Ораза туралы хадистер
Ораза туралы хадистер
5 жыл бұрын 9069
Асқар БОЛАТБЕКҰЛЫ

Ибн Омардың (р.а.) риуаят етуінше, Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:

«Ислам діні мына бес нәрсеге негізделген: Алладан басқа тәңірдің жоқтығына куәлік келтіру, Мұхаммедтің Құдайдың құлы әрі елшісі екеніне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, қажылыққа бару және Рамазан айында ораза ұстау»(Бұхари, Иман 1; Мүслим, Иман 19.)

عَنِ ابْنِ عُمَرَ أَنَّ رَسُولَ اللّٰهِ قَالَ: «بُنِيَ الْإِسْلَامُ عَلٰى خَمْسٍ: شَهَادَةِ أَنْ لَا إِلٰهَ إِلَّا اللّٰه ُ وَ أَنَّ مُحَمَّدًا عَبْدُهُ وَ رَسُولُهُ وَ إِقاَمِ الصَّلَاةِ وَ إِيتَاءِ الزَّكَاةِ وَ حِجِّ الْبَيْتِ وَ صَوْمِ رَمَضَانَ»

Әбу Хұрайраның (р.а.) риуаят етуінше, Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:

«Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі». (Бұхари, Саум 6; Мүслим, Сиям 203.)

عَنْ أَب۪ي هُرَيْرَةَ عَنِ النَّبِيِّ قَالَ: «مَنْ صَامَ رَمَضَانَ إ۪يمَانًا وَ احْتِسَابًا غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ».

Әбу Хұрайраның (р.а.) риуаят етуінше, Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Жаңа туған айды көргенде, ораза ұстаңдар, ал жаңа туған келесі айды көргенде, ораза ұстауды доғарыңдар». (Бұхари, Саум 11; Мүслим, Сиям 4.)

عَنْ أَب۪ي هُرَيْرَةَ أَنَّ رَسُولَ اللّٰهِ قَالَ: «صُومُوا لِرُؤْيَتِهِ وَ أَفْطِرُوا لِرُؤْيَتِهِ»

Әбу Хұрайраның (р.а.) риуаят етуінше, Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Ұлылығы шексіз Алла тағала: Адам баласының ұстаған оразасынан басқа барлық амалдары өзіне. Ал оразаның жөні бөлек. Өйткені, ораза Менің разылығым үшін ұсталады. Сондықтан да, оның қарымын (сауабын) Өзім беремін – деген». (Бұхари, Саум 9; Мүслим, Сиям 163.)

عَنْ أَب۪ي هُرَيْرَةَ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللّٰهِ: «قَالَ اللّٰه ُ: كُلُّ عَمَلِ ابْنِ آدَمَ لَهُ إِلَّا الصِّيَامَ فإِنَّهُ ليِ وَ أَنَا أَجْزِي بِهِ».

Әбу Хұрайраның (р.а.) риуаят етуінше, Алла елшісі (с.а.у.) былай деген: «Ораза – (ауыз бекітушіні күнәлардан, тозақтан қорғайтын) қалқан». (Бұхари, Саум 9; Мүслим, Сиям 163.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللّٰهِ: «قَالَ اللّٰه ُ : الصِّيَامُ جُنَّةٌ »

Әбу Хұрайраның (р.а.) риуаят етуінше, Пайғамбарымыз (с.а.у.) құдіреті күшті Алла тағаланың мына сөзін жеткізді: «Кім болса да ораза ұстаған күні жаман сөз айтпасын әрі ешкімге дауыс көтермесін. Егер біреу тіл тигізіп не өзімен төбелеспек болса, оған: – Аузым берік! – деп ескертсін». (Бұхари, Саум 9; Мүслим, Сиям 163.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللّٰهِ: «قَالَ اللّٰه ُ: فَإِذَا كَانَ يَوْمُ صَوْمِ أَحَدِكُمْ فَلَا يَرْفُثْ وَ لَا يَصْخَبْ فَإِنْ سَابَّهُ أَحَدٌ أَوْ قَاتَلَهُ فَلْيَقُلْ: إِنِّي صَائِمٌ »

