Күнәлардың жазаларының бірі — жүрек өмірінің негізі болып табылатын уяттың жоғалуы. Уят — барлық қайыр-жақсылықтың түп-тамыры, ал оның жоғалуы — бүкіл жақсылықтың жоғалуы.
«Сахихте» Пайғамбардан (саллаллаһу алейхи уә сәлләм) мынадай хадис келтіріледі:
«Уят — барлық жақсық болып табылады».
Сонымен қатар Ол (саллаллаһу алейхи уә сәлләм):
«Алдыңғы пайғамбарлардың сөзінен адамдарға жеткен өсиеттердің бірі: "Егер ұялмасаң, қалағаныңды істе!"», — дегендік.
Бұл сөздің екі түрлі түсіндірмесі бар:
Біріншісі: Бұл сөз сес көрсету, ескерту ретінде айтылған. Мағынасы: кім ұялмаса, ол қалаған барлық жамандықты істей береді. Өйткені жамандықтан тыятын нәрсе — уят. Егер оны жамандықтан қайтаратын уят болмаса, ол соны істейді. Бұл — Әбу Убайданың түсіндірмесі.
Екіншісі: Егер істейтін ісіңнен Алладан ұялмасаң, онда оны істей бер. Расында, тәрк етілуі тиіс нәрсе — Алладан ұялу керек болған істер. Бұл — Имам Ахмадтың Ибн Һани арқылы жеткен риуаятындағы түсіндірмесі.
-
Алғашқы түсіндірме бойынша: бұл ескерту мағынасында, Құрандағы: «Қалағандарыңды істеңдер...» («Фуссиләт» сүресі, 40-аят) деген аяттағыдай.
-
Екінші түсіндірме бойынша: бұл рұқсат беру және мубах ету мағынасында.
Егер: «Оны осы екі мағынаға бірдей жатқызуға жол бар ма?» — деп сұралса, мен айтар едім: «Жоқ, тіпті ортақ сөздерді барлық мағынасында қабылданады дейтіндендердің сөзі бойынша да мүмкін емес. Өйткені рұқсат беру мен қатаң ескерту бір-біріне қарама-қайшы. Дегенмен, бұл екі мағынаның бірін ескеру екіншісі мағынаны да ескеруді керек етеді.
Мұндағы көзделген мақсат — күнәлар пенденің бойындағы уятты әлсіретеді, тіпті кейде одан уят мүлде сыпырылып түседі десе де болады. Содан соң ол адамдардың оның жаман күйін білгеніне де, онысын байқап қойғанына да мән бермейтін болады. Тіпті көбі өздерінің жағдайын және жасаған істерін өз ауыздарымен айтып та жатады. Оны бұған итермелейтін нәрсе — одан уяттың мүлде келместей болып жоғалуы. Егер пенде осы күйге жетсе, оның түзелуінен үміт қалмайды.
Араб тілінде «уят» (хайя) сөзі «өмір» (хаят) сөзінен шыққан. Осыған ұқсас жаңбыр да «хая» деп аталады, өйткені ол арқылы жердің, өсімдіктердің және жануарлардың өмірі сақталады. Сол сияқты хайя (уят) сөзімен де дүние мен ақыреттің өмірі де аталған. Кімде уят болмаса, ол бұл дүниеде — өлік, ал ақыретте — бақытсыз.
Күнәлар мен уяттың азаюы және намыстың (ғайраттың) жоғалуы арасында екіжақты тығыз байланыс бар. Олардың әрқайсысы екіншісін шақырады әрі бір-бірін жылдам талап етеді.
Кім күнә жасаған кезде Алладан ұялатын болса, Алла да Онымен жолығатын күні оны жазалаудан ұялады. Ал кім күнә жасағанда ұялмаса, Алла да оны жазалаудан ұялып отырмайды.