Қазақ хандығының мұсылмандық негіздері
Қазақ хандығының мұсылмандық негіздері
9 жыл бұрын 4565
АБАЙ ХАМЗА, жазушы, дінтанушы
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНА 550 ЖЫЛ
І. Исламның алғаш келуі

Қазақ текті қауымға Исламның алғаш келуі Мұхаммед с.а.у. пайғамбардың өзінің кезеңінен кейін басталады. Яғни, сахабалардың ең соңы мен табиғиндердің кезеңінде Ислам діні осы қазақ текті қауымға жетті. Бұл кез 662-750 жылдарды қамтиды.

Бірінші кезең: Батыс Түрік Қағандығына қарайтынТүркеш хандығы кезеңінде болды. (Түркеш сөзі «нағыз түрік, шын түрік» деген мағынаны білдіреді. Ал, «Түрік» атауының өзі ескі түрік тіліндегі «төр, өк» билігі өктем деген мағынадан шыққан дейді.) Бұл хандықтың құрамында қазіргі қазақ қауымының құрамына кіретін көптеген ру тайпалар болды. Мәселен, Үйсіннің құрамындағы Дулаттарды құрайтын түркеш, қойлау, шимойын, ысты, жаныс тайпалары болды. Қағандықтың астанасы қазіргі Арал маңы Тұрандағы Суяб, Тараз қалалары болған. Алғашында олар әскери қолмен келген мұсылман Арабтармен соғысты. Алайда, қақтығыс келісіммен аяқталады, мұсылмандық шарттарды қабылдау арқылы бейбіт бауырластық орнағаны анық.

Яғни, бұл кезең «Хақ дінді» қабылдау «Ақида кезеңі» болды деп қарауға негіз бар. Ал, осы Түркештердің 751-жылғы Арабтармен бірлесе отырып басқыншы қытайларға күйрете соққы беруі, мұсылман арабтармен одақтасуы, «Хақ дінді қабылдаған» кезең яғни түркештердің мұсылман болғандығын айғақтайды. (Тарихи деректерді осы бойынша қарастыру дұрыс.) Алайда, бүтін қазақты қалыптастырған түрік текті тайпалар әлі де Шығыс Түрік Қағандығының  құрамында  болғандықтан Ислам оларға жетпеген еді.

Екінші кезең: Қарлұқтар мен Қимақтар қағандығы. Қарлұқтар ежелден Алтай, Тарбағатай өңірін мекен еткен Шігіл, Туқси, Бұлақ деген үш тайпадан құралады. Бұлар қазіргі Жетісу өңірінде өмір сүрді. Бұл кезде Білге хаған өліп Шығыс Түрік құлап Бүкіл Түрік қағандығы тоғыз  оғыздардың  қолына өткен кез болатын.

Осы  Қарлұқтардың  құрамында қазақтың қазіргі найман, шапырашты тайпаларының біршама рулары болды. Және Тоғыз оғыздың ішіндегі Байырқу тайпасынан қазіргі қазақ құрамындағы найман, керейлер де таралған дейді. Яғни, қазақты құраған тайпалар бұл кезде біршама толыға түскен. Қарлұқтардың елдік құруы 766-жылдары басталады. Бұлардың тұсында Ислам діні күшіне ене бастаған. Былайша айтқанда, адамдарда ақида қалыптасып енді, «фихқ» Ислами шариғат қоғамда үстемдік құра бастаған кезең деуге болады. Тарихи деректерді, әсіресе әдеби жәдігерлерді қарастырғанда бұл жөніндегі  нақты айғақтарды көптеп табуға болады.

Қимақтар  Алтайдан  Ертіс, Жетісуға  дейін  мекендеген  батыс  және  шығыс  түріктің екеуінің де құрамында болған тайпа. Бұлар  соңында қимақ, қыпшақ, қуман деген үш үлкен тайпа бірлестігі болды. 840-жылы Қимақ хағандығы құрылған.  Бұлардың салтанат құруы оныншы ғасырға дейін жалғасты. Жалпы бұлардың бәрі түрік текті тайпалар болғандықтан түпкі елдігі Көк Түріктер мемлекеттігі болды деуге негіз бар.

