ИСЛАМ ҒЫЛЫМЫ
Құранның көптеген аяттарында адамдар Аспан мен Жерді зерттеулерін тікелей бір Құдайға деген сеніммен байланыстырады. Мұхаммед пайғамбардың көптеген хадистері мұсылмандардың білім алуға деген ниетін оятуға бағытталған. Сонда діни немесе ғылым деп аталатын білімдердің бірін басымырақ атау не айырмашылығын көрсету тіптен жоқ. Тіпті, мұсылман заңына байланысты мұсылмандардың белгілі бір білім саласын білмеуі, түсінігі болмауы барлық әлемдік мұсылман қауымдастығына күнә келтіреді деп білген. Ондай болмау үшін мұсылмандардың белгілі саны сол білімді толық, мүлтіксіз меңгеру тиіс болған.
Ал көпшілік ақпарат құралдарының ислам мен шариғаттың ғылымға қарсы сипаты жайлы әңгімелері тіпті, мұсылман мәдениетін азырақ білетін адамның да күлкісін келтіреді. Дәл осыны біз төменде дәлелдеуге тырысамыз.
Исламның бірінші қадамдарынан-ақ ғылым мен техниканың дамуы және білім алу халифатта ең беделді іс болған. Оның нәтижесі ислам өркениетінің соншалықты аз мерзімде қалыптасқандығы болып табылады. Дәл сол кезде төмендегі адам санасына белгілі ғылым салалары бойынша Еуропада құлдырау байқалса, Халифатта қарқынды дамығандығын айтуға болады. Атап айтсақ, сол дәуірде адам санасына белгілі ол химия, физика, математика, география, медицина, астрономия, тарих географиясы, дәрі жасау ісі, лингвистика, философия және т.б.
Мұсылман әлемі Батыс Еуропаны көптеген ауылшаруашылық өнімдерімен таныстырған. VIII ғасырда Испаниядағы мұсылмандар күріш, анар ағашын, құрма пальмасын, мақта өсірген және жібек өңдеген. Еуропадағы суармалы егіншілік арабтардың көмегімен келген, олар еуропалықтарды су көтеру әдісіне, топырақты құрғату мен суландыруға үйреткен. Сонымен қатар мұсылмандар су шығындарын қоғамдық бақылаудағы суармалы каналдарды таратқан.
VIII ғасырда Самарқан пен Бұхарада қағаз шеберханалары жұмыс істеген. Еуропада тек төрт ғасырдан соң Испанияға арабтардың алып келген технологиясынан соң, қағаз диірмендері жұмыс істеді. Мұсылмандық Испания қалаларының шеберлеріне теңдесетін аймақ сол кезде болмады. Себебі олар жүннен маталар жасауда, алтын жалатылған және шілдерленген қымбат бағалы былғары жасауда, эмальмен, әртүрлі суреттермен өрнектелген қола және шыны ыдыстарды жасауда, оларды керамикамен безендіруде, сонымен қатар піл сүйегінен қару-жарақ, қылыштарды, эфес және қынаптарды безендіруде оларға теңдесі болмаған. Андалусияның мұсылмандары арқылы Еуропада фаянсты жасау және қыш жасау өндірісінің негізі салынған.
Харун әл-Рашид (786-808) халиф және оның ұлы әл-Мамунн кезінде ғылыми даму қарқындылық кезеңін өткерді: астрономиялық обсерваториялар, аудару және ғылыми еңбек жазу ғимараттары мен кітапханалар салынды. Мұсылмандар математикада, ол химияда және географияда зор жетістіктерге жетті.
Мысалы, Британ энциклопедиясында атап көрсетілгендей, ол химия саласындағы Жабир бен Хайан (721-805) қазіргі химия ғылымының негізін салған. Дәл осы кісі химияның негізгі ұғымдары: кристалдану, еру, айыру терминдерін енгізген. Бояу заттарын араластыру, металл мен минералдарды бояу, еріту-барлық осы техникалық әдістерді мұсылмандар өндіріс мақсаттарында өте жоғары көрсеткішпен қолданған.
