Перғауынның түбіне жеткен — оның тас боп қатып, жібімеген көкірегі мен тоңмойындығы еді. Оның соңынан Әбу Жәһил мен Әбу Ләһаб, Үтбә ибн Рабиға секілді көкірегі соқыр, тоңтеріс топ ерді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Бәдір соғысында оларды Бәдір құдығының шұңқырына көмді.
Құран Кәрімнен естіп-білген Нұх, Ад, Сәмүд қауымдары сияқты ертедегі халықтардың да және бүгінде көз алдымызда құрдымға кетіп бара жатқан елдердің де түбіне жеткен нәрсе — өздерінікі бұрыс, бұзық жол болса да, «менікі ғана жөн» деп сіресіп тұрып алуы еді және хақ жолындағылармен соңына дейін жауласулары еді. Мұндай соқыр табандылықтың соңы қай заманда да, бүгін де, ертең де оңбайтыны анық.
Сондай-ақ, бұрынғы қауымдардың құрып кетуі — ібілістің әр заманда адам баласының алдына әдемілеп әшекейлеп ұсынатын бір айласынан болды. Ол — ешбір қисынға келмейтін, ақиқаттан алыс, ескінің қате-кемшілігіне жабысып айырылмау айласы еді. Құранда бұл туралы: «Оларға: «Алланың түсіргеніне ілесіңдер»,— делінгенде, олар: «Жоқ, біз ата-бабаларымызды қандай жолда көрсек, сол жолға ілесеміз»,— дейді» немесе «Біз ата-бабаларымызды осы бір дінде көрдік, біз де солардың ізімен жүреміз» деген секілді аяттармен анық сипатталған.
Әрине, адамның өз тарихын, мұрасын, салт-дәстүрі мен байырғы мәдениетін қастерлегенінде тұрған ештеңе жоқ. Бірақ ол құндылықтар тура жолмен, ақиқатпен үйлесіп тұруы керек. Егер ата-бабаның ұстанған жолы қате болып, теріс нәрсеге негізделсе, оның бізге қандай пайдасы бар?
Міне, сондықтан да адамға тоңмойын, сірескен сана емес, сергек, ақ-қараны айыра білетін көреген, сау ақыл керек. Санасы ояу адам ата-бабадан қалған салт пен сенімді пайғамбарлар әкелген хақ өлшемдерге салып, үнемі екшеп, түзеп отырады. Мұндай қадам — оны уақыт өтпей тұрып, орны толмас қателіктен құтқарады. Ал пайғамбарлардың басты міндеті де — тас боп қатып қалған саналарды жібітіп, оларды ақиқатты қабылдауға дайындау, жалғанды тастатып, тура жолға салу еді.
Қысқасы, сірескен тоңмойындық ақыл иесін міндетті түрде апатқа соқтыратын жаман қасиет. Мұндай сана — соқыр еліктеушілік пен тобырдың ізіне ілесіп, оларға жалтақтаушылық үстемдік құрған ортадан шығады. Мұндай ортада адам қоғамдағы беделді тұлғалардың қателесіп тұрғанын біле тұра, «көптен бөлінгенді бөрі жейді» деп, солардың соңынан соқырша ере береді. Мұның бәрі — ақылдың икемсіздігінен, дұрыс ойлау қабілетінің жоқтығынан және жақсыны алып, жаманды тастайтын ішкі мәдениеттің кемсіндігінен. Ондай адамдар үшін жұрт жақсы дегенді — жақсы, жаман дегені — жаман болып, өз бетінше бағыт ұстана алмайды.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына бір хадисінде тыйым салған қылық дәл соның өзі:
«Ешқайсысың соқырлықпен ерме, жалтақ болмаңдар! «Мен жұртпен біргемін, жұрт жақсылық жасаса — мен де жақсымын, жұрт жаман болса — мен де жаманмын» деуші болмаңдар. Керісінше, өздеріңді мынаған тәрбиелеңдер: егер жұрт жақсылық жасаса, сендер де жақсылық жасаңдар, ал егер олар жамандық қылса, сендер әділетсіздікке (жамандыққа) бармаңдар».
islamonlinenet/حين-يتحجر-الفك -تسقط-الحضارات/ Қазақшалаған islam.kz