СУИЦИД - АУЫР КҮНӘ, ХАРАМ ІС!
СУИЦИД - АУЫР КҮНӘ, ХАРАМ ІС!
9 күн бұрын 1191 anatili.kazgazeta.kz/
Абылайхан ЖҰМАШЕВ

Тығырықтан шығар жол іздеп, өмірдің қадірін түсіну - парыз. Қазіргі кезде адамзаттың өз өміріне балта шабуы – қоғам дертіне айналып барады. Суицид – адамның өз-өзіне қолданатын аяусыз жазасы, өз меніне ашылған соғыс десек, сол соғыс өртінің алауы бүгінде төрткүл әлемнің түгелін шарпып үлгерді. Бұл дертпен қарсы күреспесе, ол бүкіләлемдік қауіпке айналады. Халықаралық сараптама жүргізу барысында Жер шарындағы халықтың 11 пайызы өзін-өзі құрбандыққа ша­луға дайындық жасайтынын айтқан. Бұл сырқат әсіресе әйелдерге қара­ғанда еркектердің арасында төрт есе жоғары. Қазір әлем бойынша 18-24 жас аралығындағы жастардың 80 пайызы өлім туралы көбірек ойлайды.

«Осыншалық алапат күшке ие дерттің нендей құдіреті бар? Осы орайда Суицид дегеніміз не? Оны болдырмаудың жолы қандай?» деген сауалдар туындайтыны рас. Біз осы сұрақтарға жауап берудің түрлі жолдарын қарастырып көрдік.

Суицид (лат.: sui caedere — өзін өлтіру) — адамның өз-өзіне қиянат жасап, өз өмірін қиюы. Суицид сөзінің қашан, қайдан енгеніне тоқтала кетсек. Бұл терминді 1947 жылы итальян психологы Г.Дэзен енгізген. Ол бұған «өзін-өзі өлтіруге әрекет ету» деп түсінік береді. Жыл сайын 10-20 миллион адам суицид жасауға бекінеді. Олардың бір миллионға жуығы жарық дүниемен қош айтысады.

Суицид жасаудан Үндістан, Қытай мен АҚШ мемлекеттері әлемде алдыңғы қатарда болса, Орталық Азия елдері бойынша Қазақстан бірінші орында тұр. Осыған сәйкес, елімізде әр сағат сайын бір адам өз-өзіне қол жұмсайды екен. (azattyq.org сайтынан алынды) Көршілес Қырғызстан мен Өзбекстан елдерінде суицид жасау сирек орын алады.

Қазіргі таңда Қазақстанды алаңдатып отырған жайт бұл жас жеткіншектердің суицид ауруына көптеп душар болуы. Суицид – қатты қажыған, шаршаған немесе бір жағдайда шешімін таба алмай тығырыққа тірелген адамдарда және санасы әлі дамып, жетіліп болмаған ұл-қыздардың арасында жиі орын алады. Ересектерге қарағанда жеткін­шектер арасында өзін-өзі өлтіруге әрекет жасау оқиғалары көп тіркел­ген екен. Бұл да қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Міне, осы жағдай­лардың барлығында психолог пен отбасының көмегі қажет. Өкінішке орай, психолог мамандар бұл мәселемен күресе алмай келеді. Ал күйзелісте жүрген адамдар психологты көп жағдайда психиатрмен шатастырады, сондықтан да оның алдына баруға ұялады. Бұл екеуінің арасындағы айырмашылық: психиатр – ауруларды емдейді, ал психолог – психикалық тұрғыдан сау адамдарға кеңес беріп, түңілуден арылуға көмектеседі.

Дегенмен, депрессиялық жағдайда адамға көбінесе отбасы мүшелерінің шынайы қамқорлығы, жақындығы, түсіністігі мен демеуі қажет. Депрессиялық жағдайға түскен адам шамшыл (ұрыс­қа, қақтығысқа бейім) болады. Көп жағдайда жақындары немесе қоршаған ортасы оның бойындағы өзгерістерді, мінез-құлқын түсінбейді. Ал бұл оны одан сайын тығырыққа тіреп, соңы суицидке әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан жеткіншек шақтағы жастарға, оқушыларға кез-келген жағдайда жайменен түсіндіру қажет. Ең негізгісі ата-ана өз балаларына көбірек көңіл бөлуі қажет.

