Шаңырақ неге шайқалады? Ажырасудың басты 7 себебі
Шаңырақ неге шайқалады? Ажырасудың басты 7 себебі
3 сағат бұрын 153 islam.kz/

Адам баласы жаратылысынан жалғыздыққа жат, сыңарын тауып, отбасы болуға асығады. Екі жас махаббатпен қосылып, бақытты ғұмыр кешуді армандайды. Алайда, бүгінгі таңда "отау құру оңай, оны сақтау қиын" болып барады. Дәм-тұзы жараспай, ерте ажырасу белең алған заман болды. Босағаның берік болмауына не себеп? Кім кінәлі? Осы төңіректе ой қозғап көрейік.

1. Төркіннің төрге озған төрелігі

"Қыз - жат жұрттық" десек те, кейбір аналар тұрмысқа шыққан қызының өміріне араласуды тоқтатпайды. Әрине, ананың қызына деген жаны ашуы түсінікті, бірақ шаңырақ көтергеннен кейін әйел адам үшін бірінші кезекте отағасының ризашылығы тұруы керек. Анасы қызына күйеуінің табасын, киген киімін немесе тапқан табысын мін қылып, жамандай берсе, қыздың көңілі суып, соңы үлкен ұрысқа айналады. Бұл — отбасының іргесін өз қолымен сөгу. Хадисте айтылғандай: «Әйелін күйеуіне, құлын қожайынына айдап салушы бізден емес» (Әбу Дәуід).

Тёща - друг?

2. Ене мен келін — жаға мен жең

Кейде ұлын қимай, "балам әлі жас, бала" деп қарайтын аналар болады. Олар келінінен мін іздеп: "тамағы дәмсіз, үйі жинақы емес, балаға дұрыс қарамайды" деп ұлының құлағына сыбырлаумен болады. Бұл жерде ер азаматтың парасаты сыналады. Анаға деген құрмет — бөлек, ал жарының алдындағы міндет — бөлек. Нағыз ер азамат отбасын сыртқы жағымсыз сөздерден қорғап, екі жақты да ренжітпей, орта жолды таба білуі тиіс.

3. Боксер күйеу

Бір өкініштісі, ашуын ақылға жеңдіре алмай, әйеліне қол көтеретін еркектер де кездеседі. Бірақ бұл — шынайы мұсылманға және нағыз ерге тән қылық емес. Біз үшін ең ұлы үлгі — Пайғамбарымыз (ﷺ). Ол кісі өмір бойы бірде-бір әйеліне немесе қызметшісіне қол жұмсамаған. «Сендердің ең жақсыларың — әйелдеріне жақсы қарағандарың» (Тирмизи). Қол жұмсау — ердің емес, ездің ісі. Ақылмен шешілмеген мәселе, жұдырықпен тіптен шешілмейді, тек отбасының берекесін қашырады.

Муж – боксёр?

4. Жоқтыққа төзе алмау

Отбасын асырау — отағасының мойнындағы парыз. Бірақ өмір болған соң, ырыс бірде тасыса, бірде ортаяды. Осындай қиын сәтте әйелдің сабыры мен түсіністігі ауадай қажет. Алайда, "көрпесіне қарай көсілмей", күйеуінің тапқанын місе тұтпай, тоқтаусыз талап қою — шаңырақты ортасына түсіреді. Пайғамбарымыздың (ﷺ) жұбайларын еске алайықшы: олардың үйінде күндер бойы ас піспеген кездер болған, бірақ олар жарына деген құрметін ешқашан жоғалтқан емес. Әйел заты еріне тірек бола білсе, еркек түздегі қиындықты оңай еңсереді.

Материальные проблемы

5. Жасырын неке 

Кейбір азаматтар екінші әйел алғанда, оны бірінші жарынан немесе ел-жұрттан жасырып істеуге тырысады. Мұндай "жасырын" некенің соңы көбіне жақсылыққа апармайды. Жасырын некедегі әйелдің құқығы толық қорғалмайды, оған аз көңіл бөлінеді, бұл өз кезегінде реніш пен жанжалға ұласады. Отбасын сақтайтын факторлардың бірі — ағайынның, елдің алдындағы жауапкершілік. Ал жасырын істелген істе бұл жауапкершілік болмағандықтан, ажырасу да өте жеңіл орын алады.

Тайный брак

6. "Ә" десе "мә" деу – қырсықтық пен тіл алудың жоқтығы

Кейбір әйелдер үшін еріне бағыну – "құлдық" немесе "өз еркінен айырылу" сияқты көрінеді. Шын мәнінде, ерлі-зайыпты арасындағы сыйластық бірін-бірі ести білуден басталады. Қазіргі таңда ері бір сөз айтса, оған он сөзбен жауап қайтарып, "айтқанымнан қайтпаймын" деп қырсығу – отбасылық өмірдің соры.

  • Тілді тия білу – тәрбие. Дана халқымыз "Әйелдің тілі ұзын болса, отбасының бағы қысқа болады" дейді. Күйеуінің алдында беттен алып, төске шабу – ер азаматтың намысын таптап, үйге келуге деген құлшынысын басады.

  • Қырсықтық – шайтанның ісі. "Менің де айтқаным болуы керек" деген бос кеуделік ер мен әйелдің арасындағы мейірім жібін үзеді.

 

7. Отбасындағы бақталастық: "Кім мықты?"

Бүгінде әйелдер де ерлермен қатар жұмыс істеп, табыс тауып жүр. Алайда, осы жетістікті үйге әкеліп, "менің де табысым бар, мен де сен сияқтымын" деп күйеуімен жарысу – үлкен қателік.

  • Үй – майдан алаңы емес. Түздің жұмысын түзде қалдырып, үйге келгенде нәзік жар, мейірімді ана бейнесіне ену – әйелдің нағыз күші. Күйеуімен мансап, ақша немесе бедел арқылы бақталасу – ер азаматты отбасылық міндетінен суытып жібереді.

  • Ер – шаңырақ иесі. Қанша жерден білімді немесе дәулетті болса да, үйде ер адамның мерейі үстем тұруы керек. Еркегімен билікке таласқан әйел түбінде жеңіске жеткенмен, отбасылық бақытын жоғалтып алуы мүмкін.

Тоқатерін айтқанда:

Отбасы — қасиетті ұя. Оның беріктігі екі жақтың бір-біріне деген сыйынан, сабырынан және сыртқы суық желден бірге қорғануынан құралады. Шаңырағымыз биік, босағамыз берік болсын!

0 пікір