Жұма намазына мешітке ертерек барудың пайдасы...
Жұма намазына мешітке ертерек барудың пайдасы...
2 жыл бұрын 4973
Әнуар Самат

Бәріңізге белгілі болғандай, жұма күні жұма намазына мешітке бару – балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс, азатты, жолаушы емес, аяқ-қолы сау мұсылман ер адамға парыз[1].  

Осы орайда Жұма намазына баратын кісілер ертерек қамданып, мешітке ерте барғандары сауаптырақ. Қаншалықты ерте барса, соншалықты қосымша сауап жазылады. Бұл жайында ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің хадис шәрифтерінде былай деп мәлім еткен:

عن أبي هريرة رضي الله عنه أن رسول الله صلى الله عليه وسلم قال: (مَنِ اغْتَسَلَ يَوْمَ الجُمُعَةِ غُسْلَ الجَنَابَةِ ثُمَّ رَاحَ فَكَأَنَّمَا قَرَّبَ بَدَنَةً، وَمَنْ رَاحَ فِي السَّاعَةِ الثَّانِيَةِ فَكَأَنَّمَا قَرَّبَ بَقَرَةً، وَمَنْ رَاحَ فِي السَّاعَةِ الثَّالِثَةِ فَكَأَنَّمَا قَرَّبَ كَبْشًا أَقْرَنَ، وَمَنْ رَاحَ فِي السَّاعَةِ الرَّابِعَةِ فَكَأَنَّمَا قَرَّبَ دَجَاجَةً، وَمَنْ رَاحَ فِي السَّاعَةِ الخَامِسَةِ فَكَأَنَّمَا قَرَّبَ بَيْضَةً، فَإِذَا خَرَجَ الإِمَامُ حَضَرَتِ المَلاَئِكَةُ يَسْتَمِعُونَ الذِّكْرَ) متفق عليه.

Сахаба Әбу Һурайрадан жеткен хадисте (радиаллаһу анһ), Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай деген:

«Кімде-кім жұма күні жүніптіктен кейін ғұсылданғаны сияқты ғұсылданып (шомылып, әсіресе жазды күндері), кейін ерте бастан мешітке барса, ол кісі түйе құрбан шалғандай болады (түйе шалғандай сауап алады). Ал, кім (жұмаға дейінгі уақыттың) екінші сағатында мешітке барса, ол кісі бір сиыр құрбан шалғандай болады. Кім үшінші сағатында мешітке барса, екі мүйізді бір қошқар құрбан шалғандай болады. Кім төртінші сағатында мешітке барған болса, бір тауық құрбан шалғандай болады. Кім (жұмаға дейінгі уақыттың) бесінші сағатында мешітке барса, ол бір жұмыртқа садаға бергендей болады. Имам құтба оқуға шыққанда періштелер де келіп, зікірді (құтпаны) тыңдайды»[2].  

Хадис шәрифте айтылған бес сағат – жұма күні күн шыққаннан бастап, жұма намазының екінші азаны айтылатын сәтке дейінгі уақыттарды беске бөлгендегі сәттер. Демек, жұма күні мешітке қаншалықты ертерек барсаңыз, соншалықты сауабы мол болмақ. Сондай-ақ, имамның уағызын немесе құтпасын тыңдауға періштелер де келеді екен.

Тағы бір хадисте:

عَنْ أَوْسِ بْنِ أَوْسٍ قَالَ قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ : مَنْ اغْتَسَلَ يَوْمَ الْجُمُعَةِ وَغَسَّلَ وَبَكَّرَ وَابْتَكَرَ وَدَنَا وَاسْتَمَعَ وَأَنْصَتَ كَانَ لَهُ بِكُلِّ خُطْوَةٍ يَخْطُوهَا أَجْرُ سَنَةٍ صِيَامُهَا وَقِيَامُهَا

Әус ибн Әустен (р.а) жеткен хадисте, Алла елшісі (с.а.у.) былай дейді:

«Кімде-кім жұма күні жуынып және (киімін тазалап) жуып, жұмаға ертерек шықса (بَكَّر), уағыздың (не құтбаның) басына үлгеріп, жақын отырып, құлақ салып тыңдаса, оның әр басқан қадамына бір жылдық оразаның және бір жылдық тәһәжжуд намазының сауабы беріледі»[3].

Және бір хадисінде былай деген:

إذا كان يوم الجمعة كان على كل باب من أبواب المسجد ملائكة يكتبون الأول فالأول، فإذا جلس الإمام طووا الصحف وجاءوا يستمعون الذكر) رواه البخاري.

«Жұма күні келгенде мешіттің әр есігінде періштелер отырады. Олар алғашқы келушілерді кезегімен жазып отырады – әууелі келді, анау ертерек келді деп (яғни, бірінші келді, екінші келді немесе ерте келді, кештеу келді деп жазып отырады). Қашан имам (минбарға) шыққан уақытта, періштерел дәптерлерін жауып, зікірді (уағызды) тыңдау үшін (имам жаққа кетеді)". [4]

Ендеше мұсылман қауым, жұма күні мол сауапқа кеңелем деушілер, мүмкіндігінше жұма намазына ертерек барып, отырғаны құба-құп екен. Алла Тағала жұма намаздарыңызды қабыл етсін! Осы мүбарак күні жасаған дұға-тілектеріңізді қабыл қылсын! Уәлхамдулилләһи раббиль аләмин. 

islam.kz


[1] Жұманың шарттары жайында толығырақ мына жазбаны оқи аласыздар: «Жұма намаздың шарттары».
[2] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари»; Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».
[3] Имам Тирмизи: «Сүнән». Сахих.
[4] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари».

0 пікір