«Өз-өзіне қол жұмсап, өмірден баз кешетіндей басына қандай күн туды екен?» деген ой туындайды. Сау адам тұрмақ, науқас адамның өзі бір шыбын жаны үшін шырылдап, дертіне дауа іздеп зыр жүгіреді емес пе? Айдың-күннің аманында төрт құбыласы тең кейбір жастарымыздың өз-өзіне қол салуы бейжай қарауға болмайтын мәселе. Әдетте суицид жасаушы адамдар психикалық аурумен ауырады. Басына түскен ауыртпалықтан арыла алмайтындай күй кешеді. Олардың көңіл-күйі нілдей бұзылады және болашаққа үміті үзіледі. Кейбір адамдардың ­өзін-өзі өлімге қиюға бейім екендігін сөзінен, қылығынан, ситуациялық белгілерінен білуге болады. Тікелей сөздер: «Мен өлім туралы ойлаймын», «Өмір сүргім келмейді», «Өлгенім жақсы еді». Жанама сөздер: «Мен өлгенде, олар өкінетін болады», «Енді сіздің қамқор болмай-ақ қоюыңызға болады» және т.б. сөздерді көп қолдану арқылы адамның өзін-өзі өлімге іштей дайындап жүргенін аңғаруға болады.

Күйіну, жылау, өмір белсенділігінің жетіспеуі, шешім қабылдай алу қабілетінің жоқтығы, жанұясынан және жақын адамдарынан өзін оқшаулау, ішімдікті, есірткіні қолдану мөлшерінің өсуі, тәбетінің болмауы немесе жоғарылауы, тұйықтық, жеке істерін ретке келтіру, тәуекелді қылыққа талпыну, бұрын өз-өзіне қол жұмсау әрекетінің болуы, кінә сезімі, өзін өзгелерден кем көруі, спортқа және басқа істерге қызығушылығының жоғалуы, т.б. қылықтар арқылы да, сонымен қатар жақын және сүйікті адамының өлімі, әлеуметтік оқшаулану, қалыпты қарым-қатынасқа қабілетсіздік, психикалық аурудың болуы, ата-анамен күрделі дау-дамайдың болуы, бақытсыз махаббат және т.с.с. жайттардың салдарынан адам өзін-өзі өлімге қиюға дайын екенін ұғынады. Яғни жоғарыда айтылған белгілерді аңғарған бойда, қоғамдық дертке айналған бұл мәселенің де алдын алуға болады.

Суицидтің түрлері

Шетелдік ғалымдардың пікірінше, суицидтің үш түрі бар көрінеді.

  • Оның біріншісі — шынайы суицид. Мұндай жағдайда адам өмірден түңіледі, үнемі көңілсіз жүреді. Өмір сүрудің мән-маңызын жоғалтады. Ақыры өзіне-өзі қол жұмсауға бел байлайды.
  • Екіншісі — жариялы суицид. Әдетте мұндай жолды таңдағандар өлместен бұрын өлгісі келетіндігіне өзгелердің назарын барынша аударуға бейім тұрады. Мәселен, біреумен ренжіссе болғаны қолына суық қару немесе арқан-жіп ала жүгіріп, «өлем» деп өзгелерді үрейлендіргісі келетіндер осы топқа жатады.
  • Ал үшінші бір түрі — жасырын, яғни құпия суицид. Бұған барғандар өзіне-өзі қол жұмсаудың жақсы еместігін, абырой әпермейтінін жақсы түсінеді. Алайда оларға тірлікте кездескен қиындықтан шығатын жол жоқ болып көрінеді. Бұған көпшілігінде нашақорлар мен ішімдікке салынып кеткендер дайын тұрады.

