Мархұм Яхья Мишоның өмір жолы: Еуропа төрінде Исламды қорғаған ойшыл
Мархұм Яхья Мишоның өмір жолы: Еуропа төрінде Исламды қорғаған ойшыл
3 сағат бұрын 170
islam.kz

Еуропаның дәл ортасында, христиан дінін берік ұстанған отбасында дүниеге келіп, кейіннен Батыс әлемінде Исламның ең мықты қорғаушысына айналған жан туралы естігеніңіз бар ма? Бельгиялық профессор Яхья Мишоның тағдыры осылай өрбіген. Ол католик дінін ұстанатын зиялы қауымнан шықса да, терең рухани ізденістің нәтижесінде Исламды қабылдады. Бүгінде ол — Батыстағы ең ықпалды мұсылман ойшылдарының бірі.

Мишо мырза ислам пәлсапасын қазіргі заманғы батыстық көзқараспен шебер ұштастыра білді. Ол Батыстың ірі университеттері мен халықаралық мінберлерде Исламның асыл құндылықтары мен адамгершілік принциптерін паш етті.

Профессор Исламды тек дін ретінде емес, үлкен мәдениет пен рухани қазына ретінде танытты. Ол саясат пен БАҚ өкілдері таңған теріс стереотиптерді ақыл мен ғылымға сүйене отырып тас-талқан етті. Оның соңында қалған құнды еңбектері мен мақалалары әлі күнге дейін әлемнің ең беделді оқу орындары мен ғылыми орталықтарында зерттеліп, талқыланып келеді.

Яхья Мишоның өмір жолы — Исламды тереңірек түсінгісі келетін және дінаралық татулықты ту ететін әрбір жан үшін таптырмас ғибрат мектебі.

Яхья Мишоның болмысы

Профессор Яхья Мишо — Батыс академиясы мен ислам ойшылдары арасында орны бөлек, біртуар тұлға. Бельгияның дәстүрлі католик отбасында туып-өссе де, жас кезінде-ақ жүрек қалауымен Исламды қабылдады. Ол қырық жылдан астам ғұмырын ислам пәлсапасы мен тарихын зерттеуге арнап, Батыс қоғамындағы Ислам туралы теріс түсініктерге қарсы біліммен, парасатпен жауап берді.

Өкінішке қарай, профессор Мишо 2025 жылдың 1 сәуірінде дүниеден өтті. Бірақ артына кейінгі ұрпаққа жол көрсететін терең зерттеулер, кітаптар мен құнды мақалалар түріндегі бай мұра қалдырды. Бұл материалдың мақсаты — оның өмір жолы мен ғылыми жетістіктерін жан-жақты таныстыру.

Балалық шағы мен білім жолы

Яхья Мишо 1950 жылы Бельгияда, діндар отбасында дүниеге келген. Кішкентайынан пәлсапа мен дінге құмар болып, сабақты үздік оқыды. Мектеп бітірген соң, Еуропаның ең көне әрі беделді оқу орындарының бірі — Ловен католик университетіне оқуға түседі. Онда гуманитарлық ғылымдармен қатар, араб және парсы тілдерін меңгерді.

Исламға бет бұру Университет қабырғасында жүріп-ақ ол ислам мәдениетінің тереңдігіне бойлай бастады. Әсіресе, Ибн Синаның «Шипа» кітабы мен Әбу Хамид әл-Ғазалидің «Дін ғылымдарын жаңғырту» (Ихйа улум ад-дин) секілді ұлы еңбектері оның Исламға деген қызығушылығын арттырды. Ол бұл діннің тек сенім емес, үлкен интеллектуалды жүйе екенін түсінді. Нәтижесінде, 1970-жылдардың басында ресми түрде мұсылман болып, өзіне «Яхья» есімін таңдады.

Исламды қабылдаған соң да оқуын тоқтатқан жоқ. Профессор әйгілі Сорбонна университетінде ислам пәлсапасы бойынша докторлық дәрежесін қорғады. Оның докторлық диссертациясы «Орта ғасырлардағы ислам ойшылдары және олардың батыс пәлсапасына ықпалы» деп аталды. Бұл еңбек кейіннен ғылыми ортада үлкен сұранысқа ие кітап болып басылып шықты.

Академиялық мансабы мен ғылымдағы жолы

Докторлық дәрежесін алған соң, Яхья Мишо өзінің туған жері Бельгияға оралып, Ловен университетінде ұстаздық қызметіне кірісті. Ол ғұмырының басым бөлігін осы оқу орнында өткізді. Профессордың басты ерекшелігі — ислам ғылымдары мен батыс пәлсапасын шебер ұштастыра білуінде еді. Осы қасиеті оны түрлі мәдениеттер арасындағы диалогтың басты тұлғасына айналдырды.

