайдың (Шұбыртпалы руы) бесінші ұлы Қоңырбайдың баласы. Жайық Бектұров батырды 1793 жылы дүниеге келді десе, кей деректер 1802 жылды көрсетеді. Балтабай Адамбаевтың жазуынша: “Ағыбайдың әкесі Қоңырбай – кедей, момын шаруа, шешесі Қойсана адуын әйел екен. Қоңырбай ерте өліп, Қойсана Ағыбай, Танабай, Манабай, Мыңбай есімді төрт жас баламен жесір қалады. Кедейлікке жетім-жесірлік қосылып, Қоңырбайдың бала-шағасы қатты таршылық көрген. Алайда адуын ана екінші рет ерге шығып, әлдекімнің қолына қарамаған, балаларын маңдайына шерткізбей, жасытпай, өзі секілді өжет қып өсірген”.

Талай соғыста батырдың жанында бірге болған Мыңбай ақсақалдың айтуынша, Ағыбайдың анасы қарулы адам болыпты: “Қандай мықты жігіттерді екі қолынан ұстап, қозғалтпайды екен. Байы өлгеннен кейін Ағыбай екеуі қалған. Бір түйе, бір үлкен зор күрең аты бар. Күрең ат басқа адамдарды маңайына жолатпайды. Алдына келсе аузын ашып, тістеймін деп ұмтылады. Артынан келсе, тебеді. Жалғыз-ақ бәйбіше мен Ағыбайға ұстатады”. Дәл осы тұлпарға бәйбішенің жайдақ мініп кете бергенін көрген Қасым төре ол туралы: “Еркек болса, дұшпаннан кек алып берер еді” дейді екен.

Осы деректер батырдың шыққан тегінің де, нағашы жұртының да осал еместігін көрсетеді. Қазақтың “Алып анадан туады” деген сөзінің бір дәлелі осы Ағыбай батыр болса керек.

 

Ағыбайды Кенесарының жанына Қасым төренің өзі қосқан

Тарихи деректер Ағыбай батырдың қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы күреске ерте араласқанын айғақтайды. Ол 1824-1826 жылдары патша үкіметі орыс шаруаларына жерін тартып алып берген Қарқаралы округі қазақтарының көтерілісін басқарған. Ал 1832 жылы Кенесарының ағалары Есенгелді мен Саржан батырлар бастаған көтерілістің бел ортасында жүрген. Бұл жөнінде академик Серік Қирабаев: “Ол Саржан мен Есенгелдінің Қоқан хандығы мен Россия империясына қарсы бірігіп күресу үшін жүргізген келіссөзінің ішінде болған. Қазақ хандарының батыр ұрпақтарының ел тәуелсіздігі жолындағы күресінен сескенген, өздері билеп отырған оңтүстік қазақтарынан айырылып қалу қаупінен секем алған қоқандықтар қазақ өкілдерін Ташкенде қырып салғанда, солардың ішінен тек Ағыбай мен Ержан ғана аман құтылған. Мұнан кейін Ағыбай Кенесары бастаған халықтың ұлт-азаттық көтерілісіне басынан аяғына дейін қатысып, неше қилы ерлік күрестерді бастан кешкен”, - деп жазады.

Енді бір аңыздар Кенесарының жанына Ағыбай батырды қосып берген Қасымның өзі дейді. Бірде Қасым қасына ерген сарбаздарын сайысқа шығарып сынағанда Ағыбай батыр Кенені жеңіп кетеді. Содан Қасым оны батыр ұлының жанына қосады. Әрі екеуі құрдас.

Ағыбай батырдың атағы аспандаған тұс та осы Кенесары көтерілісі заманында орын алады. Жырларда :

Ертеде болған екен ер Ағыбай,

Ол кезде ер болмапты Ағыбайдай.

Кешегі Кенесары заманында

Ерлігін көрсетіпті елге талай.

Астында бусандырып мінген атын,

Тастамай батырлықтың салтанатын, - делінсе, енді бірінде:

Атақты Ер Ағыбай Шұбыртпалы,

Екеу ме, сол күндегі ердің жаны?

Ағыбай, Қошқарбай мен ер Бұқарбай –

Атақты батыры сол Кене ханның.