Жасырын суицид. Өмірде әрқайсымыз оған тап болады екенбіз. Біреу одан өзі зардап шексе, екіншісі туысы немесе танысының әрекеттері өмірмен қоштасуға итермелейтінің көріп жатады. Бұған қандай да тыйымдар, өтініп-жалынып сұраулар болсын, айналадағылар оның ішімдік ішуге, нашақорлыққа қарсы тұра алмайды. Бірақ жасырын суицид түріне алкоголь мен нашақорлық ғана жатпайды. Оған кез келген күйреуге апарып соғатын әрекеттер де жатады. Жасырылған немесе тікелей емес суицид – бұл өз-өзіне қол жұмсаудың бүркемеленген түрі. Оның әсерінен адам өзінің санасында немесе санасынан тыс өлімге байланысты үрейі арқылы өз-өзін күйреуге әкеп соғатын әрекеттер нәтижесінде (немесе сыртқы күштер, көбінде өзі арандатып жасаған) көз жұмады.

Қазақстандағы суицид көп орын алатын орындар Оңтүстік Қа­зақстан, Ақтау, Қарағанды Сол­түстік Қазақстан облыстары. Үл­кен қалаларда білікті суицидолог, психиатр, психологтар арнайы бағ­дарламалар жасап, қатердің алдын алу жұмыстарын жүргізеді.

Қалай десек те, суицидтің адам үшін ғана емес, жалпы мемлекет үшін де зияны мол. Ол елдегі өлім-жітімнің артуы­на, халық санының азаюына әкеп соғады. Бүгінде адамдардың өз-өзіне қол жұмсап, өз өмірін қиған оқиғасы туралы жиі естуге болады. Аталарымыздың ғасырдан бері келе жатқан «Құдай өзі берген жанын өзі ғана ала алады» деген ежелгі қағидасына қарсы шығып, адамдардың өз-өзіне қол жұмсап, өмірмен қоштасуының сыры неде? Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 2015 жылы – 3735, 2014 жылы – 2957, 2013 жылы – 3251, 2012 жылы – 3055 адам суицидтен көз жұмған. Олардың арасында 35-40 жастағы ер-азаматтар саны көп болып шықты. 2005 жылы Қазақстанда 3919 адам өз-өзіне қол жұмсаса, соның 3283-і ер-азаматтар. Ер адамдар өлімге бел байласа соны жүзеге асырмай қоймайды екен. Ал әйел адамдар бұл әрекетке назар аударту үшін немесе шу шығару мақсатында барады.

Қазақстанда суицидпен күрес қарқынды жүргізілуде. Мектептерде арнайы психолог мамандар оқушылармен тығыз байланыс орнатып отырады. Бірақ оқушылардың 59% қиналған сәтінде психолог мамандарға жүгіне бермейді, 9% мектепте мұндай қызмет көрсету орталығы бар екенін де білмейді, 8,5% психологқа жүгіну керек деп жауап берген. Сол себеп­ті мектеп оқушылары арасында өз-өзіне қол жұмсау әрекеттері жиі орын алуда. Әсіресе, ҰБТ кезінде оқу­шылардың ажал құшқанын естіп жатамыз. Бұған кінәлі кім? Баланың тәрбиесіне салғырт қараған ата-ана ма, оқушы баланың тәртібін назардан тыс қалдырған мектеп қызметкерлері ме?

Өмiр – күрес.

Мықты қашан да әлсiздi алып жығады. Ал қоғамның әлсiз буыны ол – жасөспiрiмдер. Аңғал. Сенгiш. Тәжiрибесiз. Өмiрдегі кез келген тосын жағдайларды жанына жақын қабылдайды. Әлi келмеген, күшi жетпеген, ақыл таппаған, жалғыз қалған тұста өлiмге жүгiредi. Сондықтан әрбір ата-ана, мұғалімдер бала тәрбиесін басты назарда ұстауы керек. Ал әскерде кездесетін оқыс оқи­ғалар бір отбасының орны толмас қайғысына әкеп соғуда. Бұлай болатын болса қай ата-ана өз баласын әскерге жіберсін. Әскердегі өлім-жітім соңғы 7 жыл ішінде екі есеге азайған. 2008 жылы – 44, 2015 жылы – 24 қатардағы жауынгер көз жұмған. Бұл жөнінде №20709 Алматы әскери бөлімінің офицер-психологы, лейтенант Айдос Аманжолұлы Ахметов былай дейді: «Қатардағы жауынгерлердің өз-өзіне қол жұмсауына басты себеп олардың әскерге бейімделе ­алмауы, депрессиялық күйзеліске түсіп, өмірден баз кешуі болып отыр. Ал әскери қызметкерлер арасында әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер, отбасындағы кикілжіңдер, ­несие секілді сан түрлі себептер жан күйзелісіне әкеліп соқтырады. Осындай жағдайлардан соң өз-өзіне қол жұмсау әрекеттері болуы ықтимал. Барлық әскери орындарда суицидтің алдын алу жұмыстары өткізіліп тұрады. Атап айтар болсақ, психологиялық зерттеу жұмыстары, тест жұмыстары, суицидтің алдын алуға байланысты он күндік, бір айлық іс-шаралар ұйымдастырылу қолға алынған. Қызметкерлердің моральді-психологиялық жағдай­лары үнемі бақылауда. Жауынгерлік кезекшілікке, қарауылдық кезек­шілікке жалпы қарумен түсетін кезекшіліктің бәріне жүйке жүйесі тұрақты сарбаздар жіберіледі. Сондай-ақ барлық қызметкерлердің отбасылық жағдайы да назардан тыс қалмайды».