Бұл тұста Ислам діні бүкіл елдік деңгейге көтеріле бастағанын Ислам дінінің келіп аяқталуы деп қаратырса болады. Яғни, бұл кезде мұсылмандық білімді жергілікті тұрғындар жетік игеріп, төл ғұламалардың қалыптасу кезеңі  басталған болатын. Қыпшақ текті қазіргі қазақ тілінің Ислам сөздерімен молығуы, діни әдебиеттің қалыптасуы осы жылдарға тән.

Мұнда осы мемлекеттердің Парсы елімен болған қатынастарын қатар қарастырса тарихи, мәдени, әдеби құндылықтардың  көптеген  деректерін  тауып алуға мүмкіндік бар. Және, Ислам дінінің қандай ағымда болғаны, мәзқаптар мәселесі де осы кезеңде көрініс бергенін анықтауға мүмкіндік ашылады. Хақ діннің осы тарихи дамудағы қоғамдық көріністерін әр тарауларға бөліп қарастырса, қазіргі оқырманға түсінікті әрі жүйелі мағұлымат берер еді .

 

ІІ. Ислам дінінің қалыптасуы

Бұл Жетісу өңірі мен Қашқарияда құрылған Қарахан мемлекетінің қалыптасумен тұспа тұс келеді. Бұл хандық  942-1210 жылдары елдік құрды. Қараханның құрамында Үйсін,  Қаңлы,  Дулат, Арғын, Қыпшақ, Қырғыздар да болды. Елдің астанасы Тараз, Қашқар қалалары болды. Оныншы ғасырдың аяғында Қарахан шығыс және батыс болып екіге бөлініп кетеді.

Міне, осы кезде Анадолыға барып күшейген Түрік селжуктер осы Қарахандардың батыс хағандығын яғни Сырдария бойындағы оғыздарды өзіне бағындырады. Бұл оғыздар соңында түркіленіп кеткен көшпелі парсылармен араласып «Түркімен» атанған дейді.

Осы айтылған тарихи деректен көптеген  нақты мәселелерді анықтап алуға болады. Өйткені, аз жылдар бұрын осы қазіргі қазақ жерін яғни қыпшақ даласын өздері «Атаюұрт»  деп атайтын селжук түріктерінің алыс батыстағы өте мықты Романдықтар мен Византияны бағындырып, Ислам дінін онда салтанат құрғызуы осы Қарахан мемлекетінде Исламның қаншалықты дамығанын көрсететін бір тарихи дәлел. Осыдан да қазақ даласындағы қауымда Исламның қалай қалыптасқанына  қатысты  нақты деректерді анықтайтын көптеген мүмкіндік бар.

Және осы кезеңдерде қазіргі шығыс Моңғолия өлкесін мекендеген түркі текті Қидандар шүршіттерден қашып Алтай, Жетісу өңіріне келіп жергілікті Найман, Керей және Уақ тайпаларымен бірігіп үлкен одақ құрады. Ал, бұл тарихи үрдіс жаңа қазақ халқының қалыптасуына үлкен үлес қосқан тарихи оқиға еді. Ал тарихи шындық бойынша бұл тұста осынау түркі текті одаққа Ислам діні толық қалыптаса қойды деуге келмес, яғни қазақ  халқының толық қалыптасуына дейін Ислам діні де қатар қалыптасты десе шындыққа саяды. Сондықтан, бұл тайпалардың Ислам дініне толық кіруі Шыңғыс хан дәуірінен басталып, оның алып қағанаты кезеңінде шырқау шегіне жетті деуге көптеген тарихи, мәдени, әдеби, тұрмыстық, дүниетанымдық, халықтық құндылықтар айғақ болады.

 

ІІІ. ИСЛАМ  ДІНІНІҢ  ДАМУЫ

Бұған Шыңғыс хан дәуірінің алдындағы қазақ тайпалары  болушы Қыпшақ, Үйсін, Қаңлы, Арғынмен т.б. осы шапқыншылықтан кейін жаңа келіп қосылған тайпалардан құралған Найман, Керей. Уақ, Қоңырат, Меркіт, Қият болашақ үлкен қазақ халқын қалыптастырды. Бұл Шыңғыстың  үлкен ұлы Жошының иелігінде болған алып Алтын Орда патшалығын құрады. Оның балама атауы «Қыпшақ даласы» еді. Алтын Орда хандығы 13-15 ғасырға дейін тарихи ғұмыр кешті. (Алтын Орда құрамына қазіргі қазақ даласы түгел және Шығыс Еуропаның бір бөлігі мен Қапқаз халықтары да қарады)

Міне, осы кезеңдерде Алтын Орданы билеген Өзбек хан (1312-1342) Ислам дінін ресми түрде мемлекеттік дінге айналдырды. Осы жөніндегі көптеген тарихи деректерді бұл күнге дейін әдейі жабық қалдырғандықтан енді ғана арнайы діни білімі бар тарихшылар қарастыра бастады. Яғни, бұл жылдарда мемлекеттік істерді шариғат заңы бойынша жүргізгендігін, Исламның нақты күшіне енуінің тарихи көрінсі деуге болады.

