«Дін психологиясы» ілімінің тарихы («Ильм ән-нәфс»)
«Дін психологиясы» ілімінің тарихы («Ильм ән-нәфс»)
17 күн бұрын 1760
Абдулла Самға

Ислам әлемінде «Ильм ән-нәфс» деп аталатын, яғни «жан туралы ілім» деп аударылатын ұғым Орта ғасырларда жанның табиғатын, эмоцияларды, сондай-ақ ақыл мен қиял секілді қабілеттерді зерттейтін пән ретінде белгілі болды.

Психологияның тамыры эллинистік дәуірге, Платон мен Аристотельдің еңбектеріне барып тіреледі. Сонымен бірге бұл — салыстырмалы түрде айтқанда жас ғылым, өйткені ол тек XIX ғасырдың соңғы ширегінде ғана философиядан бөлініп, дербес ғылыми пән ретінде қалыптасты. Б.з.д. IV–V ғасырларда Платон, Аристотель және басқа грек философтары қазіргі психология айналысатын көптеген мәселелерді зерттеген. Платонның жан туралы көзқарасы көрініс тапқан «Федон», «Тимей» және «Мемлекет» диалогтары, сондай-ақ Аристотельдің «Жан туралы», «Сезімдік қабылдау туралы» және «Табиғат жайлы қысқаша еңбектер» атты трактаттары психология саласына арнап жазылған алғашқы еңбектер саналады.

Ислам әлемінде адамның сезіну, шығармашылық, танымдық және ойлау қабілеттерін ғылыми пән ретінде түсіндіруге бағытталған теориялық зерттеулердің тарихы VIII ғасырдан басталады, бұл кезеңде мұсылмандар грек философиясымен таныса бастаған болатын. Аристотельдің «Жан туралы» еңбегі араб тіліне «Китаб ән-нәфс» («Жан кітабы») деп аударылса, «Сезімдік қабылдау туралы» еңбегі «әл-Хисс ва әл-махсус» («Сезіну және сезілетін нәрсе») деген атпен белгілі болды. 

Ислам философиясының тарихинда «сезіну, түйсік» ұғымдары хис және хасса терминдерімен берілді (көпше түрі — хавас). Сезім мүшелерімен қабылданатын және жалпы сезімге бағынатын объектілерді түсіндіру үшін - Махсус (көпше — махсусат) және хисси (көпше — хиссийат) терминдері қолданылды. 

Алайда, “ильм ан-нафс” (нәпсі тұралы ілім) қазіргі түсініктегі психология ғылымының толық аналогы емес екендігін білуіміз керек. Классикалық ислам ғылымында бұл ілім саласы қазіргі түсініктегі өз алдына дербес ғылым ретінде емес, метафизика, калам (теология), тасаввуф (мистицизм) және ахляк (этика) сияқты салалар аясында қарастырылған еді. 

Ислам әлемінде жарық көрген "дін психологиясы" еңбектерінің кейбірі 

Аударма жұмыстарымен қатар, исламның алғашқы кезеңдерінен бастап Харис әл-Мухасиби (857 ж. қайтыс болған), әл-Кинди (866 ж.), Абу Бакр ар-Рази (925 ж.), Абу Зайд әл-Балхи (934 ж.), әл-Фараби (950 ж.), Ибн Сина (1037 ж.), әл-Ғазали (1111 ж.), Ибн Баджа (1139 ж.), Насир ад-дин ат-Туси (1274 ж.), Ибн Халдун (1406 ж.) сияқты көптеген мұсылман ғалымдары және ойшылдары Құран аяттары мен грек философтарының еңбектері негізінде психологиялық рухани құбылыстарды түсіндіруге зор үлес қосты. Осылайша, ислам әлемінде «ильм ән-нәфс» (нәфс туралы ілім) тақырыбы көбінесе ахляк, тасаввуф, калам және Ислам философия кітаптарында қарастырылды.

Алайда бұл ілімге тікелей жатпайтын, бірақ осы салаға қатысты деп санауға болатын еңбектер де бар. Мысалы, әл-Киндидің «Ар-Рисала фи махиййят ан-наум ва-р-руйа» («Ұйқы мен түстердің мәні жайлы трактат») атты еңбегін ислам әлеміндегі «түс көру психологиясына» (психология сновидений) арналған алғашқы еңбек деп айтуға болады. Сондай-ақ оның «Ар-Рисала фи-ль-хиля ли-даф’и-ль-ахзан» («Қайғыны жеңудің тәсілдері жайлы трактат») еңбегінде қайғы — жақын адамынан айырылу мен орындалмаған тілек салдарынан туындайтын жан азабы ретінде сипатталып, осы өткінші дүниеде тұрақтылық жоқ екені айтылады. Әл-Кинди қайғыдан құтылу үшін адамның өмірге деген көзқарасын өзгертіп, дүниеқоңыздықтан арылуға кеңес береді.

Ибн Синаның «Ар-Рисала фи даф’и гамми-ль-маут» («Өлім қайғысын жеңу жайлы трактат») еңбегінде өлімнен қорқудың себептері мен салдары және олардан арылу жолдары қарастырылады. Сонымен қатар Ибн Сина өзінің атақты «Китаб әш-шифә» («Шипа кітабы») атты еңбегіндегі «Китаб ән-нәфс» бөлімінде жанның күй-жайына кең түсініктеме береді. Ол жан мәселесін барлық қырынан қарастырып, ислам әлемінде осы тақырыпқа арналған дербес ғылыми саланың негізін қалады. Оның бұл саладағы зерттеулері қазіргі психология тарихшыларының да назарын аударды.

Ислам Андалусиясында «Нәфс туралы ілімін» Ибн Баджа дамытты. Оның «Китаб ән-нәфс» еңбегінде Аристотельдің «Жан туралы» шығармасымен идеялық және әдістемелік ұқсастықтар байқалады. Ибн Баджа ілімінде «белсенді ақылмен байланыс» (акл әл-фаал) түсінігі маңызды орын алған, ол өзге де психологияға арналған трактаттарында Аристотель философиясына негізделген көзқарастарды исламдағы пайғамбарлық миссия ұғымымен байланыстыруға тырысты. 

Аталған еңбектерден бөлек, Абу Бакр ар-Разидің «Тыбб ар-рухани» («Жан медицинасы») және Абу Зайд әл-Балхидің «Масалих әл-абдан ва әл-анфуса» атты еңбектері де ільм ән-нәфсқа (Нәфс туралы ілімге) арналған көрнекті туындылар болып саналады. 

Осы орайда, аталмыш санғасыр бұрын жазып қалдырған еңбектерді қазіргі психология ұғымындағыдай психологиялық еңбек деп атау қиын шығар, дейтұрғанмен оларды заманауи психологияның негізін қалаушы еңбек деп айтуға болады. 

XIX–XX ғасырларда ислам әлемінде "ильм ән-нәфс" (нәфс туралы ілім), "рухият" және "ільм ахуал ар-рух" («жан күйі туралы ілім») ұғымдары «психология» сөзінің синонимі ретінде қолданылды. Бұл жағдай мұсылман халықтарының тілінде әлі күнге дейін қолданыста. Сондай-ақ «ильм ан-нәфс исламиййа» («ислам психологиясы») және «ильм ән-нәфс диниййа» («діни психология») терминдері осы салаға қатысты нақтырақ мағынаға ие. 

Дереккөз: Исламсфера.
Қазақшалаған: islam.kz

 

0 пікір
Әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз: