Имам Ғазали түсіндірген тазалықтың төрт сатысы
Имам Ғазали түсіндірген тазалықтың төрт сатысы
8 жыл бұрын 11113
Бердібек Мәсенов

Ірі ғұлама имам Ғазалидың айтуынша, адам шынайы тазалық үшін төрт сатыдан өтуі керек. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) бір хадисінде: «Тазалық – иманнан» деген. Бұл сөз мүминдер үшін терең мағыналарды білдіреді. Неге десеңіз, Ұлы раббымыз көптеген аятта тазалықтың маңызына баса назар аударған. Өкініштісі, бұндай маңызды мәселені тар шеңберде ойлап, көбіне бір жақ қырымен ғана қолға аламыз. Тазалықтың тек материалды жағына ғана қарап, бізді иманда сатылап өсіруін елемейміз. Имам Ғазали «Ихия-у улумуд-дин» атты еңбегінде кәміл мағынада иманға биіктеуіміз үшін тахараттың төрт сатысы туралы сөз етіп, бізге жол көрсеткен. Имам Ғазалидың пікірінше, тазалыққа қол жеткізу үшін сырттайғы кір мен ластықтардан тазаланып, дене мүшелерін күнәлардан тазалап, жүректі ұнамсыз қылықтардан алыс ұстап, «сырды» бөтен жайттардан тазалау керек. Ал енді бізді сыртқы және рухани тазалыққа жеткізетін осы сатыларға тоқталып өтейік.

 

Сыртқы кір мен лас нәрселерден тазалану

Имам Ғазали тахараттың алғашқы сатысы ретінде сыртқы кір мен лас нәрселерден тазалануды айтуда. Хадас пен нәжістен тахаратқа дейінгіні қамтитын бұл тазалық жай қарапайым халыққа тән. Намаз секілді көптеген құлшылықта мұсылмандардың сыртқы тазалыққа мұқият көңіл бөлуі міндетті.

 

Дене мүшелерін күнәдан тазалау

Имам Ғазали тазалық сатысының екіншісі ретінде дене мүшелерін күнәдан тазалау керек деген пікірде. Ұлы Раббымыз «Бақара» сүресінде «Алла тәубамен өзіне қайтқандарды жақсы көреді, тазаланғандарды сүйеді» деуде. Кейбір ғалымдар осы аятты: Жаратушы ие тәуба ету арқылы тазаланғандарды сүйеді деп те қабылдайды. Яғни күнде моншаға түсу емес, тәуба арқылы рухани кірлерден арылғандарды ұнататындығы меңзелген.

Былайша айтқанда, Ислам тазалыққа ерекше мән беруде. Мәселен, адамның өзін таза ұстап, жұртқа таза көрінуі ғана жеткілікті емес. «Тазалық – иманның жартысы» деген хадис әрі сырттайғы тазалыққа, әрі рухани тазалыққа көңіл аудартуда. «Мен тазаландым. Дәрет те алдым. Нәжістен адамын. Сөйтіп діни тазалығымды аяқтадым» деген секілді тұжырым дұрыс, бірақ кемшілікті болып табылады.

Адамның шынайы мағынада адамдық деңгейіне көтерілуі үшін тәнін, Алла өзін берген қол, аяқ, көз, құлақ секілді барлық дене мүшелерін күнәлардан тазалауы қажет. Бұл тазалық күнә жасамай, күнә жасалған жағдайда шынайы жалбарынып, тәуба етумен жүзеге асады. Аллаға ұнамсыз істерді істеп кірлеген жандардың тәуба етіп, сол күнәлардан тазалануы тазалыққа себеп болуымен қатар адамның өз дене мүшелерін күнәдан алыс ұстауы, күнә істемеуге тырысуы да бір жағы тазалық болып табылады. Айталық, тіл секілді үлкен бір нығметті өтірік айтпау арқылы, ғайбат немесе өзгелерді тілдемей таза ұстай алады. Адамның өзі қарамауы тиіс жайттардан көзін тайдырып әкетуі көзін кірлетпей ұстауын білдіреді.

 

Жүректі ұнамсыз жайттардан тазалау

Имам Ғазали айтқан тазалық сатыларының үшіншісі – жүректі ұнамсыз қылықтардан таза ұстау. Бұл сатыдағы тазалық айтуға оңай болғанмен, істеуі қиын мәселе. Неге десеңіз, ол Алла ұнатпайтын жайттардың жүректе де болмауын білдіреді. Мәселен, бұл сатыда адамның жүрегіне жаман ниет қонақтамауы тиіс. Өзге біреу жайында жаман ойға бармауы да мұқият көңіл бөлу тиіс мәселе қатарында. Әркім ашу, ыза, қызғаныш, өшпенділік, жеккөру секілді сезімдерінің өзін бақылауда ұстауы тиіс. Адамның бұндай жамандықтардан өзін қорғауы да тазалықтың ең дұрысы болып табылады. Анығында бұндай сезімдердің баршада кездесуі қалыпты. Кейде біреуге ашуланып, салқын қабақ танытуымыз мүмкін. Бірақ ондайда біз ішкі қалауымызбен емес, ұлы раббымыздың бізден күткеніндей іс-әрекет жасауымыз керек. Ғаламның мырзасы Мұхаммед пайғамбарымыз да (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) ашуланатын. Бірақ ол сезімін іштей тұншықтырып, қатты бақылауға алатыны соншалықты, былайғы жұрт бұл кісі еш ашуланбайды-ау деп қалатын. Бұл тұста әр мұсылманға адамгершіліктен таймау міндеті жүктеледі. Бәрімізде іштей жағымсыз сезімдер мен ойлар кездесуі мүмкін. Маңыздысы, бұлардан өзімізді аулақ ұстауға тырысуымыз қажет. Бұл сатыдағы тазалыққа жету үшін жүрегінде жаман ой пайда болғанда: «Бауырың жайлы неге бұлай ойлайсың? Жүрегіңді таза ұста. Бұндай ойлардан өзіңді аулақ ұста» деп, дереу оны басуға талпынып, дереу онымен күрескен жөн.

 

Сырды (жүрек тереңдігін) Алладан басқа нәрселерден тазарту

Имам Ғазали айтқан тахарат сатыларының соңғы және жоғарғы сатысы сырды (жүрек тереңдігін) Алладан басқа барлық нәрседен (масиуа) тазалау. Бұл жердегі «сыр» жүрек деген мағынадан да терең мәнді білдіруде. Осы сырды сақтау әрі оны тазау ұстау бұл сатыда Алладан өзге барлық нәрсені ысыру дегенді білдіреді. Айталық, адам жүрегімен ет жақынын, ата-анасын немесе баласын жақсы көруі мүмкін. Алайда сырға келсек, ол сатыда жүректе Алладан өзгеге орын болмауы тиіс. Яғни, сенетін адам жүрекпен өзгелерді жақсы көруі мүмкін, бірақ сырын тек Аллаға ғана бөлуі тиіс. Ол жерде Алладан басқа, Аллаға иманнан басқа нәрсе болмауы керек. Міне, адам осы өреге жете алса, сырын сақтай алады. Алладан басқа ол жерге ешкімді қонақ етпегендіктен, оны таза ұстауы тиіс. Өз кезегінде бұл тазалықтың ең терең түсінігін қалыптастыруда. Имам Ғазали бұл саты пайғамбарлардың және пайғамбарлардан кейінгі ең жоғарғы деңгейге ие шыншылдардың (сыддық) тазалығы екендігін білдірген.

0 пікір