Мал үшін бұлар сайран құрған емес,

Салғаны жанды ортаға елдің қамы, - деп, Кенесары батырларының ерлігі әспеттеледі. Халық арасына әсіресе, Нысанбай жыраудың “Кенесары - Наурызбай” дастаны кең тараған.

  

Ағыбай атының ұранға айналуы

Бір күні Кенесары ордасында батыр, билер бас қосып, біздің заманымызда асқан батыр кім деген әңгіме болып, “Ағыбайдан асқан ер жоқ” деп, Кенесары өзі бас болып, барлығы да Ағыбайды мақтай беріпті.

Осы әңгімені әлі атқа мініп жорыққа араласпаған 15 жасар Наурызбай босағада түсі бұзылып, сұп-сұр болып тыңдап отырыпты. Сол түні Ағыбай жылқыны қарауылдауға кетіпті. Ай көтеріліп, түн ортасы ауған кезде жарық ай сәулесінің астымен ақ боз атқа мінген біреу ағызып келіп, Ағыбайға тап береді. Ағыбай көп уақыттан соң есін жияды. Аты жанында тұр. Найзасы жоқ. “Жылқыны түгел айдап кетті ғой” деп түгендесе, бәрі де аман. Өмірі жаудан беті қайтпаған Ағыбай намыстанып, қатты жүдеп үйіне келсе, найзасы өз үйінің алдында шаншулы тұр.

Кенесарыға айтса да ұят, айпаса да ұят. Ордада түсі қашып, еңсесі түсіп отырғанын Кенесары көріп: “Батырым, сырқат емеспісің, өңің келіспейді ғой”, - дегенде, Ағыбай өзінің түнде басынан кешкенін айтады: “Жын ба, пері ме, не екенін білмеймін, бұл жүдетерлік қылық емес пе?” – дейді. Сонда Кенесары саспастан, жайыменен отырып: “Ойнап жүрген біздің Науан шығар”, - деген екен. Ел аузындағы осы аңыздан Науанның да қандай батыр болғанын аңғаруға болады.  

Кейін Кенесары інісі – Наурызбай 16 жасқа келген соң, 8 қанат орда тігіп, отау үйге шығарады. Ағыбайды шақырып: “Науанжанға 40 жігіт бөлдім, басы-қасына сені бердім. Сені Құдайға тапсырдым, Науанды саған тапсырдым”, - деп, інісін батырға тапсырады.

Бұл тапсырысында да ерекше мән болса керек. Өйткені Ағыбай қара күштің ғана емес, үлкен ақыл-ойдың да иесі еді.  

Осыдан соң Наурызбай: “Ағеке, Кіші жүздің Алшын елінде жігіт сынайтын қария бар дейді, мені соған апарып сынат”, - дейді. Бұл Абыз деген көп жасаған адам екен, оны Кенесары батыр да біледі екен. Қасына жолдас алып, Наурызбай мен батыр соған барады. Барса, қария мамық төсекте жатыр екен. Бұлар сәлемдескен соң бүркеніп жатып қалады. Жағын торғынмен таңып қойыпты. Өйтпесе, иегі төмен түсіп кетіп сөйлей алмайды екен. Бұлар қонып шығады, ертеңіне түске дейін, одан соң бесінге дейін қария тұрмайды. Ағыбай батыр: “Науанжан, бұл кісі сені сынамайтын болды, қайтайық”, - деді. Наурызбай: “Жоқ, бұл кісі ажалың ертең кешке десе де, сынатпай кетпеймін”, - деп отырып алады.

Бұл сөзді естіп жатқан қария басын көтеріп: “Жол болсын, балалар!” – дейді. Сонда Ағыбай батыр тұрып: “Қария, мына бала Қасымның кенжесі, Кене ханның інісі Наурызбай деген “Сізге көрінемін”, - деп келіп еді. Балаға не айтасыз? Мен Шұбыртпалы Ағыбай деген боламын, шаруа осы”, - дейді. Сол кезде Абыз: “Я, Ағыбайым, сенің ұраның артыңда қалады, өз ұраныңды өзің естірсің. Бағыңның тобы желкеңде екен. Наурызбай, менің жасым 120-ға келіп отыр, осы жастың ішінде сенен артық ер көрмедім. Үш нәрсенің сырттаны бар еді: иттің, қасқырдың, жігіттің. Сен жігіттің сырттаны екенсің”, - дейді.