Ал, оның алдында өткен Алтын Орданың алғашқы билеушісі Жошы да мұсылмандықты қабылдағаны тарихи айғақпен айтылады. Ал, оның нақты бір көрінісі қазіргі қазақ даласында Жезқазған өңіріндегі оның мазары орта ғасырдағы мұсылман мазары үлгісінде болуы оны тағы да дәлелдей түседі.

Ал, Шыңғысханның тарихта аталатын Ислам өлкесіне жорығы 1220-жылы  басталғаны  белгілі. Олар бұл  жорықта Орта Азиядағы сол кездегі Ислам елдерін түгел жаулап алды. Алайда, шапқыншылыққа ұшыраған ел көптеген мәдени құндылықтарынан айырылса да, дінінен айырылмағаны анық. Жаулаушылар әкімшілік билікті қолға алса да діни сенімге еркіндік берген.  Ал Шыңғыстың немересі Хулағу 1256-жылы оңтүстіктегі мұсылман елі Иранға шабуылдайды. Оның алдында теріскей Иранда екі жүз жыл бойы Ислами бір бөлекше ағымды ұстанған жауыз ассиандар деген  қарулы топқа қарсы келеді. Олар үнемі мұсылман басшыларға қастандық жасаумен айналысқандар еді. Хулагу ешкімге күш бермеген осылардың сұмдық ұясын оңай талқандап, бүкіл елдің үрейін алған жауыз басшысын қолға түсіреді.

Осы жайлы Парсының атақты тарихшысы Жүбейни «Әлемді жаулаушының тарихы» атты еңбегінде былдай деп жазды: «Шыңғыс хан мен оның қолбасшылары осынау сұрқия кәпірлерді жою үшін Құдайдан арнайы жіберілген бір құрал болу керек. Өйткені, Шыңғысханның тосқауылсыз бәрін жеңуі Құдайдың құпия мақсаттарының бір хикметі болғаны анық» дейді.

Бірақ, моңғолдар Исламның ішіндегі жауыз топтарды ғана жойып қоймай, бүкіл Ислам әлемін тас-талқан етіп, оның қазірге дейін қалыптасқан жағдайын өзгертті. Бес жүз жыл бойы мұсылмандардың орталығы саналып келген Бағдат қаласын өртеп қайта бас көтере алмастай етті. Сөйтіп, енді  Ислам әлемін  шыққан  тегі алтайлық саналатын Түркілер билейтін жаңа дәуір басталды. Сөйтіп, олар Ислам әлемін келесі бес жүз жылдық уақыт бойы басқаруды қолға алды.

Және де, құлап құрып бара жатқан Моңғолдың Ұлы Хағанатын қайта қалпына келтірем деп, шыққан Ақсақ Темір осы оқиғадан кейін жүз елу жыл өткенде тағы да сол өлкедегі Ислам қауымына алапат дүрбелең туғызған еді.

Алайда, осы тарихи оқиғалар қарсаңында Алтын Орданың бөлінуінен тікелей өзінің негізін қалаған  Ақ Орда  мемлекеті  бүкіл қазақтың алғашқы төл мемлекеті болды. Шыңғысхан жорығы осы елдің қалыптасуына игі әсерін тигізді. Ақ Орда құрамында қазіргі қазақ құрамында бар бүкіл  тайпалар  болды. Олардың  ортақ тілі қыпшақ тілі деп аталды. Ақ Орданың астанасы Сығанақ қаласы аталды.

Содан кейін Ақ Орданың соңғы хандарының бірі Ырыс (Орыс, Ұрыс) ханның немерелері Керей мен Әз Жәнібек нағыз Қазақ хандығы деп аталған мемлекеттің негізін қалады. Бұл тарихи дерек бойынша 1456-жыл деп саналады.

