АТА-АНАНЫҢ ҚАДІРІ: Ақтамберді жырау былай дейді...
АТА-АНАНЫҢ ҚАДІРІ: Ақтамберді жырау былай дейді...
3 жыл бұрын 6126
Асылбек Әуезханұлы

Қазақтың әйгілі жырауы әрі батыры Ақтамберді Сарыұлы «Әй, азаматтар, шоралар» деген өлеңінде былай дейді: 

«Меккені іздеп не етесің 

Меккеге қашан жетесің?! 

Әзір Мекке алдыңда, 

Пейілменен сыйласаң, 

Атаң менен анаңды». 

Пайғамбарымыз дүниеге келіп, Алланың есімін әлемге жаю пәрмені түскен қасиетті мекен, әр бас намаз үшін жүз мың сауап жазылатын орын, байтақ дүниенің кіндігі Қағба орналасқан Мекке қаласының ерекшелігін білмейтін мұсылман кемде-кем. Сан мүминдер жыл сайын көз жасы көл болып, Раббысының рақымын іздеп осында қажылық рәсімін атқаруға келеді. Осыншалықты мол қасиетке ие Мекке қаласына барудан да жоғары тұратын бір істі Ақтамберді жырау насихат етіп отыр. Ол – шын пейілмен ата-ананы сыйлау. 

Қасиетті Құранда «Ниса» сүресінің 36-аятында «Аллаға еш нәрсені серік қоспай құлшылық қылыңдар. Әке-шешеге жақсылық жасаңдар» - деп, Алла тағалаға серік қоспай құлшылық етуден кейінгі ең ұлы міндет – ата-анаға жақсылық жасау бұйырылған. 

Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) миғражда Алла тағаланың құзырына көтерілгенде, Жәбірейіл періштеге ілесіп жаннат пен тозақтың тіршілігін көрді. Жәннаттың әсем бақтарын аралап жүргенінде сонау дүние әлемінен жетіп жатқан нақышына келтіріліп оқылған Құран даусын естиді. Оқып отырған дауыс та өте таныс. Дауысы жаннатқа жетіп тұрған бұл қай бақытты құл екен деп Алла елшісі қайран қалды. Жәбірейіл періштеден сұрағанында: «Бұл Харисату ибн Нұғман деген, анасына құрақ ұшып қызмет етіп жүретін жігіт» дейді. Сонда пайғамбарымыз «Анаға жақсылық деген осы» деп үш рет қайталайды. Өзге қаншама тақуа жандардың емес, анасына жақсылық жасаушының даусы жаннатқа жетіп отырғанына қарап, әке-шешеге құрмет көрсетудің қаншалықты биік мәртебе, теңдессіз құлшылық екенін аңғару қиын емес. 

Бірде пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үйінде сойылған қойдың етін жіліктеп отыр еді, бір әйел жанына кіріп келді. Алла елшісі оны көре сала, орнынан ұшып тұрып, үстіндегі шапанын жерге төсеп әлгі ерекше ілтипат көрсетті. Сахабалардың бірі: «Бұл кісі кім?» деп сұрағанда, танитындардың бірі: «Бұл расулаллаһтың сүт анасы Халима ана ғой» деп жауап берді. 

Ата-ананың баласы үшін еткен еңбегін санап тауысу қиын. Асыл ана аязды күні айналып, боранды күні толғанып, тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібітіп, баласын жаны қиналып тоғыз ай, он күн көтеріп жүреді. Оның бәрі былай тұрсын, өмір мен өлімнің арасында жатып дүниеге әкеледі. Бүкіл қайғысы мен қиыншылығын ұмытып, іңгәлаған сәбиіне жүзі мейірімге тұна отырып ақ сүтін береді. Түн ұйқысын төрт бөліп, мұздай бесік таянып жұбатады. Жуындырып, киіндіріп, жылы жұмсағын аузына тосып, жаурап қалмасын деп көрпесін қымтап, жылы алақанымен басынан сипап, маңдайынан иіскеп бауырына басып өсіреді. «Сенің табаныңа кірген тікен менің маңдайыма қадалсын» деп жан-жүрегі мен бүкіл мейірімін перзентіне төгеді. 

Сөйткен аяулы ананың бойынан қуаты кеміп, қайраты қайтып, самайын ақ шалғанда, баласына мұқтаж болып, көздері жәудірегенде, баласының оған «сен» деп тұрпайылық жасауы, «түһ!» деп кейіс білдіруі, тілін алмай, сөзін бөлуі, ең сорақысы жанарын мөлдіретіп қарттар үйіне өткізуі қандай айуандық екенін бір сәт ойлап көрелікші. 

Ендеше, елжіреген анамыздың жұмсақ жүрегіне қаяу түсірмей, алақанымызға салып бағып-қағу – мұсылмандық һәм адамдық борышымыз. Бір күні ата-ананың басқан ізін сүюге зар болатын күндер келеді. Сол күні бармағымызды шайнап, пұшайман күй кешуден Алла баршамызды сақтасын.

"Даналық ойдан дән ізде"

0 пікір