Қырық жылдан астам уақыт ішінде Мишо мырза Еуропа мен Американың ең беделді университеттерінде дәріс оқып, көптеген халықаралық конференциялар өткізді. Оның қаламынан туған ондаған кітаптар мен ғылыми мақалалар ағылшын, француз және араб тілдеріне аударылып, әлемге таралды.

Профессордың ең танымал еңбектері:

  • «Ислам ойы: бастауы мен дамуы» (Islamic Thought: Its Roots and Evolution): Бұл кітапта ислам пәлсапасының қалыптасу тарихы мен даму жолы баяндалады. Автор әсіресе Ибн Сина, әл-Фараби және әл-Ғазали сынды ұлы ғұламалардың еңбектеріне терең талдау жасайды.

  • «Батыстағы Ислам: интеграция мәселелері» (Islam in the West: Challenges of Integration): Мұнда Батыс қоғамында тұратын мұсылмандардың кезігетін қиындықтары сөз болады. Ислами құндылықтарды сақтай отырып, Батыс заңдарымен үйлесімді өмір сүрудің жолдары қарастырылған.

  • «Ислам сопылығы: руханият пен даналық» (Islamic Mysticism: Spirituality and Wisdom): Профессор бұл еңбегін тасаввуф іліміне, оның адам жанын тәрбиелеудегі рөлі мен даналыққа толы рухани әлеміне арнаған.

Ойшылдың идеялық мұрасы мен қосқан үлесі

Профессор Яхья Мишо тек кабинетте отыратын ғалым емес, ол түрлі мәдениеттер арасында алтын көпір орнатуды мұрат еткен нағыз ойшыл еді. Оның негізгі жетістіктерін былайша саралауға болады:

Дінаралық татулық пен мәдениеттер диалогы: Мишо мырза Ислам, Христиан және Иудаизм діндерінің арасындағы түсіністікті нығайту үшін аянбай еңбек етті. «Әлемдік бейбітшіліктің кілті — бір-бірімізді танып-білуде» деген ұстанымды берік ұстанды. Ол 2006 жылы Женевада өткен «Дін және демократия» секілді көптеген халықаралық жиындарға қатысып, діндердің бір арнада тоғысуы мен бірге өмір сүруінің маңызын насихаттады.

Исламның шынайы келбетін таныту. Батыста Исламофобия өршіп тұрған кезде, Мишо парасат биігінен сөйлей білді. Ол Исламды сабырмен, ғылыми тұрғыдан әрі жан-жақты түсіндіріп, оның нағыз орта жол мен кеңпейілділік діні екенін паш етті. Бұқаралық ақпарат құралдары мен саясатта қалыптасқан теріс бейненің — білімсіздік пен бұрмалаудың жемісі екенін әрдайым айтып өтетін.

Ислам пәлсапасын бүгінгі күнмен ұштастыру. Мишоның пікірінше, ислам пәлсапасы — мұражайда тұрған ескі жәдігер емес, ол қазіргі заманның түйіткілді мәселелерін шешуге қауқарлы тірі ілім. Ол өз зерттеулерінде мұсылман философтарының идеяларын экологиялық этика, әлеуметтік әділеттілік және тиімді мемлекеттік басқару секілді бүгінгі таңның өзекті сұрақтарына қалай қолдануға болатынын көрсетті.

Тұлғалық болмысы мен құндылықтары

Яхья Мишо әлемге танымал ғалым болса да, өте қарапайым әрі биязы мінезді жан еді. Ол салтанаттан қашып, қарапайым өмір сүрді және бар уақытын ізденіс пен жазуға арнады. Оның бойындағы кішіпейілділік пен білімге деген шексіз құштарлығы айналасындағыларға үлгі болатын. Шәкірттері мен әріптестеріне көмек қолын созудан ешқашан жалықпайтын.

Мишо мырза – дініне берік, құлшылықтарына ұқыпты жан еді. Ол өзін «ғылымның қызметшісімін» деп есептеді. Оның өмірлік миссиясы — Ислам туралы шынайы білімді ғылыми әрі объективті түрде жеткізу болды.

Алған марапаттары мен еңбегінің бағалануы

Профессордың академиялық және адамгершілік бағыттағы еңбектері халықаралық деңгейде жоғары бағаланды:

  • Исламтану саласындағы Халықаралық Король Фейсал сыйлығы (2005): Бұл мұсылман әлеміндегі ең беделді марапаттардың бірі.

  • Бельгия үкіметінің «Мәдениетке сіңірген еңбегі үшін» ордені (2010).

  • ЮНЕСКО-ның құрмет грамотасы (2015): Мәдениеттер арасындағы диалогты нығайтуға қосқан үлесі үшін берілген.