Кенесары заманының қос батырына бұдан артық берілген баға болмаса керек-ті. Қария айтса айтқанындай, Ағыбайдың аты әскердің ұранына айналды. “Қол жауға “Ағыбайлап” тисе, Ағыбай “А, Құдайлап” шабады екен” дейді деректер. Көзкөргендер де Ағыбай қатысқан соғыста Кенесары әскерінің жеңілген кезі сирек болғанын айтады.

 

 Хан Кене батырды “Көсе” деп атаған

Белгілі ғалым Есмағамбет Ысмайылов “Ағыбай” деп аталатын зерттеу еңбегінде: “Ағыбай туралы басқа да толып жатқан ертегі, әңгімелер көп. Ондай әңгімелерде Ағыбайды аю, жолбарысқа кездестіреді, қалмақпен соғыстырады, бәрінде де Ағыбайды ер етіп әңгімелейді. Мұндай ертектердің бәрінде Ағыбайдың ерлігі, батырлығы, тарихи жыр шеңберінен асып, аңызды әңгімеге, ертегі сарынымен бейнеленіп отырады. Кенесары батырларының ішінде ел қиялы көбірек әлпештеп, ардақтап айтқан Наурызбай мен Ағыбай. Ағыбай туралы әңгімелердің қандайы болсын, Кенесары – Наурызбай заманының тарихи күрес бейнесін айқын елестетіп отырады”, - дейді.

 Аты аңызға айналған батырдыбірге жүрген жолдасы Мыңбай Шыңбайұлы: “Ағыбай көселеу, селдір сақалды, ұзын бойлы, шүңірек көзді, зор иықты, қолдарының толарсағы, қолдарын бауырына игенде, бөлек бір тұтам шығып тұрады. Тоғыз қазықтан, білезіктен істеген найза, оның түбінде құлаш жарым шыжым қайыс бар. Қоланың үйегінен таққан, төсіне, екі өкпесіне, арқасына ұстайтын шарайнасы бар. Жанында қылыш һәм наркескен пышағы болады”, - деп суреттейді.

Кенесары оны селдір сақалына қарап әрі жақын тұтып “Көсе” десе, енді бірде тек жеңіс әкелетін батырлығын әспеттеп “ақ жолым” дейді екен. Кей деректерде Ағыбайдың батырлығынан ханның сескенгені де айтылады. Халық аңыздарының бірінде жұрт жауға “Ағыбайлап” шапқанда, хан “Тегінде, Көсе – сақтанарлық адам”, - депті деседі.

 

Ағыбай батырдың ақыл-парасаты

Ағыбай көзсіз батыр ғана емес, айлалы, ақылды, тапқыр, айлакер, сабырлы адам болған. Тым қантөгіске бармай, ел мен елді бітістіруге құлшынған. Даңғойлық оған жат. Ұзақ жасаған қарт батыр кейін ел ішінің дау-дамайына араласып билік айтқан. Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен. Ағыбай батырдың ықпалымен ұрлығын қойған баукеспелер де болған. Зерттеушілер Ағыбай батырдың даналығының Әлихан Бөкейхан қойған үш сұраққа берген жауабынан да көрініп тұрғанын айтады.

Ал Ақмола қаласына бекінген Николай патшаның жандайшаптарына қарсы соғыста: “Осы қаланы, мына сарттар мен казак-орыстың шапандарын киіп алып, май жағып, от тұтатып, үйлердің үстіне тастайық. Содан қала өртенеді. Қаладағы қамалдағылар еріксіз шығады, оларды сонда жосытармыз”, - деп тапқырлық танытқан да осы Ағыбай батыр еді.

