Жақсы болса әйелің - үйіңдегі ырысың
Жақсы болса әйелің - үйіңдегі ырысың
10 жыл бұрын 16702
Нұрқанат Нұрдәулетұлы

Кез келген ер азамат өмірде жар таңдауда асығыстық жасамай, таңдап тым ұзаққа да соза бермей өзінің өмірлік серігін тапқаны абзал. Бастысы жақсы жар таңдауда қателеспесе болғаны. Сол жар таңдауда жақсы деген атқа лайық жар тапсаңыз, талабыңыз оң болып, тілеуіңізді Құдай берді деген сол болар. Атам қазақтың: «Алғаның жақсы болса...» деген сөзі де тегін айтылмаған. Алғаны жақсының артықшылығы не, көрері не, ұтары не, ал алғаны жаманның жайы қалай болмақ? Осыларды ойшылдармен бірге талқылап көрелік. Қазақта: «Жақсы болсаң жақын көп» деген мақал бар. Бұл жерде әйеліңнің де жақсы болмағын меңзеп тұр. Өзің жақсы болып, әйелің жұлып алар немесе қырсық-қыңыр біреу болса, атам қазақша айтсақ:  

Жақсы болса алғаның, үйіңнен кісі кетпейді,
Жаман болса алғаның, шын досың да шеттейді.

Қазақтың тағы бір мақалы алғаны жақсының үйі жұмақ екенін айтады. Ол мақал былай:

Қатының жақсы болса, ұжмақ үйiңде,
Қатының жаман болса, тозақ үйiңде.

«Алғаның жақсы болса есіктегі басыңды төрге сүйрейді,
жаман болса төрдегі басыңды төменге сүйрейді» - деген мақал да орында айтылған.

Шешендік өнерде таңбасын тасқа қашаған белгілі билеріміз де осы тақырыпта сөз қозғаған. Солардың бірі Қарауыл Қанай шешен былай деген:

Астыңдағы атын жүрдек болса, жалғанның пырағы,
Алғаның жақсы болса, үй мен қонақтың тұрағы...

Балпық бидің: «Алғаның жақсы болса, пейіштен шыққан хормен тең» дегені бар.

Қаз дауысты Қазыбек би ел аралап жүріп бір үйге түсіпті. Ерінің үйде жоқтығына қарамастан, әйелі қонақтарды жақсылап күтіпті. Сонда Қазыбек би әйелге риза болып: 

Мінген атың жақсы болса – бұл дүниенің пырағы емес пе?
Алған жарың жақсы болса, жиғаның мен мейманыңның тұрағы емес пе? – депті.

Енді Майлықожа бидің айтқанынан оқып ғибрат алыңыз:

Жақсы бір болса алғаның, қоғамды болар жан жағың,
Жаман бір болса алғаның, үйіңнен кетпес жанжалың.
Бала шағаң отаның, қоршаған орта, бау, бағың,
Өкінбессің өмірде осыны ұғып алғаның.

Ал, атақты Шал ақын былай дейді:                 

Келін жақсы болса, 
Үйіңе көп кісі келеді.
Келін жаман болса,
Келген кісі кеткісі келеді.
Ас құй десең, төккісі келеді,
Төкпей құй десең, сөккісі келеді.

Құлтума Сармұратұлы да осы тақырыпта оңды ойын ортаға салып, нысанаға дәл тигендей көрінеді:

Жақсы болса әйелің - үйіңдегі ырысың.
Жақсы болса ұл балаң - қайрап қойған қылышың.
Жақсы болса келінің - басып қойған күрішің.
Жақсы болса қыз балаң - жайлы қоныс, тынысың.

Шәңгерей Бөкеевтің өлең қып айтқан ойларынан аларымыз көп:

Жігіттің болса алған жақсы жары,  
Сен болсаң бір Аллаға еткен зары.
Баладай риясыз еркелеген,
Сен болсаң тағы сонда ынтызары.

Құлқыны құмарланып құшқаныңда
Шайқалып тұрса алтын сырғалары...
Кәмшаты барқыт төбе қырын киген
Қадалса империал һәм динары.

Ақылы жамалына болса лайық,
Жігіттің сол емес пе жан дидары?
Көлдерге ат ойнатып, құс шүйгенде,
Адамның болса әзілдес құрбылары.

Болғанда жарың сондай, құрбың мұндай,
Боз балалар деп біліңіз бағың бары.
Делбеймін көңілімді жалғыздықтан
Бір хақ деп қашаннан да жалғыз жары.

Бір ана соңғы демі таяған сәтте баласына былай өсиет айтыпты:

Осы үйдің ошақ мал жанын,
Аманат қылып ал жаным.
Сөндірмес балам отыңды,
Ақылды болса алғаның (Елікбай Исаев орындайтын «Ана өсиеті» термесінен алынды).

Алғаны жақсы жігіттің талабын құдай оңдайды,
Алғаны жаман жігіттің ойдағысы болмайды (Маралбек Бабақұлов орындайтын «Ғаламат» термесінен алынды).

Осы айтылғандардан: «Алғаны жақсының арманы жоқ шығар?» - деп қаласың. Қысқасы алғаны жақсының дүниенің кеңдігінде өмір сүретініне көз жеткіздік. Алғаны жақсының талабы жақсы болатынын байқадық. Алғаны жақсының үйінің оты сөнбейтін, жұмақтай бір мекен болатынын мойындағандаймыз. Сондықтан да, алғаныңыз жақсы болсын..! 

3 пікір