Құран оқи аласыз ба?
Құран оқи аласыз ба?
9 жыл бұрын 9042
Әділхан Жақсыбек

روى البخاري في صحيحه عن عثمان بن عفان - رضي الله عنه - أن رسول الله - صلى الله عليه وسلم - قال: خيركم من تعلَّم القرآن وعلَّمه

Сіздердің ең қайырлыларыңыз - Құранды үйреніп әрі басқаларға үйреткендеріңіз (Бұхари).

Алла Тағала Рамазан айын “Адамзатқа тура жолды көрсететін Құран түскен ай” ("Бақара" сүресі – 185) - деп сипаттаған. Сондықтан бұл айдың қасиетті болуының бір себебі Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.у.) Құран Кәрім осы айда уахи етіле бастағандығы үшін деп тұжырымдауға болады. Олай болса Рамазан айы бәрінен бұрын – Құран айы. Құран – Исламның рухы. Құрансыз мұсылман жансыз дене секілді. Құран – Исламның кәусар бұлағы. Құран – әлемдерге рақым етіп жіберілген сүйікті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ең үлкен мұғжизасы. Құран – әр мұсылман оқып үйрене алатындай оңай кітап. Құран – қанша қайталап оқысаң да жалықтырамайтын керісінше жүректі тазартып, рухыңды жаңартып, бүкіл тұла бойыңды нұрландыратын мұғжиза кітап. Құран – қабырғаға іліп қою үшін емес ашып оқу үшін түскен қітап. Құран – құрметтеп сөреге қойып қою үшін емес үйреніп, оқып, рухың “тою” үшін келген Алланың сөзі. Құран – молдаларға ғана оқыту үшін емес, әрқайсымыз өзіміз оқу үшін түскен кітап. Құран – өлгендерді “жәннаттық” жасау үшін емес, тірі кезімізде жәннаттық болуымыз үшін түскен кітап. Құран оқу – әлемдердің иесі Раббымызбен тілдесу. Жоғарыда айтылғандарды бәріміз де білеміз. “Мөрі бұзылмаған” жаңалық ашқалы отырған жоқпын. Бірақ білгенімізді өмірімізге енгізіп, жасай алдық па? Сөзден іске көштік пе?! Құран оқи аласыз ба?

Рамазан айындағы үлкен сауапты істердің бірі – Құран оқу. Ибн Аббас Жәбірейіл (а.с.) Расулалла Мұхаммедке (с.а.у.) келіп бір-біріне Құранды оқып, тыңдататындығын айтқан (Бұхари және Муслим). Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Көздің ғибадаттағы өз үлесін беріңіздер!» – деді. Сонда: «Оның ғибадаттағы үлесі не сонда?» – деп сұралды. Сонда Алла елшісі (с.а.у.): «Оның ғибадаттағы үлесі Құран Кәрімге қарап оқу» – деді. Сахабалар да ораза айында көп Құран оқитын. Құран оқудың қандай үлкен ғибадат екендігі, әрбір әрпіне ең аз он сауап берілетіндігі Хадистерде баяндалған. Бәрін мұнда жазып сыйдыру мүмкін болмаса керек-ті. Хадистердегі сауабы мол Құран оқудан негізгі мақсат - кирилица әріптерімен жазылған сүрелерді жаттап алып оқу емес, Құранды арабшасынан (түпнұсқасынан) оқу. Ал, оны оқып үйрену қиын емес. Ықылас танытқан әрбір мұсылманның Құранды үйренуі де, жаттауы да оңай. Құран оқуды үйрену – араб тілін үйрену емес. Кейбір кісілер Құран оқып үйренуді тіл үйрену деп ойлап қиынсынады. Иә, шынында жаңа тіл үйрену оңай емес, меңгеру ұзақ уақыт пен ерен еңбекті қажет етеді. Ал, Құран оқуды үйрену оңай, 28 әріпті танып, таңбаларды қосып оқу. Бір аптада ежелеп оқып кетуге болатындығын жастар түгілі жасы ілгерілеген кісілер де дәлелдеп жүр. Олай болса Құран айы болған Рамазан айында Құран оқуды үйренуге ниет етіңіз.

0 пікір