Исламда суицид

Ислам дінінде суицид жасаушы­лардың күнәсі адам өлтіргеннен де ауыр. Тіпті, ертеден-ақ ата-балаларымыз Ислам дінін ұстанып, ондай адамдардың жаназа намазын оқымаған және мұсылмандар жерленетін мазарға емес айдалаған көмген (дегенмен шариғатта өзіне қол салып қайтыс болған мұсылманға жаназа оқылады). Бірақ бұл жағдай халық арасында діннің жоғары мәртебеге ие болған кездерінде болатын. Қазіргі кезде мыңдаған өз-өзіне қол жұмсап көз жұмса да жаназа намазы оқылып, мұсылмандар мазарына жерленуде.

Шариғат заңдары адамдарға өзін-өзі өлтіруге рұқсат етпейді. Ол туралы хадисте: «Кімде-кім таудан құлап, өз-өзін өлтірсе, жәһаннам отына мәңгіге құлайды. Кімде-кім у ішіп өз-өзін өлтірсе, жәһаннам отында мәңгі сол уын қолына ұстап ішіп тұрады. Кімде-кім өз-өзін темірмен өлтірсе, жәһаннам отында сол темірді қолына ұстап, өзін мәңгі ұрғыштап тұрады» дейді.

Жан – Жаратушының адам баласына берген ең қасиетті аманаты болса, өз өмірін қию – сол аманатқа жасалған қиянат. Дінге сенімі бар адам өмірдің қиындықтарын сынақ деп біледі, өткінші деп қарайды. Әрбір қиындықтан кейін, жеңілдіктің келетініне сенеді. Жаратушыдан үмітін еш үзбейді. Сабыр етеді. Өмірдің ең қиын сәттерінде де өзін өлтіруге бармайды.

Ендеше, өзін-өзі өлтірудің себептерін өмірдің қиындықтарынан іздеу дұрыс емес. Мұндағы басты себепті «сенім» деп білген жөн. Өмірді – Жаратушының бізге берген үлкен сыйы ретінде қабылдап, әртүрлі соқпақ жол­дар­дың қиыншылықтарына төзіп, әр қиыншылықтың өзінен бір жақсылық іздеп, өз-өзімізді өлімге қимай, керісінше тығырықтан шығатын жол іздеп, өмірдің қадірін түсіну ол біздің басты парызымыз.

«Өз-өзіне қол жұмсап, өмірден баз кешетіндей басына қандай күн туды екен?» деген ой туындайды. Сау адам тұрмақ, науқас адамның өзі бір шыбын жаны үшін шырылдап, дертіне дауа іздеп зыр жүгіреді емес пе? Айдың-күннің аманында төрт құбыласы тең кейбір жастарымыздың өз-өзіне қол салуы бейжай қарауға болмайтын мәселе. Әдетте суицид жасаушы адамдар психикалық аурумен ауырады. Басына түскен ауыртпалықтан арыла алмайтындай күй кешеді. Олардың көңіл-күйі нілдей бұзылады және болашаққа үміті үзіледі.

 

 

0 пікір