Яғни, бұл Ислам дінін ресми дін деп жариялаған Өзбек ханнан кейін бүтін бір ғасыр астам уақыттан кейінгі үлкен тарихи оқиға.

Олай болса, қазіргі қазақ қауымының мұсылман халық болып қалыптасуы, ОРЫС БОДАНДЫҒЫНА дейін шарықтау шегіне жетіп, ОРЫС  БОДАНДЫҒЫНАН КЕЙІН біртіндеп әлсіреп, кешегі ДІНСІЗ КОММУНИЗМНЕН КЕЙІН мүлде құруға бет алғандығының тарихи деректерін төменгі тараулар бойынша дәлелдеп шығуға болады.

Бірінші тарауда: Қазақ хандығы құрылғаннан  кейінгі  хандардың Жарғыларын қарастыру арқылы көз жеткіземіз.

Екінші тарауда: Сол жарғылардың Ислами шариғат негізінде қалыптасқанын әйгілейтін қазақ қоғамындағы мұсылмандық тұрмыс құндылықары:

  • Әйелдердің мұсылмандық киімдері, кимешек шылауыш, ұзын көйлек, кең қамзолдар т.б.
  • Төсектерге шымылдық перде құру
  • Келіннің бетін бүркеу, сәукеле кигізу
  • Жаңа түскен келінге желек кигізу
  • Еркектердің киімі, мәсі, кебіс, кең шапан, шапан жағасынан шығып тұратын үлкен ақ жағалы ақ жейде, сәлде орап жүру, бәлиғат жасқа жете сақал қою, ұлдарды сүннетке отырғызу т.б
  • Мұсылмандық мал сою мәдениеті
  • Мұсылмандық дастархан жаю мәдениеті
  • Тамақтың алдында, артында қол жуу
  • Сулық, майлық деген бөлек орамал, сүлгілердің болуы
  • Тамақтың, судың бетін жауып қою
  • Бала тәрбиесінде кішінің үлкеннен бұрын сөз сөйлемеуі
  • Қонақты «Құдайы қонақ» деп қабылдау үрдісі
  • Құда түсу үрдісі, бел құда, бесік құда т.б.
  • Неке қию, атастыру, талақ ету...
  • Әменгерлік үрдісі, жесірін қаңғыртпау, жетімін жылатпау.
  • Өлік жөнелту, жан тәсілім кезінде бетін қыбылаға қарату, кәлима айтқызу, арулау, қабір қазу...
  • Ас беру (бұл бидағат деңгейінде)
  • «Балалардың тілін сындыру» деп ес біле әліпби үйрету
  • Бүкіл тәрбиедегі мұсылмандық үрдістер...

Осы жазылғандар тек қана мысал үлгі, бұның әрбірін бір кіші тақырып болдырып Ислам ақидасы, ақылақ, шариғат мәселелерін шығарып анықтап жазуға болады.  Соңғы жиырма жылда Шәмшә Алаубаева қатарлы  бірқанша дінтанушылардың «Құран қалпымыз, Сүндет салтымыз» сынды қаншама кітаптары мұның айғағы.

Қазір тарихи оқиға ретінде тойлағалы отырған «Қазақ хандығының 550 жылдығы» мерейтойы, жоғарыда аталған тарихи кезеңдерді  қоса есептесек мың жылдық уақыт негізінде қалыптасқанын мойындар едік. 

Ал, «Дала өркениеті» деп аталған нағыз қазақы қоғам шын мәнінде нағыз Мұсылман мемлекеті болатын. Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан  алып ел ӨЗ ЖҰРТЫ, НАҒАШЫ ЖҰРТЫ, ҚАЙЫН ЖҰРТЫ дейтін бір бірін қоршаған берік үш шеңбермен  туыстық жүйе арқылы бұзылмастай байланысқан еді, осылайша үзілместей қатынаста болған еді. (Осы үш жұрт арқылы пайда болған туыстық атаулардың өзі ерекше атаусөздер қазынасын  қалыптастырды).