Бірақ осындай үлкен ерліктері бола тұра батырдың өзіне көңілі тек бірнеше жағдайда ғана толыпты. Оны Өмір Кәріпұлы былай әңгімелейді:  

“Өзіме үш рет көңілім толды. Бірде жалғыз жолға шықтым. Айсыз қараңғыда бір құбыжық алдымды бөгеді. Тайдың үлкендігіндей көкжал соңымнан қалмай қойды. Таң атты. “Мынау бір адам жейтін қорқау екен. Біреуді жазым етер. Шайқасып көрейін”, - деп, атты бұтқа салып жіберіп, қарсы ұмтылып едім, атым қан сиіп жіберді. Қасқырдың беті қайтпады. “Келсең, кел”, - деп шөкелеп қарсы алдымда жатып алды. Атты тастай беріп, жаяу ұмтылдым. Атылып бергенде, шоқпар сілтеп едім, қасқыр сұлап түсті. Миы ойылып кеткен екен.

Қалың қолмен еру боп жатқамыз. Қатты ұйқыдан ояна келсем, білектей жылан білегіме оралып-ақ қалыпты. Жан дәрменде екі бөліп лақтырып жіберіп, жылан уын төккен білегімнің бір жапырақ етін қанжармен ойып алып, құрым киіз күйдіріп бастым. Уы бойыма тарамай, аман қалдым.

Соңғы ерлігін батыр былайша баяндапты. “Қырғыздармен шайқаста Ағыбай мен Бұқарбайдың қолы жау шебін бұзып, өтпекке барын салады. Бір қылтадан өтейін десе, алды – ор, арты – қаптаған жау. Қыспақта қалған бес жүз сарбаз күн батқанша қарсыласады. Шөл қысқан жігіттерден әл кете бастайды. Сонда Ағыбай мен Бұқарбай тізе қосып қимылдап, бір ордан жігіттерді арқалап алып шықса, екінші орға тіреледі, әлсіреген жігіттерді иыққа салып, ор жиегіне шығарады. “Енді құтылдық па?” дегенде, екінші орға тіреледі. Одан да Ағыбай мен Бұғыбай құтарады сарбаздарды. Үшінші орға тірелгенде, Бұқарбайдан әл кетеді. Ағыбай жалғыз кіріседі. Үш қатар ордан жүз елу жігітті құтқарып, арғы бетке алып шығады. Сонда өзіме көңілім бір толды”.

Ал филолог ғалым Жанғара Дәдебаев көзі тірілерінде араз болған Ағыбай мен Сыпатай батыр арасындағы жағдайды жазады. Екі батырдың қарым-қатынасынан да халық мүддесі жоғары тұрғанын байқауға болады.

Сыпатай сырқаттанып қалғанда, емшілер оның сырқатына ем болатын бір сирек кездесетін дәріні атайды. Дәріні іздестіргенде, оның Ағыбай батырда бары белгілі болады. Сыпатай батырдың бір адамы астына тұлпар мініп, Ағыбайға шабады. Сыпатай ауылынан суыт жеткен жолаушыны көргенде, Ағыбай оны: “Сыпатай аман ба?!” – деп қарсы алған екен. Батырдың әйелі бұған таңырқап: “Сыпатайың құрсын, Сыпатайың құрсын”, - деп отырушы едің. Мұның қалай?” – депті. Сонда Ағыбай батыр мынаны айтқан екен: “Менің басым жетпей жатыр ма, малым жетпей жатыр ма? Сыпатайдай ер табыла ма, маған? Екеумізді тірестіріп жүрген елдің дауы емес пе?”. Ағыбай батыр келген кісінің қолына Сыпатай сұратқан дәріні табыс етіп, астына тың тұлпар мінгізіп, оны дереу кері қайтарады. Дәріні алып келген адам үйге келгенде, Сыпатай батырдың алғашқы сөзі: “Ағыбайым аман ба?” болыпты. Өзі қатты сырқаттанып жатқанда, сұратқан дәрінің бар-жоғын білудің орнына Ағыбайдың амандығын сұраған Сыпатайға қасындағы кісілер таңырқай қарап: “Сен Ағыбаймен атысып, шабысып жүруші едің, мұның қалай?” – деседі. Сыпатай батыр сонда айналасындағыларға: “Е, менің басым жетпей ме, малым жетпей ме? Ағыбайдай ерді қайдан табамын? Екеумізді тірестіріп жүрген ел дауы емес пе?” – деп ашылыпты.

