Ораза және психология
Ораза және психология
9 жыл бұрын 6860

Өмірлік маңызы зор емтихан тапсырмақ болған оқушы, студенттерге жасалған тәжірибе бойынша толқу, тебіреніс, уайым, қорқыныш пен үрейді басып, жүйке мен ойды жақсартуда оразаның анағұрлым оң ықпал ететіндігі байқалған. Емтихан, жарыс я болмаса соттасу мен соғыс шабуылдары рухани күйзеліске ұшыратып, әр түрлі ауытқушылықтарға себеп болады. Беттің қызарып, көздің қанталауы, дірілдеп, тіл тұтығуының себебі - аяқ асты пайда болған гормоналды және ішкі сұйықтық бездері мен соған қатысты мүшелердің қызметінің бұзылғандығын көрсетеді. Медициналық зерттеулер қанның адреналин гормондарын көтеруі қант диабетіне шалдықтыратынын дәлелдеген. Өтпелі яки өтпелі еместігіне, қатты немесе жеңіл болуына қарай толқу мен қорқу адамда түрліше қант диабетін тудырады. Қорқынышты жағдайға тап болған адамның зәрінде міндетті түрде глюкоза шекері кездеседі. Осындай жағдайларға жиі тап болатын кісілерге психологтардың берер кеңесі − көбіне-көп аш құрсақ жүру яғни ораза ұстау. Өйткені ораза ауыр істерде, естен танған жағдайларда, қандай да бір үрей мен қысымға тап болғанда жүйкенің шыдамдылық қабілетін арттырады. Адамның талпынысы мен күш-қайратын шыңдайды. Гормоналды сұйықтықтарды ретке келтіреді. Рухани дағдарысқа жол бермейді. Ой-пікірді кеңейтіп, сананы серпілтеді. Мұсылмандардың соғысқа ауыз бекіткен күйі шығуы ең бір өмір мен өлімнің ортасында қалған қысылтаяң шақта олардың рухына дем беріп, аяқтарын нықтаған болатын. Жанпидалық сезімдерін шыңдап, олардың рухани тынысын кеңейтті. Сол үшін де олар өліммен бетпе-бет келгенде тайсалмады. Ел өлімнен қашса, олар өлімге жүгірді. Бұл тұста Исламдағы ең ұлы сенім шейіттік шәрбатын ішумен қатар оразаның да үлкен рөл ойнағаны белгілі. Неге десеңіз, шейіт болғандардың көбі ауыз бекіткен күйі ақтық сапарға аттанғандар болған. Бұған қоса оразаның қорқу мен жүйке жұқаруынан пайда болатын психологиялық ауруларға да емдік қасиеті бар. Ауыз бекітіп ораза ұстаған адам ең қорқынышты жағдайға тап болғанда да өз-өзін баса біледі. Ораза ұстап сынақ тапсыруға қатысқан оқушы оның жақсы әсерін бірден-ақ сезеді. Ораза ұстаған уақытта небір ауыр рухани қыспаққа төзімділік танытатын жүйкенің оған оразасыз шыдауы өте қиын.

"Құлшылық құпиясы" кітабынан

1 пікір