Яхья Мишоның негізгі ұстанымдары мен көзқарастары

Оның жазбалары мен сұхбаттарына сүйене отырып, ой-түйіндерін былайша қорытындылауға болады:

1. Исламды қабылдауы және интеллектуалдық әсері. Ол Ловен университетінің профессоры ретінде Батыста Исламның оң имиджін қалыптастыруға зор еңбек сіңірді. Жастайынан мұсылмандықты қабылдап, «Яхья» есімін өзінің жаңа рухани бастауының нышаны ретінде таңдады. Ол Исламға соқыр сеніммен емес, Ибн Сина мен әл-Ғазали секілді ұлы ойшылдардың еңбектерін зерделей келе, парасат жолымен келгенін айтатын.

2. Ислам пәлсапасының Батысқа ықпалы. Мишо ислам пәлсапасы мен батыс ой-тұжырымдарының арасындағы тығыз байланысты зерттеді. Ол мұсылман ойшылдарының көптеген идеялары еуропалық ғылымның дамуына негіз болғанын алға тартты. Профессор үшін ислам пәлсапасы — тек тарих емес, бүгінгі таңдағы экологиялық этика мен әділ басқару секілді күрделі мәселелерге шешім бере алатын сарқылмас қазына.

3. Ислам сопылығы (тасаввуф). Мишо мырза сопылық ілімге ерекше құрметпен қарады және оны ислам руханиятының ажырамас бөлігі деп есептеді. Ол Әбу Хамид әл-Ғазалиді ақыл мен сезімді, пәлсапа мен сопылықты тең ұстаған тұлға ретінде үлгі тұтты.

4. Батыстағы мұсылман бейнесі. Батыс қоғамындағы мұсылмандар үшін басты мәселе — өз құндылықтарын сақтай отырып, сол ортаға бейімделу. Профессор Исламның «орта жол» діні екенін айта келе, ол туралы теріс пікірлердің көбі білместіктен немесе әдейі бұрмалаудан туындағанын ескертті.

5. Дінаралық диалог. Ол мұсылмандар мен христиандардың ортақ құндылықтары көп екенін, соларды негізге ала отырып, әлемде бейбітшілік орнатуға болатынын алға тартты. Өзара түсіністік — тыныш өмірдің іргетасы деп білді.

6. Батыстағы исламдық білім беру. Батыс оқу орындарында Ислам туралы толыққанды бағдарламалардың аздығын сынға алды. Ол дінді тек сенім ретінде емес, ғылыми, интеллектуалдық және пәлсапалық тұрғыдан терең оқытуды ұсынды.

7. Адамзаттық құндылықтар. Исламның негізі — мейірімділік, әділдік пен төзімділікте. Профессордың пайымдауынша, Ислам бүгінгі таңдағы кедейлік пен теңсіздік сияқты жаһандық мәселелерге нақты шешім ұсына алады.

8. Мұсылман ғалымдардың жауапкершілігі. Батыста жүрген мұсылман зиялылары — Шығыс пен Батыстың, өткен мен бүгіннің арасындағы «алтын көпір» болуы тиіс. Олардың міндеті — дініміз туралы қасаң қағидалар мен жаңсақ пікірлерді ғылыми түрде жоққа шығару.

9. Ғылыми әдістеме. Дінді зерттегенде ешқандай фанатизмге немесе жақтастыққа жол бермей, тек ғылыми әдіспен, шынайы фактілерге сүйену керек деп есептеді.

10. Жеке қиындықтар. Еуропада туып, Исламды таңдау оңай болған жоқ. Өзгелердің таңырқауы мен түсінбеушілігіне кезіксе де, бойындағы иманы мен ислами құндылықтарға деген адалдығы оған бәрін жеңуге көмектесті.

11. Мұсылман жастарына өсиет. Батыстағы мұсылман жастарын өз болмысын жоғалтпай, сонымен бірге заманауи қоғамның белсенді мүшесі болуға шақырды. Исламды сұлулығымен, бейбітшілдігімен таныту — жастардың қолында.

Дүниеден озуы мен қалдырған мұрасы

Профессор Яхья Мишо 2025 жылдың 1 сәуірінде 73 жасына қараған шағында өмірден озды. Бұл хабар әлемдік ғылыми орта мен мұсылман үмбеті үшін ауыр соққы болды.

Яхья Мишо — тек ғалым емес, ол Шығыс пен Батыстың арасындағы рухани дәнекер, өткеннің даналығы мен бүгіннің ғылымын тоғыстырған бірегей тұлға. Оның кішіпейілділігі мен терең білімі келешек ұрпақ үшін әрқашан шамшырақ болады деген сенімдеміз. Ол салған сара жол — өзара сыйластық пен парасаттылыққа негізделген жаңа әлем құруға үндейді.


islamonline.net/ رحلة المفكر يحيى ميشو .. الدفاع عن الإسلام من قلب أوروبا . Араб тілінен аударылды. 

 

0 пікір