Әбу Ханифаға тіл тигізгендерге берген жауаптары
Әбу Ханифаға тіл тигізгендерге берген жауаптары
4 ай бұрын 2355

Имам Ағзам Әбу Ханифа (радияллаһу анһ) өте жұмсақ, кішіпейіл болған екен. Замандасы хадисші Абдурраззақ әс-Санаъани (рахимаһуллаһ) Ұлы имамның жұмсақ мінезділігін айта келе: «Әбу Ханифадан асқан жұмсақ адамды көрмедім» деген болатын. Және де Абдурраззақ сөзін жалғастыра отырып мынадай әңгімені жеткізеді:

«Әбу Ханифа екеуміз «Хифа» мешітінде отырған едік. Бір кісі келіп бір мәселенің жауабын сұрады. Әбу Ханифа мәселенің байламын айтты. Сонда әлгі адам: «Хасан әл-Басри бұған қатысты пәлен, түген деген болатын» дейді жауапқа қанағаттанбай. Әбу Ханифа болса оған: «Хасан қателескен» - дейді. Кейін ана кісі кетіп, артынша бетін матамен жауып алған бір адам келіп Әбу Ханифаға: «Ей, ойнастың ұлы!» - дейді балағаттап: «Хасан қателесті дейсің бе, жұрт оның аузына қарап жатқанда!» - деп ақырады. Сонда Әбу Ханифа жәй ғана: «Ол мәселенің байламында Хасан қателесті, ал Ибн Мәсъуд тура айтты деп отырмын» - деді. (Ибн Мәсъуд - сахаба Абдулла ибн Мәсъуд, фақиһ сахабалардың бірі). 

Язид ибн Күмәйт есімді кісі былай деп әңгімелейді:

«Әлдебіреудің Әбу Ханифаға тіл тигізіп, оған дөнайбат көрсетіп жатқанын естідім. Ол Әбу Ханифаға: «Ей, кәпір! Ей, зындық!» деп жатыр екен. Сонда Әбу Ханифа (рахимаһуллаһ) оған: «Алла сені кешірсін! Ол (Алла), менің сен айтқандай емес екенімді жақсы біледі!» - деп жауап берді». 

Ұлы Имам өзінің ұлықтығын сақтап, надандардың дөрекілігіне кішіпейілдікпен жауап бере отырып, өзге мұсылмандарға осы жөнінен де үлгі бола білген. Әсілінде, Әбу Ханифаның (р.а.) бұл ерекшелігі Алла елшісінде де бар еді (саллаллаһу алейһи уә сәлләм). Алла елшісіне кейбір бәдәуилер келіп, дөрекілік танытқан кездерінде Пайғамбарымыз (с.а.у.) ұлықтығын сақтай отырып, жауап қататын болған. «Ғалымдар - Пайғамбардың мұрагерлері» деген хадиске сай, Имам Ағзам Әбу Ханифа Алла елшісінің осы бір мінезін де өзінің бойына сіңірген болып тұр. 

Өмірінің соңғы бөлігінде Әбу Ханифаны Аббасы халифасы әл-Мансур қазылық қызметіне тағайындағысы келеді. Алайда Әбу Ханифа «шамам келмейді» деп қазылық қызметінен бас тартады. Сонда халифа оған: «Өтірік айтасың, шамаң келеді!» дейді. Әбу Ханифа болса: «Өзіңіз мені өтірікші деп тұрсыз. Мен сияқты өтірікшіні қайтып қазылыққа тағайындамақсыңыз!» - деген екен. О заманда қазы болу деген, бас уәзірден кейінгі адам, тіпті бас уәзірден де жоғары тұрған болуы мүмкін. Алайда Әбу Ханифа ондай лауазымнан табанды түрде бас тартады.

Бұйрығын орындамағаны үшін ашуланған халифа оны тұрмеге қамап, әбден дүре соқтырады. Бірақ сонда да қазылық қызметін қабылдамай қояды. Содан бір күні қамауда жатып ұлы ғалым жылапты. Артынан қасындағыларға: «Маған халифаның таяғы жаныма батпады, бірақ анамның мен үшін қам жеп жатқаны жаныма батып жатыр, сол үшін жыладым» деген екен. Бұл оқиғаны «Хиббән» есімді шәкірті айтқан.

Әбу Ханифа сол күйінше қазылықты қабыл етпей, түрмеде қайтыс болады. Кей айтылғандарға қарағанда Әбу Ханифа қазылық қызметін үш күн жүргізіпті-мыс, алайда үш күннің екі күнінде ешкім келмеген. Үшінші күні бір даудың қазылығын жасап, артынан алты күн төсек тартып қалып, кейін қайтыс болыпты-мыс1. Жатқан жері жәннәт болсын абыз ғұламаның! 


Шәмсуддин әз-Зәһәби: «Мәнәқибу Әби Ханифа» атты кітабынан аударылды.

0 пікір