Жаттаған Құранды ұмытудың күнәсі
Жаттаған Құранды ұмытудың күнәсі
4 жыл бұрын 8002
Имам Жәләлуддин әс-Суюти (м 1445-1505 ж.)

Жаттаған Құранды ұмытудың күнәсі ауыр. Күнәсінің ауыр екендігін Имам Нәуәуи «Рауда» кітабында да, басқа да кітаптарында[1] ашық айтқан. Оған дәлел Әбу Дәуідте келтірілген хадисте былай делінеді: 

 عُرضت عليَّ ذنوب أمتي فلم أر ذنبا أعظم من سورة من القرآن أو آية أوتيها رجل ثم نسيها

«Маған үмбетімнің күнәлары көрсетілді (ұсынылды). (Соның ішінде) Бір адамға Құраннан сүре немесе аят беріліп, ол оны ұмытып қалуынан ауыр күнә көрген жоқпын»[2].

Сондай-ақ Әбу Дәуід риуаят еткен басқа бір хадисте де былай делінген:

من حفظ القرآن ثم نسيه، لقي الله وهو أجذم

«Кім Құран жаттап, кейін оны ұмытып қалса, Қиямет күні Алла Тағаланың алдына екі қолы кесілген күйі (шолақ боп) барады»[3].  

(Әбу Ъубайд хадистің арапшасындағы «Әжзәм» сөзіне «Қолы кесілген» деп мағына берген. Ибн Араби оның мағынасын: Екі қолы қайырдан махрұм, қайыры жоқ адам» деп түсіндіреді. Басқа бір ғалым оның мәнін: «Ешбір айғағы жоқ болған күйі, Алланың алдына барады» деп түсіндіреді. «әл-Фәтхур Раббани»). 

Және де «Сахихайнда» («Сахих Бұхари» және «Сахих Мүслім») орын алған хадисте былай делінеді:

 «تعاهدوا هَذَا القُرْآنَ، فَوَالَّذِي نَفْسُ مُحَمَّدٍ بِيَدِهِ لَهُوَ أشَدُّ تَفَلُّتاً مِنَ الإبلِ فِي عُقُلِهَا

«Құранды үнемі оқып, қайталап тұрыңдар. Мұхамметтің жаны оның қолында болғанмен ант етейін, ол (яғни, жаттаған Құраны) тұсауынан босап қашқан түйеден де тез қашады»[4].

(Жаттаған сүрелерді үнемі қайталап оқып тұрмаса, тез ұмытылып, жылдам естен шығады. Алла елшісі Құранның тез ұмытылуын тұсауынан босап қашқан түйемен салыстырған. Тұсауынан әбден мезі болған түйе босанар, босанбас тайып тұратыны сияқты, жаттаған Құраны да егер мән беріп, оқып, қайталап тұрмаса, тез арада ұмытылады. Осы орайда айта кетелік, мұндағы күнә - дүниелік күйбен тіршілікке алданып, ұмытқан адамға қатысты. Ал қарттық, сырқаттық, есте сақтау қабілетінің әлсіздігі, яки мүлдем жаттау қабілетінің жойылуы секілді үзірлер себепті ұмытқан адамға кешірім бар). 

«әл-Итқан фи Ъулумиль Құран» атты кітаптан.
Аударып, дайындаған: А. Қасым


[1] «әл-Мәжмүъ» атты кітабында.
[2] Әбу Дәуід: Сүнән.; Имам Тирмизи: Сүнән. «Фадаилуль Құран». 19 баб. №2916 хадис.
[3] Әбу Дәуід: Сүнән. Әлсіз хадис. 
[4] Сахих Бұхари; Сахих Мүслім.

0 пікір