Астрономия мұсылман ғылымдарының үлесімен көптеген маңызды ашылулармен байытылып отырды. Халиф әрі ғалым әл-Мамун Жер шеңберін өлшеу мақсатында ғалымдарға тапсырыс берген. Оның қол астында (халифатында) өлшеу жүргізуге қатысқан математик әл-Хорезми (787-850) болған. Оның еңбектерінің көмегімен Еуропадағы қазіргі нөлдік символика (белгілеу) таратылған.
Арабтың «сыфр» (нөл, бос) сөзінен латынның «cifra» (цифра) сөзі пайда болды, алғашында нөл деген мағынада болып, одан француздық «cifra» сөзінен «шифр» сөзі пайда болды.
Әл-Хорезмидің «Қолдану және қайта құру» («Китаб аль-Джебер на Мукабала») еңбегі арқылы Еуропалық алгебра термині пайда болды, теңдеулерді шешу жолдары көрсетілген. «Algorithmi» (алгоритм) бұл мұсылман ғалымы әл-Хорезмидің атын трансметерация жасауы. Қазір алгоритм математика мен кибернетиканың негізгі ұғымының бірі.
VIII-XV ғасырлардағы мұсылман мемлекеттерінде зиджи деп аталатын географтар мен астрономдардың анықтамасында тарихи хронологиялық күнтізбе мен тригонометриялық және астрономиялық кесте бар. Еуропалықтар астрономиялық жазық; сфералық және тригонометриялық өлшемдермен сол мұсылман ғалымдарының зиджилерін аудару арқылы білген. Атап айтсақ, әл-Хазани және әл-Батани астрономдары сол кездегі дәлдігі жоғары астрономиялық өлшеулер жүргізіп, котангенстер кестесін құрған.
Астрономия аясында ең көп жетістікке жеткен мемлекет қайраткері және ағартушы Ұлықбек (1393-1440) болған. Ол 1428-1424 жылдары Самарқанда ортағасырлық ең үлкен, барлық құралдармен жабдықталған обсерватория тұрғызды. Оның өлшемдері мүмкіндіктері еуропалықтардың бәрін таңғалдырды.
Меридиан аймағында орнатылған ерекше қырық метрлі мәрмар секстанттың өзі неге тұралады. Ұлықбек өзінің басты «Жаңа астрономиялық кестелер» еңбегінде 1018 жұлдыздың орналасуын, аспан денелерінің қозғалу кестесін және сол кездегі астрономияның теориялық негізін дәл атап көрсетті. XV ғасырда Еуропа Ұлықбек бастаған Самарқан мектебі ғалымдарының астрономия саласындағы еңбектерінің мәліметтерін алды. 1648 жылы Оксфордта Джордж Гревес (1602 1652) латын тілінде Ұлықбектің «зиджинан» қозғалмайтын жұлдыздар жинағын жарыққа шығарды.
Әлемдік минерологияның дамуында ерекше орынды ұлы ғалым әл-Бирунидің (973-1050) «Қымбат металдарды тану жинағының мәліметтері» атты еңбегі алады, онда 50-ден астам минералл, метал қорытпа және рудалар егжей-тегжейлі сипатталған. Әл-Бируни алғашқы болып көптеген минералдар мен металдардың тығыздығы мен салыстырмалы салмағын анықтаған. Еуропада тек төрт ғасырдан соң неміс ғалымы Георг Агрикола (1494-1555) ғылыми минерология негіздерін құрады.
