Алидан (розияллаһу анһу) риуаят етіледі:
«Дәнді жарған және жанды жаратқан Жаратушы Иемізбен ант етейін! Набидің (саллаллаһу алайхи уа саллям) маған берген уәдесі — мені тек мүмін ғана жақсы көреді және мені тек мунафиқ қана жек көреді».
(«Сахих Мүслім», «Тирмизи» және «Насаи» риуаят еткен)
Шарх (Түсіндірме)
Әуелі хадисші риуаят етуші — мүміндердің әмірі Әли ибн Әбу Талибтің (розияллаһу анһу) өмірбаянымен танысып өтейік.
Әли ибн Әбу Талиб ибн Абдулмутталиб ибн Хашим әл-Құрайши — тура жолдағы төрт халифаның төртіншісі, Расулуллаһтың (саллаллаһу алайхи уа саллям) немере ағасының ұлы (немере бауыры). Әкесі — Әбу Талиб, анасы — Фатима бинт Асад ибн Хашим ибн Абдуманаф. Куньясы (лақап есімі) — Абул-Хасан.
Хазіреті Әли милади бойынша 600 жылы қасиетті Мекке қаласында дүниеге келген. Ешқашан путтарға табынбағаны әрі жахилиет (қараңғылық) дәуірінің жаман әдеттерімен ластанбағаны үшін ол кісінің есіміне «Каррамаллаһу уажһаһу» («Алла тағала оның жүзін ардақты етсін») деген тілек қосыла айтылады.
Хазіреті Әли балалық шағынан бастап үнемі Расулуллаһпен (саллаллаһу алайхи уа саллям) бірге болып, бір дастарқаннан дәм татты. Бұған себеп: Расулуллаһтың немере ағасы Әбу Талибтің бала-шағасы көп еді. Содан Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайхи уа саллям) бауыры Аббасқа:
«Әй, бауырым! Ағамыз Әбу Талибтің отбасы үлкен. Өзіңіз көріп отырғандай, қазір тұрмыс пен ризық-несібе жағынан қиыншылық тартып жатыр. Әбу Талибтің үйіне барып, отбасылық жүгін аздап жеңілдетейік», — деді.
Сөйтеп, екеуі барып, Аббас — Джафарды, ал Расулуллаһ (саллаллаһу алайхи уа саллям) — Әлиді өз қамқорлығына алды. Осыдан кейін Әли Расулуллаһпен бірге өмір сүре бастады.
Хазіреті Әли — Расулуллаһқа пайғамбарлық келгенде, балалардың арасынан ең алғаш иман келтіріп, Исламды қабылдаған тұлға. Ол кезде оның жасы сегізге де толмаған еді. Әнәс ибн Мәлик (розияллаһу анһу): «Дүйсенбі күні пайғамбарлық түсті, ал сейсенбі күні Әли Исламды қабылдады», — деп айтқан.
Әли ибн Әбу Талиб Исламның барлық шайқастарына қатысты. Тек Табук шайқасында ғана Расулуллаһ (саллаллаһу алайхи уа саллям) оны өз отбасына бас-көз болып қалуды тапсырғандықтан қатыса алмады.
Хазіреті Әли — өте батыр, сөзге шешен, білімді, көркем мінезді, сабырлы, әділ, биязы, ибалы, тақуа, дүниеге қызықпайтын захид, кішіпейіл әрі мұсылман жастарының арасында Расулуллаһқа (саллаллаһу алайхи уа саллям) ең жақын тұлға еді. Сол себепті Расулуллаһ (саллаллаһу алайхи уа саллям):
«Мен — білімнің қаласы болсам, Әли — оның қақпасы», — деген.
Әли (каррамаллаһу уажһаһу) арабтардың арасындағы ең батыр, айбынды палуандардың бірі болды. Бәдр шайқасында мүшріктердің қолбасшыларының бірі Валид ибн Утбаның үнін өшірді. Ухуд шайқасында ту ұстаушы сахаба Мусғаб ибн Умайр шахид болғанда, Расулуллаһ (саллаллаһу алайхи уа саллям) туды хазіреті Алиге тапсырды. Хайбарды бағындыруда да үлкен ерліктер көрсетті. Ол кезде оның жасы жиырмадан жаңа ғана асқан еді.
Бірде Расулуллаһ (саллаллаһу алайхи уа саллям):
«Ертең шайқаста туды сондай бір адамға беремін, оны Алла мен Оның Елшісі жақсы көреді, әрі ол да Алла мен Оның Елшісін жақсы көреді», — деді.
Ертеңіне барлық сахабалар сол ту маған бұйырса екен деп үміттеніп тұрғанда, Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайхи уа саллям) хазіреті Әлиді іздеді. Сахабалар Әлидің көзі ауырып жатқанын айтты. Расулуллаһ оның қасына келгенде, шынымен де көзі ісіп ауырып тұр еді. Содан Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайхи уа саллям) мүбәрак қолын Әлидің көзіне тигізіп дұға еткен еді, көзі лезде айығып кетті.
