Зинашы жігіт (әңгіме)
Зинашы жігіт (әңгіме)
2 сағат бұрын 150 islam.kz/
Абдулла Самға

Қаланың қақ ортасындағы жалдамалы пәтердің төрінде Ербол отыр. Бөлме іші тұншықтырады, ауадағы ауыр иіс пен терезеден түскен қаланың жымыңдаған суық шамдары оның ішкі дүниесіндей қараңғы. Оның қасында Әсем жатыр. Сұлу, нәзік, көздері мөлдіреген келіншек. Бірақ дәл қазір сол көздердегі сұлулық Ерболға қорқынышты болып көрінді. Ол Әсемнің қолындағы неке жүзігіне көзі түскенде, денесінің тітіркеніп, жүрегінің қан жылағанын сезді. Бұл жүзік – басқаның адалдығының белгісі, ал ол – сол адалдықты аяқасты етуге себепші болған арсыздың бірі.

Ерболдың жүрегі – қақ жарылған тақтайдай болды. Ол өзінің өткен өмірін ой елегінен өткізді. Жігіттік шақтың буымен, нәпсінің жетегінде жүріп, не істемеді? Ақ-қараны ажыратпай, «өмір бір-ақ рет беріледі» деген жалған ұранмен неше бір күнәлі істерге бармады. Зина... Бұл сөздің ауырлығын, оның жүректі қалай қарайтатынын кезінде ойламапты. Қыз-қырқынның ортасында, нәпсінің құлы болған сол күндері оған бәрі ойын сияқты көрінген.

Бірақ қазір... қазір әлгіндей емес. Ол терезеге жақындап, сыртқа қарады. Санасында кешегі мен бүгінгінің көрінісі кинотаспаша тізіле берді. «Ол әйел – жарының сенімін арқалап жүрген жан еді-ау, – деді ол іштей өзіне жеккөрінішпен, – ал мен ше? Адалдықтың ошағына суық қол салып, азғырудың тәтті уымен оны есінен тандырып, қалайша төсекке топ еткізіп құлаттым?..»

Бұл сұрақ оның кеудесін тепкілеп, демалысын тарылтты. Жүрегі қысылды. Ол «жеңіске» жеткендей емес, ең қымбат дүниесін – адамдық қадірін осы жерде шашып кеткендей сезінді. Кеше ғана қарт әжесінің «Балам, нәпсі – жау, оған ерсең, өзіңді жоғалтасың, иманды бол» деген сөздерін есіне алды. Сол сәтте оның көкірегінде бір нәрсе сыздап қоя берді. Ол өткені үшін емес, өткенін бүгінге жеткізгені үшін, сол күнәларының ізі әлі күнге дейін жүрегіндегі ақ парақты дақтап жатқаны үшін өкінді.

Ол басын жоғары көтеріп сыбырлады: — Иә, Жаратушы Ием! Мен өзіме зиян жасадым. Нәпсімнің тұтқыны болдым. Енді ғана түсіндім, өмірдің мәні – нәпсіні тыюда екенін. Өтінемін, жүрегімді бұл қара дақтардан тазарта көр. Мен қайтадан адам болғым келеді.

— Мен... мен енді бұлай істей алмаймын, — деді ол үні дірілдеп.

Пәтерден шығып, суық көшеге бет алғанда, түннің салқыны оны маңдайдан ұрды. Ол жүрегіндегі зілді, өкініштің істік инелерінінің қадалғанын сезініп тұрды. Енді ол өмір бойы осы сәт үшін жауап беретінін, бұл дақ – ешқандай сумен жуылмайтынын түсінді. Ол үйіне емес, өзінің адамгершілігін қайта іздеу жолына қарай бет алды.

Осы тұста жақын маңнан азанның үні естілді. Таң алдындағы тыныштықты қақ жарып шыққан сол бір қасиетті үн Ерболды орнынан тоқтатты. Ол оң жағына жалт қарағанда, анадай жерде мешіттің әсем мұнарасы көрініп тұр екен. Ай сәулесімен шағылысқан мұнараның ұшар басы ақиқатқа жетелейтін шамшырақтай жарқырайды.

«Тәубе. Иә. Тәубе...» деп сыбырлады ол, дауысы дірілдеп. «Құдайдың кешірмейтін күнәсі жоқ. Шын Құдайға бет бұрып, түзелсем, ол мені кешіреді. Әлі де болса мүмкіндігім бар», — деп ойлады мешіттің мұнарасына телміре қарап...


islam.kz 

 

 

0 пікір