Пайғамбарымыз ﷺ үзбей оқыған дұға
Пайғамбарымыз ﷺ үзбей оқыған дұға
8 жыл бұрын 25215

Ең сенімді хадис кітаптарында кездесетін бұл дұғаны бізге атақты сахаба Абдулла ибн Омар (р.а.) жеткізген. Ол: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұл дұғаны міндетті түрде, күн сайын таңертең және кешке үзбей оқитын еді», − деген. Сонымен қатар, Әнәс ибн Мәликтен (р.а.) жеткен бір хадисте, сахабалардың бірі: «Ең абзал дұға қандай?», − деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оған: «Алладан дүниеде және ақыретте кешірім мен есендік сұраған дұға», − деп жауап берген. Әлгі адам осы сұрағын үш рет қайталап сұраса да, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дәл осы жауабынан танбаған. Сөйтіп, сөзінің соңында: «Дүниеде және ақыретте күнәларың кешіріліп, есендік берілсе, нағыз бақытқа бөленгенің» − деген. Осыған байланысты Тирмизидің «Сунән» атты хадис жинағындағы бір хадисте хазірет Аббас (р.а.) өзінің қартайып ажалының жақындағанын айтып, Пайғамбарымыздан Алла Тағаланың құзырында сауабы мол болған бір дұға үйретуін қайта-қайта өтінеді. Сонда Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оған: «Алладан дүниеде және ақыретте есендік тіле», − деген. Сондай-ақ, аталмыш еңбекте Әнәс ибн Мәлик (р.а.) жеткізген басқа бір хадисте Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сахабаларына: «Азан мен қамат арасында оқылған дұға кері қайтарылмайды», − дегенде, сахабалар: «Сол уақытта не деп дұға етейік?», − деп сұрайды. Сонда, пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оларға: «Алладан дүниеде және ақыретте есендік тілеңдер», − деп жауап береді.

 

Оқылуы: 

Лә иләәһә иллаллаһу уаллаһу әкбар, лә иләәһә иллаллаһу уахдәһу, лә иләәһә иллаллаһу лә шәриикә ләһу, лә иләәһә иллаллаһу ләһулмульку уә ләһул-хамду, лә иләәһә иллаллаһу уә лә хаулә уә лә қууәтә иллә билләһи. Аллаһуммә инни әс'әлукәл ‘афиятә фиддүниә уәл-әәхира. Аллаһуммә инни әс'әлукә әл‘афуа уәл-‘афиятә фи диини уә дүниәйә уә әһли уә мәәли, Аллаһуммә-стур ‘аураати уә әәмин рау‘ати.
Аллаһумма-хфаз ни мин бәйни йәдәйиә уә мин халфи уә ‘ан йәмиини уә ‘ан шимәәли уә мин фәуқи уә ә‘ууз у би‘аз амәтикә ән уғтәәлә мин тахти.

 

Мағынасы:

Алладан басқа тәңір жоқ, Алла – ұлы. Алладан басқа тәңір жоқ, Ол – жалғыз. Алладан басқа тәңір жоқ, Оның ешбір серігі де жоқ. Алладан басқа тәңір жоқ, бар мадақ пен бар билік Аллаға тиесілі. Алладан басқа тәңір жоқ, бар күш те, қуат та бір Аллаға тән. Уа, Аллаһым, бір Өзіңнен дүниеде және ақыретте есендік тілеймін! Уа, Аллаһым, бір Өзіңнен дініме, дүниедегі тіршілігіме, отбасыма және мал-мүлкіме кешірім мен есендік тілеймін! Уа, Аллаһым, кемшіліктерімді жасыра гөр және барлық қорқыныштарымды сейілте гөр! Уа, Аллаһым, мені алдымнан, артымнан, оңымнан, солымнан әрі төбемнен төнетін барлық қауіп-қатерлерден қорғай гөр! Сондай-ақ, аяқ астынан опасыздыққа ұшыраудан бір Өзің сақтай гөр!

(Сунәну Әби Дәууд, Китәбу әл-әдәб 4412; Сунәну Ибни Мәжа, Китәбу әд-ду‘а 3838, 3861; Муснәду Ахмәд ибн Ханбәл, Муснәду әл-муксиринә мин әс-сахаба 4554; Сунәну Тирмизи Китәбу әдда‘ауат 3518)

3 пікір