Көптеген сахабалар Әлидің Расулуллаһтың (саллаллаһу алайхи уа саллям) жанындағы мәртебесіне қызыға қарайтын. Алла тағала Пайғамбарымыз бен Әлидің арасындағы дәреже мен қарым-қатынасты Муса алейхиссалам мен Оның бауыры Харун сияқты етті.
Хазіреті Әлидің (каррамаллаһу уажһа1һу) бәрімізге өнеге болатындай өте ғибратты бір сөзі бар:
«Менің ең қорқатын нәрсем — нәпсінің қалауына еру және ұзақ арман-қиялдарға салыну. Нәпсіге еру — хақтан (шындықтан) алыстатады. Ал ұзақ арман-қиялдар — ақыретті ұмыттырады. Абай болыңыздар, бұл дүние артта қалып бара жатыр! Ал ақырет болса алдарыңыздан шығып, күтіп алады. Сондықтан дүниенің емес, ақыреттің баласы болыңыздар! Бүгінгі күнде — амал бар да, есеп жоқ. Ал ертең — есеп бар да, амал жоқ!»
Әли (каррамаллаһу уажһаһу) хижраның екінші жылында Расулуллаһтың (саллаллаһу алайхи уа саллям) ардақты қызы Фатима анамызға үйленді. Хазіреті Әли Фатима анамыздан және басқа да жубайларынан жалпы 14 ұл, 19 қыз сүйді.
Әли ибн Әбу Талиб (розияллаһу анһу) Пайғамбарымыздан 586 хадис риуаят еткен. Одан көптеген кісілер, соның ішінде өз ұлдары Хасан, Хусейн, Мухаммад, Умар, сондай-ақ Абдуллаһ ибн Масғуд, Ибн Умар, Абдуллаһ ибн Джафар, Абдуллаһ ибн Зубайр, Абу Муса әл-Ашғари, Абу Сағийд әл-Худри, Абу Рафиғ, Сухайб, Зайд ибн Арқам, Джабир ибн Абдуллаһ, Абу Хурайра, Джабир ибн Самура, Бара ибн Азиб, Джарир ибн Абдуллаһ және басқа да сахабалар хадис жеткізген. Сондай-ақ табиғиндерден Сағийд ибн Мусайяб, Қайс ибн Хазим, Алқама ибн Қайс, Абу Асуад әл-Джаули, Әхнаф ибн Қайс, Шурайх ибн Хани және басқалар хадис алып, оны басқаларға жеткізді.
Мүміндердің әмірі Әли ибн Әбу Талиб мешітте имам болып намаз өтеп жатқан сәтінде, харижилердің өкілі Абдуррахман ибн Мулжамның қилышпен ұрған соққысынан шахид болды. Бұл оқиға хижраның 40-жылы, Рамазан айының 23-і күні, жұмада орын алды. Ол кезде ол кісі 63 жаста еді.
Хадистің түсіндірмесі:
Енді хадистің түсіндірмесіне келелік. Жоғарыдағы хадис Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алайхи уа саллям) тікелей айтқан сөзін тура келтіру түрінде емес, Оның өсиетін хазіреті Әли (розияллаһу анһу) өз сөзімен жеткізуі арқылы риуаят етіліп отыр.
Әрине, ардақты сахабалардың әрқайсысы — ұлы тұлғалар. Олардың сахаба болу мәртебелерінің өзі — өте биік дәреже. Сонымен қатар, олардың әрбірі Ислам діні үшін қаншама еңбек сіңірді. Дегенмен, сахабалардың арасында да айрықша орны бар тұлғалар бар. Солардың ішіндегі он сахабаға Алла Елшісі (саллаллаһу алайхи уа саллям) көзі тірісінде-ақ Жұмақпен сүйіншілеген. Осы бақытты ондықтың бірі — хазіреті Әли.
Сонымен бірге, осы он сахабаның ішінен төрт халифа тағы да оқшауланып, ерекшеленіп тұрады. Сол төрт халифаның бірі — хазіреті Әли.
Хазіреті Әлидің Ислам жолындағы еңбегі ұшан-теңіз. Оның үстіне, ол кісі Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алайхи уа саллям) әһли бейтінен (жақын отбасынан) еді: Пайғамбарымыздың немере бауыры, сүйікті күйеу баласы (жұмақ әйелдерінің төрешісі Фатимаи Заһраның жары), Имам Хасан мен Имам Хусейннің әкесі. Сол себепті де ол кісіні тек мүмін ғана жақсы көріп, тек екіжүзді (мунафиқ) ғана жек көруі — таңғаларлық нәрсе емес.
Бұл хадиси шарифтен көріп отырғанымыздай, белгілі бір тұлғаны жақсы көрудің де адамның иманы мен екіжүзділігіне тікелей қатысы бар екен. Иә, барлық нәрсе иман таразысымен өлшенгенде осылай болады. Адамды мансабы, байлығы немесе басқа да дүниелік нәрселері үшін емес, тек иманы мен динге сіңірген еңбегі үшін ғана жақсы көру керек.
(«Хадис пен өмір» кітабынан)
1islom.uz