Әбу Хұрайраның (р.а.) риуаят етуінше, Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Мұхаммедтің жанын уысында ұстаған Алланың атымен ант етейін! Ораза ұстаушының аузынан шыққан жағымсыз иіс Аллаһ тағаланың құзырында мисктің иісінен де хош болып табылады». (Бұхари, Саум 9; Мүслим, Сиям 163.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللّٰهِ: «قَالَ اللّٰه ُ: وَ الَّذِي نَفْسُ مُحَمَّدٍ بِيَدِهِ لَخُلُوفُ فَمِ الصَّائِمِ أَطْيَبُ عِنْدَ اللّٰهِ مِنْ رِيحِ الْمِسْكِ »

Әбу Хұрайраның (р.а.) риуаят етуінше, Алла елшісі (с.а.у.) былай деген: «Ораза ұстаушының екі үлкен қуанышы бар: ауыз ашқанына қуанады және Раббысымен қауышқанда ораза ұстағанына қуанады». (Бұхари, Саум 9; Мүслим, Сиям 163.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللّٰهِ: «قَالَ اللّٰه ُ: لِلصَّائِمِ فَرْحَتَانِ يفْرَحُهُمَا: إِذَا أَفْطَرَ فَرِحَ بِفِطْرِهِ وَ إِذَا لَقِيَ رَبَّهُ فَرِحَ بِصَوْمِهِ»

Сәһл ибн Сағдтың (р.а.) риуаят етуінше, Алла елшісі (с.а.у.) былай деген: «Ораза ұстаған адамдар ауыз ашуға асыққан кездері үнемі жақсылықта болады» (Бұхари, Саум 45; Мүслим, Сиям 48. )

عَنْ سَهْلِ بْنِ سَعْدٍ أَنَّ رَسُولَ اللّٰهِ قَالَ: «لَا يَزَالُ النَّاسُ بِخَيْرٍ مَا عَجَّلُوا الْفِطْرَ»

Сәлман ибн Амир әд-Даббидың (р.а.) риуаят етуінше, Алла елшісі (с.а.у.) былай деген: «Ораза ұстағанда, ауыздарыңды құрмамен ашыңдар. Құрма таба алмасаңдар, сумен ашыңдар, өйткені, су тазартатын қасиетке ие» (Әбу Дәуіт, Саум 21; Тирмизи, Саум 10.)

وَعَنْ سَلْمَانَ بْنِ عَامِرٍ الضَّبِّيِّ الصَّحَابِيِّ عَنِ النَّبِيِّ قَالَ: «إِذَا أَفْطَرَ أَحَدُكُمْ فَلْيُفْطِرْ عَلٰى تَمْرٍ، فَإِنْ لَمْ يَجِدْ فَلْيُفْطِرْ عَلٰى مَاءٍ فَإِنَّهُ طَهُورٌ».

Әбу Хұрайраның (р.а.) риуаят етуінше, Алла елшісі (с.а.у.) былай деген: «Кімде-кім ауыз бекіте тұра, өтірік айтуын қоймаса әрі алаяқтық істеуін доғармаса, оның ішіп-жеуден ғана тыйылғаны Алла тағалаға қажет емес» (Бұхари, Саум 8. )

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ قَالَ: قَالَ النَّبِيُّ: «مَنْ لَمْ يَدَعْ قَوْلَ الزُّورِ وَ الْعَمَلَ بِهِ فَلَيْسَ لِلّٰهِ حَاجَةٌ فِي أَنْ يَدَعَ طَعَامَهُ وَ شَرَابَهُ».

Әбу Дәрда (р.а.) риуаят етуде: «Сүйікті пайғамбарым (с.а.у.) маған: «Ай сайын үш күн ораза ұстауды, дұха намазын оқуды және үтір намазын оқымайынша ұйықтамауды өсиет етті» (Мүслим, Салатүл-мүсәфирин 86.)

عَنْ أَبِي الدَّرْدَاءِ قَالَ: «أَوْصَانِي حَبِيبِي بِثَلَاثٍ لَنْ أَدَعَهُنَّ مَا عِشْتُ: بِصِيَامِ ثَلَاثَةِ أَيَّامٍ مِنْ كُلِّ شَهْرٍ وَ صَلَاةِ الضُّحٰى وَ بِأَلَّا أَنَامَ حَتّٰى أُوتِرَ».

