Баланы қиыншылыққа төзуге қалай үйретеміз?
Баланы қиыншылыққа төзуге қалай үйретеміз?
7 жыл бұрын 3775
Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ

Бүгінгі таңда жасөспірімдердің арасында өзіне-өзі қол жұмсап, жанбай жатып сөнушілік, өспей жатып солушылық әрекеттер көптеп кездесіп жатқаны кімді болса да толғандырмай қоймасы анық. Өкінішке қарай, осындай сұмдық өлімнің саны жөнінен Қазақстан әлемде үшінші орында тұр. Бұл істің ата-анаға да қатысты себептері барлығын ескеріп, бүгінгі сөзімізді осы жөнсіз өлімнің алдын алу төңірегінде өрбітпекпіз. Өйткені өзін-өзі өлтіру Ислам дінінде өте ауыр күнәлар қатарына жатады. Оның бұл дүниедегі адамдарға келтіретін ауыр қасіреті бір бөлек, арғы дүниедегі жан шыдатпас мәңгілік азабы одан да ауыр. Хадистердің бірінде: «Кім өз жанын қандай затпен қиса, тозақта сол затпен азапталады» делінген. Сондай-ақ: «Кімде-кім өзін-өзі бір темірмен өлтірсе, жаһаннамда қолына темір алып мәңгі-бақи өзін өзі түйреумен болады. Ал кімде-кім у ішіп өлсе, Жаһаннам отында мәңгілік у ішумен болады. Ал кім өзін таудан тастап өлтірсе, жаһаннамда да мәңгі өзін лақтырып тұрады» – делінген хадис те бар. Сондықтан ата-аналардың кейбір сақтық шаралары мен оның алдын алудың кейбір жолдарын білуінде пайда бар деп санаймыз.

Кейбір ғалымдар өзіне қол жұмсау балаға шектен тыс қысым көрсетушіліктен, тыйымдарды көп жасаудан, олардың кей тілектерін орындамаудан, олар қызыққан затты сатып әпере алмаудан, құрдастарының қысым көрсетуінен, өзін ешкімге керексіз жалғыз сезінуден т.б. себептерден пайда болады деп есептейді. Алайда бұлардың барлығынан да басты себеп Аллаға, ақырет күніне және тағдырға иманның әлсіздігінен пайда болады деп есептейміз. Әсіресе, жақсылық та, жамандық та Алладан екендігіне сенімнің жоқтығы осындай күнәлі іске көбірек себеп болады. Енді мұсылман адамның ауыртпашылыққа, қайғы-қасіретке көзқарасы қандай болуы керек. Соған тоқталайық.

Жер бетінде қиыншылыққа душар болмаған, қайғыға ұшырамаған жан жоқ. Басына түрлі бәле келіп, қиналмаған кісі де кездеспесі хақ. Оның сыры адамның адам болып жаратылуында жатыр. Ендеше, жер бетінде ешкім де қиындықтан қашып құтыла алмайды. Бірақ мұсылман адам ондай қиындықтарды иманмен, әдеппен қарсы алып шыдамдылық, танытуы қажет. Сонда ғана ол бұл сынақтан сүрінбей өтіп, оны өз пайдасына шешеді.

Мұндай ауыр шақтарда сақталуы тиіс негізгі әдептердің бірі – проблеманың Алладан келгеніне толық сеніп көнігу және тағдырға қарсы шағым сөздер айтпау. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бір хадисінде: «Сабыр – соққының алғаш тиген шағында» делінген. Ендеше, жоғарыда айтылғандай, кейбір қиыншылықтарға тап болғанда ең алдымен осы сабырды еске алу керек. Ал сабыр құр үндемей қоя салу деген сөз емес, сонымен бірге Алланың осы қалауы жайлы ойланып, пікір ету де сабырға жатады. Алла елшісі (с.а.у.): «Үндемегені – пайымдау, қарағаны – ғибрат, сөйлегені – даналық болған жан құтылды» деген хадисінде иманды жан айналасындағы әрбір нәрсеге, әр оқиғаға ғибрат көзімен қарайтынын өлшем етіп білдірген. Олай болса, мүмин адам сөйлеуден бұрын ойланып пікір жүгіртіп, сөздерін сүзгіден өткізуі, ал сөйлеген кезде тілінен даналық төгуге тырысуы көп бәледен құтылудың да бір жолы. Даналықтың сыры терең ойлануда, ал дұрыс ой адам үндемеген кезде пісіп жетіледі. Міне, осы тұстан қорытынды шығарар болсақ, адам бәле-жала, қайғы-қасіретке тап болғанда, бірден қолға алатын нәрсесі – аузынан сөз шығармауға тырысу, сол қиыншылықтарға жазылған тағдыр хикметтерін ойлану және одан тиісінше қорытынды шығару болуы тиіс. Міне осы мінез қалыптасса, адам еш уақытта мойымайды, қандай қиыншылық көрсе де, өзіне-өзі қол жұмсамайды.

Иә, қарап отырсаңыз, әр адам әр сәт сайын қиын жағдайлармен бетпе-бет келіп жатады. Бірақ олардың ешқайсысы текке кетпейді. Иманды жанның бұл дүниедегі тартқан азаптары мен көрген қайғы-мұңдары арғы өмірде мәңгілік бақытқа айырбасталатыны хадистерде білдірілген. Ендеше, адам баласының бұл өмірде белгілі бір мөлшерде қасірет тартуы заңды құбылыс. Оған иман тұрғысынан қарауымыз керек. Өйткені Алла тағала жай адамға ғана емес, барша пайғамбарларға да небір адам төзгісіз сынақтар берді. Мәселен, Ибраһим пайғамбардың отқа тасталуы, Әйюб пайғамбардың үсті-басын жара қаптап, құрттарға жем болуы, Юсуф (а.с.) пайғамбардың зынданға тасталып, абақтыға жабылуы, соңғы елші Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) жолына тікен шашылып, мүбәрак басына түйенің жемтігі көмкерілуі т.б. қиындықтар сөзге жеңіл болғанмен, көтергенге тым ауыр сынақтар еді. Алайда бір де бір пайғамбар мұндай жағдайларда Алла тағалаға бұлардан құтқара гөр демеген. Керісінше, бар кінәні өздерінен іздеп, Алладан кешірім тіледі. Мәселен, хазіреті Юнус кемеден теңізге тасталғанда, Алла тағалаға «Сенен өзге Тәңір жоқ, Сен Ұлықсың, ал мен болсам, өзіне кесір жасаушылардан болдым» деп үш сөзбен ғана дұға етті. Өзге пайғамбарлардың да әлгіндей жағдайлардағы дұғалары осымен мазмұндас. Міне, бұл пайғамбарлардың қиыншылыққа деген төзімділіктері болатын. Ендеше, біздің басымызға да бір қасірет төне қалса, бірден тағдырға налып, Аллаға тіл тигізбей, кінәні өзімізден іздеп, олардың астарына үңіліп, мұсылманға тән әдептілік танытқанымыз жөн. Әрбір көрген қайғы-қасіретті өз қателігімізбен байланыстырып қарау тағдырға налудан сақтайтын бірден бір жол. Сондықтан өзімізді де, перзенттерімізді де осылайша төзімділікке баулу бүгінгі күннің басты қажеттіліктерінен деп санаймыз. Сонда жеке адамның да, қоғамның да өмірі мәнді, келешегі жарқын болары сөзсіз. 

0 пікір