Ораза мен бұлшық ет қимылдары
Ораза мен бұлшық ет қимылдары
9 жыл бұрын 9090

Орталық жүйке жүйесіне тәуелді мотор жүйке жүйесінің басшылығымен жұмыс істейтін бұлшық ет арқылы адам денесінің қимыл-қозғалысы қамтамасыз етіледі. Ол үшін белгілі бір бұлшық еттердің тартылуы, кері жұмыс істейтін бұлшық еттердің босаңсуы қажет. Бұлшық еттердің тартылу немесе босаңсу әрекеттері басқа мүшелерге салмақ түсіріп шаршататын күрделі қызмет болып табылады. Бұлшық еттер өз қызметін атқара алуы үшін жүрек пен қан айналым мүшелері қажетті еріген өміршең газдарын, қоректік заттарын береді. Бұлшық етке баратын қан мөлшері неғұрлым көбірек болса, соғұрлым бұлшық еттердің тартылу-босаңсу қимылдары, шаршап-шалдығуға деген шыдамдылық қабілеті артады. Қан айналымы әлсіз әрі қан мөлшері аз болса, бұлшық еттер енжарлық танытып, белсенділігін төмендетеді. Бұлшық еттерге тарайтын қан мөлшері кейбір шарттарға қарай көбейіп, азайып отырады. Тамырлардағы бүкіл денеге тән қан мөлшері ылғи да тұрақты көрсеткішке ие бола отырып, неліктен бұлшық еттерге қан кейде аз, кейде көп барады?

Денеде бұлшық еттермен қатар басқа да мүшелер бар. Бұлшық еттер секілді олар да қанға зәру. Денедегі бір мүшенің қанға деген қажеттілігі төмендесе дененің басқа мүшесіне керекті қан көп мөлшерде жететіні белгілі. Айталық, ас қорыту жүйесі өзіне тиесілі міндетті орындау үшін көп мөлшерде қанға зәру. Өйткені тамақтың қорытылуына керекті сұйықтық, қимыл-қозғалыс пен сіңіру үрдістері тек қана қан арқылы қамтамасыз етіледі. Сол себепті ас қорытыла бастағаннан денедегі қан айналымның көбі осы ас қорытумен айналысады. Осы тұста бұлшық еттер мен қимыл-қозғалысты қамтамасыз ететін мүшелерге жеткілікті деңгейде қан жетпей қалады. Бұл жағдай дененің белсенділігін азайтып, күш-қуатын кемітеді, шаршамауға деген шыдамдылығын төмендетеді. Нәтижеде денені селқостық басып, ауырлайды.

Бүгінгі таңда спортпен айналысатындарға мынадай кеңес айтылуда:

«Ауыр, қиын жұмыс кезінде, спортпен айналысып, белтемір (штанга) көтерерде міндетті түрде асқазанда түк жоқ кезде, аш қарында бастаңдар».

Әлемде денеге ең ауыр соғатын қимыл - қылыштаса отырып соғысу. Пайғамбарымыз (с.а.у.) соғысқа аттанғандарға: - Қасиетті күрес күні ауыз бекітіп, ораза ұстаңдар! - деп бұйыратын. Ораза ұстаған кезде дененің бұлшық еттері мен ой қабілетін бәсең тартуы мүмкін. Сол үшін де кейбір әлжуаз, әлсіз денелер оразаға шыдамдылық таныта алмайды. Ондайлар аз кездесетіндігіне қарамастан Ислам діні оларды да үнемі ескеріп отырған. Соғыста Пайғамбарымыз (с.а.у.): - Оразаға шыдай алмағандар оразаларын бұзсын! - деп бұйыратын. Ораза арқылы бұлшық еттер күш алып, дененің белсенділігі артады. Бұлшық еттердің ораза кезіндегі шыдамдылығы басқа күндерге қарағанда әлдеқайда көбірек. Рамазан айында ораза кезінде ой мен дене жұмыстары көбірек атқарылғанына қарамастан дене әлсіремейді. Өйткені ораза денеге өзіне қажетті қоректік заттарды алу мүмкіндігін тудырып, тамақтанудың жаңа жүйесін сыйлайды. Күні бойы жұмыс істеген дене кешкісін тамақтанып, түні бойы ас қорыту жұмысын атқарады. Жиырма төрт сағаттық уақыт ішінде екі мәрте тамақтану (сәресі мен ауызашар) дененің қоректенуіне әбден-ақ жеткілікті. Ораза кезінде аз да болса кей адамдарда байқалатын әлсіреу оразадан емес, ұйқы мен тынығу уақыттарының азаюынан туындайды. Кейде ораза арқылы дене өзіне артық салмақ қосады. Өйткені ораза ас қорыту жүйесінің жұмысын жақсартатындықтан тәбетті аша түседі. Ораза жұмыс істеу мен уақыт үнемдеуде таптырмас мүмкіндік сыйлайды. Түптеп келгенде, бір күнде екі мәрте тамақтану ең пайдалы, ең тиімді тамақтану түріне жатады. Яғни жұмыс істеуге деген уақыт көбейеді. Түскі ас дененің күш-қуаты мен белсенділігін төмендетеді. Денені жалқаулық басып, ұйқы қысады. Осындай ауыр денемен жұмысқа отырған адамның шабыттана жұмыс істеуге қайтара зауқы соқпайды. Ашқарын кезде дене өзін жеңіл сезініп, жұмыс жасауын жалғастырады. Күндізгі уақыттарда екі мезгіл тынығу кезінде оқылатын түскі және екінді намаздары дене мен бұлшық еттерді қайта жандандырып, ойлау қабілетін күшейтеді. Әр минут, әр секундқа дейін бір күндік өмір тұтастай жүйеленген дәл Ислам дініндегідей тұрмысты басқа еш жерден кездестіру мүмкін емес.

Біз жоғарыда айтып өткен тамақтану тәсілі - Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өз өмірінде бұлжытпай қағидаға айналдырған тек ертеңгісі мен кешкісін тамақтану сүннеті.

1 пікір