Әбу Хұрайраның (р.а.) риуаят етуінше, Алла елшісі (с.а.у.) былай деген: «Рамазан айы келгенде, жаннаттың қақпалары айқара ашылып, тозақтың қақпалары жабылады, шайтандар кісенделеді» (Бұхари, Саум 5; Мүслим, Сиям 1. )

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ أَنَّ رَسُولَ اللّٰهِ قَالَ: «إِذَا جَاءَ رَمَضَانُ فُتِّحَتْ أَبْوَابُ الْجَنَّةِ وَغُلِّقَتْ أَبْوَابُ النَّارِ وَصُفِّدَتِ الشَّيَاطِينُ».

Әнәстің (р.а.) риуаят етуінше, Алла елшісі (с.а.у.) былай деген: «Сәресіні ішіңдер, өйткені, сәресі уақытында ішілген аста береке бар» (Бұхари, Саум 20; Мүслим, Сиям 45.)

عَنْ أَنَسٍ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللّٰهِ: «تَسَحَّرُوا فَإِنَّ فِي السُّحُورِ بَرَكَةً»

Амр ибн әл-Астың (р.а.) риуаят етуінше, Алла елшісі (с.а.у.) былай деген: «Біздің оразамыз бен Кітап иелерінің оразасының арасындағы негізгі айырмашылық – сәресіні ішу». (Мүслим, Сиям 46.)

وعَنْ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ أَنَّ رَسُولَ اللّٰهِ قَالَ: «فَضْلُ مَا بَيْنَ صِيَامِنَا وَ صِيَامِ أَهْلِ الْكِتَابِ أَكْلَةُ السَّحَرِ»

Әбу Сайыдтың (р.а.) риуаят етуінше, Алла елшісі (с.а.у.) былай деген: «Қандай да бір пенде Раббысының жолында бір күн ораза ұстаса, Хақ тағала сол күннің құрметіне оның жүзін тозақ отынан жетпіс жылға алыстатады» (Бұхари, Жиһад 36; Мүслим, Сиям 167.)

عَنْ أَبِي سَعِيدٍ الْخُدْرِيِّ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللّٰهِ: «مَا مِنْ عَبْدٍ يَصُومُ يَوْمًا فِي سَبِيلِ اللّٰهِ إِلَّا بَاعَدَ اللّٰه ُ بِذٰلِكَ الْيَوْمِ وَجْهَهُ عَنِ النَّارِ سَبْعِينَ خَرِيفًا»

Әнәстің (р.а.) риуаят етуінше, Пайғамбарымыз (с.а.у.) бірде өзіне дәм ұсынған сахабасының үйінде былай деп дұға еткен: «Үйлеріңде ораза ұстағандар ауыз ашсын. Дастархандарыңнан әрдайым салиқалы, тақуа жандар дәм татсын. Періштелер сендер үшін Алладан рақым, жарылқау тілесін» (Әбу Дәуіт, Әтғима 54.)

عَنْ أَنَسٍ قَالَ النَّبِيُّ: «أَفْطَرَ عِنْدَكُمُ الصَّائِمُونَ وَ أَكَلَ طَعَامَكُمُ الْأَبْرَارُ وَ صَلَّتْ عَلَيْكُمُ الْمَلَائِكَةُ».

Айша анамыз (р.а.) риуаят етуде: «Алла елшісі (с.а.у.) Рамазан айының соңғы он күнінде түні бойы құлшылық жасап, отбасы мүшелерін (ғибадат жасау үшін) оятып, құлшылық мәселесінде ерекше ынта-жігер танытатын еді» (Бұхари, Ләйләтул-қадр 5; Мүслим, Иғтикаф 7.)

عَنْ عَائِشَةَ قَالَتْ: «كَانَ رَسُولُ اللّٰهِ إِذَا دَخَلَ الْعَشْرُ الْأَوَاخِرُ مِنْ رَمَضَانَ أَحْيَا اللَّيْلَ وَ أَيْقَظَ أَهْلَهُ وَ جَدَّ وَ شَدَّ الْمِئْزَرَ».

Әбу Хұрайраның (р.а.) риуаят етуінше, Алла елшісі (с.а.у.) былай деген: «Үлкен күнәларға жоламау шартымен бес уақыт намаздың әрқайсысы келесі намазға дейінгі, әр жұма намазы келесі жұма намазына дейінгі, әр рамазан келесі рамазанға дейінгі аралықтағы жасалған күнәларға кешірім болады» (Мүслим, Тахарат, 16. Мүслим, Тахарат, 14, 15.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ، أَنَّ رَسُولَ اللّٰهِ كَانَ يَقُولُ: «الصَّلَوَاتُ الْخَمْسُ وَ الْجُمُعَةُ إِلَى الْجُمُعَةِ وَ رَمَضَانُ إِلَى رَمَضَانَ مُكَفِّرَاتٌ مَا بَيْنَهُنَّ إِذَا اجْتَنَبَ الْكَبَائِرَ».

Айша анамыз (р.а.) риуаят етуде: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) бақиға аттанғанға дейін Рамазан айының соңғы он күнінде иғтиқаф жасайтын. Ардақты елші өмірден озғаннан кейін иғтиқаф жасауды жұбайлары жалғастырды» (Бұхари, Иғтиқаф, 1.)

عَنْ عَائِشَةَ - أَنَّ النَّبِيَّ كَانَ يَعْتَكِفُ الْعَشْرَ الْأَوَاخِرَ مِنْ شَهْرِ رَمَضَانَ حَتَّى تَوَفَّاهُ اللّٰه ُ عَزَّ وَ جَلَّ ثُمَّ اعْتَكَفَ أَزْوَاجُهُ مِنْ بَعْدِهِ

Зәйд ибн Халид әл-Жүхәнидың (р.а.) риуаят етуінше, Алла елшісі (с.а.у.) былай деген: «Аузы берік кісіге ауыз аштырғанға ораза ұстағанның сауабындай сауап беріледі. Бұдан ораза ұстаушының сауабы еш кемімейді» (Тирмизи, Саум, 82.)

قَالَ زَيْدُ بْنُ خَالِدٍ الْجُهَنِيُّ : قَالَ رَسُولُ اللّٰهِ: «مَنْ فَطَّرَ صَائِمًا كَانَ لَهُ مِثْلُ أَجْرِهِ غَيْرَ أَنَّهُ لاَ يَنْقُصُ مِنْ أُجُورِهِمْ شَيْئٌ».

Әбу Хұрайраның (р.а.) риуаят етуінше, Алла елшісі (с.а.у.) былай деген: «Небір ораза ұстаушылар бар, ұстаған оразасының ашығудан өзге түк берері жоқ. Небір түнде тұрып нәпіл ғибадат жасаушылар бар, ұйқысыз қалғаннан өзге түк табары жоқ» (Ибн Мажә, Сиям, 21.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ قَالَ رَسُولُ اللّٰهِ: «رُبَّ صَائِمٍ لَيْسَ لَهُ مِنْ صِيَامِهِ إِلَّا الْجُوعُ وَ رُبَّ قَائِمٍ لَيْسَ لَهُ مِنْ قِيَامِهِ إِلَّا السَّهَرُ».

Әбу Әйюбтың (р.а.) риуаят етуінше, Алла елшісі (с.а.у.) былай деген: «Кімде-кім Рамазан айының оразасын ұстап, одан кейінгі Шәууәл айында да алты күн ауыз бекітсе, жыл бойы үзбей ораза ұстағандай сауап алады» (Мүслим, Сиям 204. )

عَنْ أَبِي أَيُّوبَ أَنَّ رَسُولَ اللّٰهِ قَالَ: «مَنْ صَامَ رَمَضَانَ ثُمَّ أَتْبَعَهُ سِتًّا مِنْ شَوَّالٍ كَانَ كَصِيَامِ الدَّهْرِ».

Айша анамыздың (р.а.) риуаят етуінше, Алла елшісі (с.а.у.) былай деген: «Қадір түнін Рамазан айының соңғы он күнінің тақ түндерінен іздеңдер». (Бұхари, Ләйләтүл-қадр, 3.)

عَنْ عَائِشَةَ أَنَّ رَسُولَ اللّٰهِ قَالَ: «تَحَرَّوْا لَيْلَةَ الْقَدْرِ فِي الْوِتْرِ مِنَ الْعَشْرِ الْأَوَاخِرِ مِنْ رَمَضَانَ»

0 пікір