Және осы үш туыстық қатынастың өзі хақ діннің шариғаты бойынша іске асып отырды. Яғни, қазақтар Хақ дінді құрғақ қағида бойынша емес, жанды тұрмыстық қатынас бойынша өз болмысына сіңіре білді. Елді-жұртты сайлау-шоусыз Билер Алқасымен басқарудың кемелдігін көрсетті. Қоғамдық тәртіпті жасауыл жандармасыз, зындан түрмесіз орнатып, руаралық құн, ауыл арасы ат шапан айып... сынды адамгершілік тетіктермен тентектерін тиды.

Жеке армия құрмай-ақ, әр ауылдағы бозбаласынан бастап бақуат қариясына дейін найзагер, қамшыгер дайын жауынгер болатын. Әлеуметтік қызмет көрсетуде отел қонақүй, жолбекет салмай-ақ, алып даланың әрбір ауылы «Құдайы қонақ қабылдау» дейтін ізгілік қызметін мүлтіксіз іске асыра білді. Нағашылаған, қайыншылаған, ел кезген, мал іздеген кім болса да қаңғырып қалам деп қорықпай күншілік, айшылық алыстарға емін-еркін сапарлап кете беретін тегін жолторап жүйелерін қалыптастырды.

Жеке адамдарға төлқұжат жасамай-ақ, жолаушы адам өз руын айтса болды, кез келген адам оның қай ауылдан екенін айнытпай танып, егер өте алыс жерге келсе ауыл ақсақалдары оның қай жүзге жататынын сұрап ары қарай таратып кете беретін жеке жадтан қоғамдық жадыға дейін дамыған ерекше биокомьпютерлік жүйе қалыптасқаны таңданарлық еді. 

Бала бақша, университетсіз отбасы мектебінен бастап... ақсақал, ақбасты әжелер даналығына дейін шарықтаған бүтіндей қазақы төл білім жүйесін қалыптастырып отырды, бөтендерден ең керектіні алып, өзіндік салтқа айналдырып,  жатжұртқа еліктемей өз мәдениетін де, өз тұрмыс құралдарын да құра білді...

Қазір осы ерекше рухани өркениеттің тірі көзіндей болған қайталанбас дала әуендері мен терең тебіреністі домбыра күйлері ғана бізге мұра болып қалғандай!

Расында, мұндай ғажап қоғамдық жүйе адамзат тарихында бұрын соңды болмағанын өзгелер айтуға жасырды, ал өзіміз мүлде ұмытып қалдық. Себебі, соңғы екі жүз жыл бойы осы асыл құндылықтарымызға үнемі сырттан қастандық жасалып, үздіксіз асылдарымыздан айырылумен келдік. Ақыры жады бұзылған жабырқау, жатжұртқа жалпақтағыш жалтақой, «біреудің қаңсығын таңсық көретін» еліктегіш тобырға айналдық... Ең соңында, өрттен аман қалған өміршең түбірлерден сүмбіл болып қайта көктеп келе жатқан жанкешті батыр халыққа ұқсаймыз. Бәрін қайта қалпына келтіруге тиіспіз, әсіресе рухани құндылықтарды қалпына келтірсек, материалдық құндылықтар уайым болмауы керек.

Үшінші тарауда: Ауыз әдебиеті мен коммунизм режиміне дейінгі жазба әдебиеттегі Ислами құндылықтардың көріністерін әрбірінен нақты мысалдар алып бір бір тақырып етіп жазып шығуға мол мүмкіндік бар. Осы арқылы жеке дін ғұламалары мен жыраулардың жеке өмірбаянын жазса біздің халқымыз Хақ дін жолында қаншалықты күрескер болғанын айғақтай алар едік. Мәселен, арыда, Өзбек хан, Әйтеке би, Төле би, Қазыбек би, Бұхар жырау... беріде Зар заман жыраулары... кейінгі Ыбырай, Абай, Шәкәрім, Ақыт хажы, Мәшһүр Жүсіп, Жәдік Дөңтай имам, Жалел Ноғай молда, Сәдуақас Ғылмани, Ағжан Машани, Халифа Алтай, Ғазез қажы, Мұзбай имам... және мүлде ұмытылған қаншама діни қайраткерлер бар!

Міне, бұл жазылған шағын тарихи эссе шолу қазақ деген мұсылман қауымның Ислами ғұмырбаянының картасы болып шығады. Осы карта бойынша бүкіл бастаукөз, қайнақтарды тауып алып жеке жеке талдап анықтауға ден қоятын кезең иншаллаһ, таяп келе жатқанға ұқсайды...

0 пікір