Актер Сергей Романович: Құран мен Інжілді салыстырып, бір айдан соң ислам дінін қабылдадым
Актер Сергей Романович: Құран мен Інжілді салыстырып, бір айдан соң ислам дінін қабылдадым
8 жыл бұрын 8640
Аударған Шынар ӘБІЛДӘ

Сергей Романович ресейлік көрерменге «Чернобыль. Зона отчуждения» деген фильмнен жақсы таныс. Одан да басқа «Экипаж», «Ласковый май» сынды киноларға түскен. Ол өзінің неліктен исламды қабылдағаны туралы талай сұхбат берді.  

Бұл шешімді Сергей төрт жыл бұрын қабылдаған. Бала күнінен әртіс православты христиан отбасында тәрбиеленген. Шоқынған. Николай Чудотворец әулиенің суретін тұмар қып тағып жүрген екен. Бірақ 17 жасында сенімінде кереғарлық көп екенін байқайды. Шіркеуге барып, дін қызметшісінен «Інжілдегі екінші өсиетте: “Өзіңе ешкімді пір тұтпа, суреттерге табынба” делінеді. “Ал, біз неге әулиелердің суреттеріне табынамыз?» - деп сұрайды. Дін қызметшісі сөзбұйдаға салып, әулиелер деген жолбастаушылар дегендей әңгіме айтады. «Мен жалпы максималистпін. Егер басында осылай жазылса, онда оны басқаша тәпсірлеу артық деп білем. Осылай ішімдегі кереғарлық пісіп жетілді. Шіркеуге бармай кеттім. Әулиелердің суреттеріне қарап шоқынбайтын болдым. Құдай әр адамның жанында деп түсіндім. Дін тобырды басқару үшін ойлап табылған деп бағаладым».  

Сергей 20 жасқа толғанда шешен досы Шәмілдің ағасымен дін хақында дауласып қалады.  Екеуі бес сағат таласып-тартысады. Шәмілдің ағасы оған, «Сен әртіссің, әртістігіңді дәлелдеу үшін образға енесің, сахнада ойнайсың. Ал, Құдайға сенгеніңді қалай көрсетесің, немен дәлелдейсің?» - деп сұрайды. Содан кейін Сергей Құран мен Інжілді қатар сатып әкеліп, салыстырып оқиды. Алланы тану үшін оның парыз еткен амалдарын бұзбай орындау керектігін мойындайды.

«Мені сол күннен бастап дін тақырыбы қызықтырды. Бардым да Құран мен Інжілді қатар сатып алдым. Салыстырғым келді. Ойым тек ақиқатты түсіну болды. Бір айдан кейін Исламды қабылдадым. Шәмілдің асүйінде отырып, сенімге толы жүрекпен: «Лә иллаха иллалла, Мұхаммадар расулАлла» деп мойындадым. Сол күннен бастап бес уақыт намаз оқимын. Осы жолы ораза ұстадым. Күн батқанша нәр татпай жүрдім», - дейді Сергей.

«Құранды бітірген соң соңындағы хадистерін оқыған кезде көзім шарасынан шыға жаздады. Таң қалысымда шек болмады! Барлық сауалға жауап таптым! Бәрі маған ғана арналып жазылып, менімен біреу сөйлесіп отырғандай күйде болдым. Түсіне алмай жүрген дүниенің бәрін қарапайым түрде айтып, жеткізгеніне тамсандым», - дейді әртіс кезекті бір сұхбатында.

Сергейдің ата-анасы алғашында ұлдарын сектаға кіріп кетті деп ойлады. Тек уақыт өте келе түсіністік таныта бастады. Ал Сергей Романовичтің өзі осыдан кейін діни сеніміне қайшы келетін фильмдерге түсуден бас тартты. Александра Головкова атты сұлуға үйленіп, некелерін мұсылманша қидырды.

 

2 пікір