Сыпатай батыр өлгенде, ауылының жанындағы төбе басында отырған Ағыбайға біреу: “Сүйінші, сүйінші!” деп келеді. Келген адамның “сүйіншісінің” мәнін сұрағанда ол: “Сыпатай өлді”, - депті. Сонда Ағыбай екі қолымен жер таянып, жылап жіберген екен. “Егессем, егесуіме жараған, жарассам, жарасуыма жараған Сыпатай менің белім емес пе еді?! “Сыпатай өлді, белің үзілді” деп сүйінші сұрағаның не? Ал, бөркіңді, міне, саған сүйінші!” – деп, Ағыбай батыр сүйінші сұрап келген адамның басына қамшысымен үш тартқан екен” деседі.

 

Кенесары мен Наурызбайдың қырғыз қолында қалуы

Соңғы шайқаста Кенесары хан қырғыздардың қолына түсіп, Ағыбай батыр бастаған әскер қоршауда қалады. Сонда Ағыбай, Наурызбай, Дулат, Бұқарбай, Шәкір, Жәуке, Меңдібай секілді батырлар жиналып, ақылдасады. Сонда Наурызбай күштің сарқылғанына қарамастан “Қалай да Кенені құтқарып, қарсы шығайық” деген ұсыныс айтады. Сонда Ағыбай: “Науанжан, жау Кенені өлтірмес. Құрылған қақпаннан аулақ болайық, жауға жем болмайық, аз ғана күшімізді жинап, қоршаудан шығып, қырғыздарға елші жіберейік. Олай болмаса жаудың зеңбірегінен қанымыз төгіледі. Әркім бет-бетімен қашады”, - деп тоқтатпақ болады. Бірақ бұған Наурызбай көнбейді. “”Ей, Ағеке! “Екі қатынның баласы – екі рулы ел” деген, мен Кене ағамды не жаудан арашалап алайын, не бірге өлейін”, - деп аз ғана төлеңгіттерімен шаба жөнеледі. Ағыбай батырдың үлкен баласы Аманбай: “Түйе үйелесе тұрмайды, төре қисайса, түзелмейді”, - деген. Сен ақылыңды айттың, төрелер тыңдамады. Өздері білгенін істесін”, - деп, тізгінінен ұстап қалыпты. Халық аңызы: “Наурызбайдың өзі барып қолға түскенде, Кене өкінішпен бармағын шайнапты”, - деседі. Сөйтсе, соғыстың зардабынан сескенген қырғыздар, Кенені босатпақ болып отыр екен. Наурызбай қолға түскен соң екеуін де өлтірген.

Зерттеушілер Ағыбайдың қолды бос қырғыннан, өлімнен құтқарып қалғанын айтады. Төрелерді тұтқыннан босатып аламыз деген ойы болғанын жазады. Алайда, қазақ әскерінің екі бірдей төресі қолға түскеннен кейін қырғыздар екеуінің де басын алды. Қазақ соңғы ханынан солай айырылды. Ал Ағыбай батырдың өзегінде өкініш кетті…

 

Кәпірлерден Түркістанды қорғау немесе Ағыбай батырдың діндарлығы

         Ел ішіндегі аңыздар Хан Кенеден айырылғаннан кейін де Ағыбай батырдың жорықтарға қатысқанын айтады.  Мұхамеджан Рүстемовтің “Ер Ағыбай мен ақын Нартай” атты мақаласында осы хабар былай суреттеледі:” Ағыбай батырға Сыздық төреден де хабар келеді.

- Ақжолтай аға, “Әзірет сұлтан жатқан кесенені бұзамыз” деп Түркістанды жау қоршап жаты. Сыздық төре: “Орыстың айла-амалын біледі, жиналған қазақ, өзбек тобына ақылшы болсын”, деп сізді шақырып жатыр, - дейді хабаршы жігіт.

         Ағыбай батыр ойланып отырып:

-       Кәпірлер Қожа Ахмет бабамызға да жеткен бе? Алла жар болсын. Сыздық балама айт, әлі атқа мініп, мылтық қолға ұстайтын мұрша бар, - дейді. Шу бойында отырған Ағыбай бастаған шұбыртпалылар Созақ арқылы Түркістанға суыт жүріп отырып, бір күнде жеткен. Бетпақдала жағынан шабуыл күтпеген орыс әскерлері бытырап, жеңіліске ұшырайды. Олжалы болған Ағыбай әскері бір зеңбірегі, жиырма шақты мылтықтарымен Сыздық төре мен Әлімқұл ханның жасағына қосылады. Қожа Ахмет бабасының кесенесіне зиярат етіп, Қаз дауысты Қазыбек бабасының, Хана би тусының басында Құран оқиды”.

