Мәйіттің соңынан қабірге дейін үш нәрсе ілеседі...
Мәйіттің соңынан қабірге дейін үш нәрсе ілеседі...
4 жыл бұрын 40081
Абдусамат Қасым

Ардақты да, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу алейһи уә сәлләм өзінің хадис шәрифтерінің бірінде былай деп өтеді:

«يَتْبَعُ المَيِّتَ ثَلاَثَةٌ، فَيَرْجِعُ اثْنَانِ، وَيَبْقَى مَعَهُ وَاحِدٌ، يَتْبَعُهُ أَهْلُهُ وَمَالُهُ وَعَمَلُهُ، فَيَرْجِعُ أَهْلُهُ وَمَالُهُ، وَيَبْقَى عَمَلُهُ»

«Мәйіттің соңынан үш нәрсе ілеседі. Оның екеуі кейін қайтады. Біреуі онымен бірге (қабірде) қалады. Оның соңынан – отбасысы, мал-дүниесі және істеген істері (амалдары) ілеседі. Отбасысы мен дүние-малы кейін оралып, істеген істері (амалдары) қалады». «Сахих  Мүслім». Сахаба Әнәс ибн Мәліктен жеткен.

Адам қайтыс болғанда оған жолдастық етер үш нәрсе бар екен:

1. Әйел, бала-шағасы. Адам қайтыс болғанда жанұясы онымен бірге қабірге жата алмасы анық. Жер қойнауына тапсырғаннан кейін, артқа қайтып, күнделікті тіршіліктеріне оралады. Тіпті «өлдің өштің» демекші, бір жетіден кейін ұмытып кетуі де ғажап емес. Бірақ, бала-шағасы, туған-туыстары ол үшін жарылқау тілеп, оның артынан Құран бағыштап тұрса және оның атынан тиін-тебенмен садақа беріп тұрса, ол басқа. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұған байланысты былай деген: "Адам өлгеннен кейін жасаған амалы тоқтайды (сауабы бармайды). Бірақ, мына үш нәрсенің сауабы тоқтаусыз барып тұрады: "Садақа жария, пайдаланылатын ілім және ол үшін дұға жасап жүретін бала".  ("Сахих Мүслім").

2. Мал-дүниесі. Ешкім о дүниеге мал-дүниесін алып кетпек емес. Қанша шіріген бай болса да барар жері қара топырақ. Ал сонша жинаған ақшасы, ол өлісімен кейінде қалады. Хадистегі «кейін қайтады...» деген сөзі – онымен бірге қабірге кірмейтіндігін білдіру үшін қолданылған тұспал сөз.

Адам баласы – тойымсыз. Мәңгі өмір сүретіндей дүниенің соңынан кетеді. Ақыретін ұмытады. Қалтасын толтырамын деп әркімнің ақысын жейді. Біреудің ақшасына қол сұғады. Бірақ қарнын отпен толтырып жатқандығымен ісі жоқ. Ақыр соңында ажалы жетіп өледі. Дүниесі артта қалып, істеген істерінің жазасын көреді. «Тәкәсур» сүресінде Алла Тағала былай деп, адамның тойымсыздығын білдіруде: «Сендерді мал-дүниені көбейту уайымы мәшғұл етті (ғапылдыққа соқты). Қабірлеріңе барғандарыңа дейін...». («Тәкәсур» - 1-2 аят.). Бірақ, адал жолмен табыс тауып, адал жолмен байып, оның зекетін берсе, садақасын берсе, Құдай ризалығы үшін дүниесінің бір бөлігін қайырымды істерге жұмсаса, онда керісінше, тапқан дүниесі ол үшін пейішке кіруіне кепілдік болуы мүмкін.

3. Үшінші жолдасы – амалы. Бұл дүниеде істеген жақсылы не жаманды істері - адам өлгеннен кейін өзімен бірге қабірге кіретін жалғыз жолдасы. Бұл жолдасы қабірде де онымен, қайта тірілетін күні де онымен, сырат көпірінен өтерде де онымен, махшар майданында есеп-қисап тапсырар сәтте де онымен бірге болмақ. Сол істіген істеріне қарай пейіштік болып, құтылады немесе тозақтық болып, тұтылады. Құран Кәрімде Алла тағала былай деп бұйырған: «Кімде-кім ізгі іс істеген болса, ол - өзінің пайдасы үшін. Ал, кім жаман іс істеген болса, ол – өзіне зиян. Сенің Раббың пенделеріне зұлымдық етуші емес!» («Фуссыйләт» сүресі, 46 аят). Алла Тағала баршамызды ізгі іске бастасын. О дүниеде пейіштік болуымызды жазсын! 

 islam.kz 

0 пікір