Бұл орайда Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мейіріміне бөленіп, ерекше дұғасымен өскен жас балалар Хасан (р.а.) мен Хұсейінді (р.а.) мысалға алғанымыз орынды.
Бір күні пайғамбарымыз жамағатпен намаз оқып жатып сәждеге барады. Сәждеде ұзақ тұрғаны соншалықты, жамағат не болғанын білмей, қатты қобалжиды. «Сірә бізге белгісіз бір жайт болды немесе уахи келді» – деп ойлайды. Бір уақытта сәждеден басын көтеріп, намазын ары қарай жалғастырды. Сахабалар намаз оқып біткеннен соң Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сәждеде ұзақ тұруының себебін сұрайды. Сонда Аллаһ елшісі (с.а.с.):
«Мен сәжде жасағанда, Хусейн (р.а.) арқама мініп алды. Үйде бұл істі әдетке айналдырғандықтан, оны арқамнан түсіре алмадым. Міне, сондықтан сәждем ұзаққа созылды»[1]. – дейді.
Хүсейіннің (р.а.) мұндай балалық қылығына бола Пайғамбарымыз (с.а.с.) намаз оқуын үзбеген. Осылайша бақытты ғасырдағы[2] бақытты жас жеткіншектер, Алланың сүйікті елшісімен намаз оқып, намаз оқу құрметіне ие болатын-ды.
Балалардың мешітке әбден үйреніп алғандығы сонша сахабалардың бірі: «Пайғамбарымыз (с.а.с.) бізге хұтпа оқып жатқанда Хасан мен Хүсейін (р.а.) келген еді. Екеуі үстіне қызыл көйлек киіп алыпты. Бір-бірімен жағаласып жүгіріп келе жатты. Пайғамбарымыз (с.а.с.) мінберден түсіп, оларды алдына алып: «Шын мәнінде малдарың, балаларың бір сынақ. Ең үлкен сыйлық Аллаһтың құзырында»[3] – деген аятты оқиды. Сонан соң: «Мына екі балаға қараңыздар. Жағаласып жүгіріп жүр. Бұл тәтті қылықтарына шыдай алмай, жаныма алдым»[4], – дейді.
Кішкене бұзақылықтарына бола Пайғамбарымыз (с.а.с.) немерелерін мешіттен, намаздан, ілім мәжілістерінен қумайтын. Қайта, мешіттің рухани лебін сезініп, ислами тәрбие көруін қалаған. Ең бастысы – балаға намазды сүйдіре білу.
Хасан мен Хүсейіннің (р.а.) отыз жасқа жеткен кезі еді. Бірде оларға бір кісі келіп:
«Пәленше баласына бесін мен асырды, ақшам мен құптанды бірге оқытып үйретеді екен», – деп намазды жеңіл жолмен үйретіп жатқанын айтады. Сонда олар: «Балаға намазды жағымды амал ретінде көрсете алды ма? Ең маңыздысы – осы» – деп, ең бастысы, балаға намазды сүйдіре білу екендігін білдірген. Олай болса, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) тәрбиелеген мүбәрак ұрпақтарының мінез-құлықтарынан үлгі алып, балаларымызды тәрбиелейік.
Пайғамбарымыз (с.а.с.):
«Жеті жасқа келгенде балаларыңа намаз оқуды бұйырыңдар. Ал, он жасқа келгенде (намаз оқымаса) оларды (сүйегіне батырмай) ұрыңдар. Әрі олардың (осы он жастан бастап) төсектерін бөлек салыңдар»[5], – деп, балаға жеті жаста намаз үйретіп, он жасында намаздың маңызды құлшылық екендігін түсіндіріп, тәрбиелеу керек екендігін айтқан.
Нұрлан Сайлауұлы, Еркебұлан Ыбырайымұлы: «Намаз діннің тірегі».
[1] Бухари, Саләт 52.
[2] Пайғамбарымыз (с.а.с.) және төрт халифа кезеңдері
[3] Әнфал, 28.
[4] Бухари, Фитан 20
[5] Әбу Дәуіт, Сунән 495