Солай Кенесары ғана емес, оның әкесі Қасым, баласы Сыздық төренің кезінде аттан түспеген Ағыбай батырдың тұтастай өмірі тәуелсіздік үшін күрес жолында өтті.

Ағыбай батыр Түркістан сапарында түс көріпті деседі. Түсінде аян беріліп: “Батырлығыңның біткен жері осы, енді қолыңа Құран ал” деген дауысты естиді. Еліне қайтқан батыр дін жолына түсіп, би Айжігіт қалпенің соғынан ереді. Айжігіт қалпе сопы болған адам екен. Қалмаққырылған тауының етегінде, Бетпақсудың бойында Айжігіт қалпенің жердің астында қазып салдырған мешіті болыпты. Жиырмасыншы жылдардағы аласапыранда бұл мешіт ойылып, шұңқырға айналып кетіпті.

         Ал өмірден өтерінде Ағыбай батыр балаларына үш өкінішін айтыпты.

Бұл туралы Хамит Жаманұлы шығарған “Үш өкініш” деген жыр-толғау бар екен. Сонда Ағыбай батыр: “Уа, дүние-ай! Мұнша жасарымды білсем, Талас өзенінің арғы жағында “Ағекем-ай! Мені шынымен-ақ қырғызға тастап кеткенің бе?” – деп Наурызбай түнімен айқайлағанда, барып құтқарып алар едім-ау”, - деген екен. Өзінің де шайқасқа шығып, батырлармен бірге өлмегеніне өкініші өмірбойы жанын жеген секілді. Кенесары: “Сарыарқадай жер қайда, Ағыбайдай ер қайда?” деп әспеттеген батыр да солай дүниеден көшті. Ал зираты Жезқазған облысы, Ақадыр ауданында тұр.

Өмірбойы орыспен жағаласып өткен батырдың ұрпақтары бабаларының сол әрекеті үшін Кеңес кезінде орыстан талай таяқ жеді. Бүгінгі белгілі ғалым, Ағыбай батырдың ұрпағы Айгүл Ісімақова бабасы туралы еңбегінде әкесінің мынандай сөзін келтіреді: “Мен Ағыбай тегімін” деп ешқашан мақтанбаңдар, оның Ақжолтай аты – бүкіл қазақ елінің абыройы, қолдан келсе, осыны естен шығармай, бұл атақты ұятқа қалдырмаңдар. Ағыбай Алланың ерекше мейірімі түскен құлы болып өтті. Дер кезде осыны түсініп, өзіне жіберілген нәсібін ақтап кетті. Қазақта қаншама батыр болса да, Ақжолтай деп елі Ағыбайды атады. Сондықтан аруаққа емес, Аллаға табыну – бізге парыз. Тек Алла жолында ғана адам баласы пендешіліктен көтеріліп, таза ақ істердің басында көбірек болары анық. Атамның қазаққа белгілі абыройын есте сақтап, оның батырлық, кісілік істерін үлгі етіп, оның Алла жолындағы тақуалығын, таухидтығын, Кенесарыға, еліне деген адалдығын, қан майдан жолдастарына деген парасаттылығын, осының бәрінің арқасында тұрған тектілігін естен шығармаңдар. Ешқашан бос мақтануға жол бермеңдер. Ағыбайдың өмірі оңай серуен болған жоқ”, - дейтін әкем. Осы ата тегі үшін талай таяқ жегенін бізден жасырып жүріпті. “Орысқа қарсы шыққан батырдың тұқымысың” деген жала тағылған кезде, әке-шешем Арқаның аязды қысқы бір түнінде үш сәбиін құшақтап, бұрынғы Ульяновск мекенін тастап, қашуға мәжбүр болған екен”.  

Ұлт бостандығы үшін "ереуіл атқа ер салмай", "толарсақтан саз кешкен" батырларымыздың жаны жәннатта болғай!

0 пікір