Әл-Бируни матеметикалық анализді кең қолданып, математикадан, астрономиядан, ботаникадан, географиядан, жалпы геологиядан негізгі еңбектерін жазды және Жер шеңберінің ұзындығын анықтады. Ол Коперниктен (1543 ж.) бұрын Жер Күнді айналып қозғалады деп болжам айтқан, бірақ сол кезде оның еңбектеріне тиым салынды және анафемаға жібермеді. Коперниктің шығармалары «аспан денелерінің айналуы туралы» 1828 жылға дейін шіркеумен қудаланған. Белгілі тарихшы Джордж Сартон ХІ ғасырдың екінші жартысын әл-Бируни дәуірі деп кездейсоқ атаған жоқ.
Халифаттың астанасы Бағдатта әйгілі аудармашылар мектебі құрылған, онда араб тіліне грек, сирия, пехлеви тіліндегі шығармалар барлық ғылым салалары аударылды. Соның ішінде Аристотельдің, Платтонның, Евклидтің, жаңаплатондықтардың ғылыми жаратылыстану тракттары, Архимедттің, Птоломейдің және Гипократтың медициналық трактаттары араб тілінде жарық көрді. Ал кейіннен араб тілінен латынға белгілі араб ойшылдары Авиценаның (Ибн Сина) және Аверростың (Ибн Рушд) еңбектері түсініктемелерімен Батыс Еуропада жарық көрді. Солай Толедода (Испания) 1130 жылы архиепископ Кастилин дон Раймундтың бастауымен мұсылмандардың астрономия, медицина, физика, математика, ботаника және философия салаларының маңызды еңбектері латын тіліне аударылды.
Орта ғасырдың белгілі ерекше тұлғасы - аурилактық монах Герберт (940\950-1003) (Сильвестер ІІ атпен белгілі француз тектісі) бірінші Рим Папасы болды. Папа мұсылмандық Испанияда әртүрлі ғылымдарды үйрену үшін араб тілін жетігіне дейін үйренді. Үш жыл Толедода мұсылман ғалымдарының қол астында астрономия, география, математика, химияны және т.б. ғылымдарды оқыды. Атап өтетініміз папа Испаниядан оралған соң оның алған білімін көріп еуропалықтар таңғалды, тіпті, оны сиқыршы деп санады.
Сиқыршы папа атағын Герберт өмірінің соңына дейін сақтады. Соның енгізуімен Еуропа арифметикасы ұзақ Рим цифрларынан 1 ден 9-ға дейінгі араб цифрларына ауыстырылды. Гербертке дейін араб цифрлары тек мұсылман әлемінде ғана қолданылды. Араб цифрларын қолдану арифметикалық есептерді шығару жолын жеңілдетті.
Араб тілі еуропалықтар үшін прогресс, ғылым және мәдениеттің бастаушысы болды. Сондықтан христиан жастары араб тілі мен әдебиетіне көп көңіл бөле бастады. ІХ ғасырда мұсылман мәдениетіне қарсы Кордун Альверо: «Барлық білімді жастар араб тілін үйреніп, әдебиеттерін оқып, тәнті болып жүр» деп жазды.
Мұсылман халифатында медицина ғылымы ерекше дамыды. Мұсылман дәрігерлері анестизиологиялық дәрілерді әртүрлі операциялар жасауда қолданды. Ал дәл осы кезде еуропалықтар сырқаттардың бастарынан қатты затпен ұру арқылы естерінен тандырып, операция жасаған. Ондай «наркоздан» соң оянуға ешкім кепілдік бермеді. ХХ ғасырдағы ағылшын ғалымы, философ, Нобель сыйлығының лауреаты Бертран Расселдің пайымдауынша, «Ғылым, философия, поэзия» барлығы Шығыста қарқынды дамыған кезде Еуропада түнек орнап, «қараңғылық ғасыры» деп аталды, ал мұсылман Испаниясы бұл кезде керемет мәдениетке ие болған.
Адам тану саласында XIII ғасырда араб ғалымы Ибн ан-Нафис бірінші болып қан айналым жүйесін сипаттады. 975 жылы парсы ғалымы Абу Мансұр әл-Харави «Фармакология негіздерінің трактаты» еңбегінде әртүрлі табиғи және химиялық шарамен дайындайтын және белгісіз дәрілік өсімдіктердің 60 жуығын атап өтеді. Салыстырмалы түрде қарасақ, Ресейде бірінші дәріхана сегіз ғасырдан соң І Петр заманында пайда болған.
Мұсылман философы, дәрігері Ибн Сина (980-1037) жаратылыстану ғылымдары бойынша 156 еңбек жазып, медицинадағы беделді тұлғаға айналды. Кей деректер бойынша ол араб тілінде 456 шығарма, ал тәжік тілінде 23 шығарма жазған. Авиценаның «Дәрігерлік ғылымының канондары» еңбегі 600 жылдан астам уақыт Еуропадағы медицина факультеттерінің негізгі бағдарламасы болды.
Оптика саласында да мұсылмандар ауқымды жетістіктерге жеткен, себебі ХІІІ ғасырда поляк ғалымы Витело Х ғасырда жазылған әл-Манавир еңбегін өңдеп (компиляция) қана шығарды. Ол еңбекті мұсылман ғалымы Ибн әль-Хайсама жазған. Әл-Хайсам еңбегіне сілтеме Вителонның өңдеуіне Еуропадағы Қайта өрлеудің бастаушысы, суретші Леонардо да Винчидің кітапшасында көрсетілген. Әлемдік прогресстік ассоциацияның негізін салушы Стенвуд Кобб «Ислам Еуропадағы Қайта өрлеу дәуірінің бастаушысы» деді.
Араб саяхатшыларының көмегімен еуропалықтар Қытай, Индонезия және Индонезияның басқа елдері жайлы алғашқы рет құнды мәліметтер алған. «Саяхат» еңбегінің авторы Ибн-Баттуа 25 жыл саяхатында Еуропадағы мұсылман иеліктерін Азия мен Византия, Солтүстік және Шығыс Африка, Индия, Цейлон, Қытай, Үнді мұхитының жағалауларын, тегі араб саяхатшысы әл-Идриси (1100-1165) Пиреней түбегін, Францияны, Англияны, кіші Азияны зерттеп, Сицилия патшасы ІІ Роджердің тапсыруымен әлем картасын және Роджер кітабын құрастырды. Айта кететін нәрсе мұсылман саяхатшылары мен саудагерлерінің көмегімен ислам Индонезияда, Малайзияда, Сомалиде, Эритрееда, Қытайда, Малида кең таралған.
Орта ғасырдағы мұсылман мәдениеті еш бір жетістіктерге жетпеді дегенге қарсы көптеген ғылыми дәлелдерді келтіруге болады. Тақырыпты тарихшы Роберт Блифолттың сөзімен түйіндесек, ол егер арабтар болмағанда еуропалықтар эволюцияның кезеңдерінен өтіп, қазіргі сипатына ие болмас еді. Ислам мәдениетінің әсері әсіресе, ғылыми рух пен жаратылыстану ғылымдарында басым болды. Осы рухты мұсылмандар еуропалық әлемге басым түрде енгізді.
Қорыта айтқанда, ислам философиясы мен ғылымының ортағасырлық ғылым мен мәдениеттің дамуына қосқан үлесі өте үлкен болды. Әсіресе, еуропалық жаратылыстану ғылымдарының ілгері жылжуына ислам ғылымының ықпалы тікелей әсер етті деп айта аламыз. Сөйтіп еуропалық қайта өрлеу дәуірінің басталуына ислам философиясы мен ғылымының қол жеткен табыстарының үлесін ешкім де жоққа шығара алмайды.(1).
1) Дереккөз: Алтаев Ж., Әмірқұлова Ж. "Әл-Фараби және ислам философиясы". Оқу құралы. Алматы: «Қазақ университеті», 2012.