Адамдар мен жындардан бұрын жер бетінде "Хинн" және "Бинн" деп аталатын саналы жаратылыстар өмір сүрген
Адамдар мен жындардан бұрын жер бетінде "Хинн" және "Бинн" деп аталатын саналы жаратылыстар өмір сүрген
12 ай бұрын 9634
Дайындаған Абдусамат Қасым

Бисмилләһир рахманир рахим

Құдіреті күшті Алла Тағала Адам атаны балшықтан жаратарда періштелерге: «Мен жер бетіне бір орынбасар жаратамын» дейді. Сонда періштелер Жаратушыға: «Сонда жер бетінде бұзғыншылық жасап, қан төгетін біреуді жаратасыз ба?...» деп сұрақ қояды.

Солай деп сұрақ қойған періштелер неге «жер бетінде бұзғыншылық жасап, қан төгетін жаратылыс...» деп айтты? Себебі, Адам ата жаратылмай тұрып жер бетін саналы жаратылыстар мекендеген. Олар бір-бірлерінің қанын төгіп, жер бетінде бұзғыншылық тудырған. Ақырында жойылып тынған. Міне, осы жағдайдан періштелер хабардар еді.

Олай болса, адамдан бұрын жер бетін мекен тұтқан саналы жаратылыстар кімдер?

«әл-Хинн» және «әл-Бинн» 
(الحنّ والبنّ)

Адамдар мен жындардан бұрын жер бетін мекендеген саналы жаратылыс - «әл-Хинн» және «әл-Бинн» деп аталған. Абдулла ибн Омардың (р.а.) пікірінше, бұлар Адам атадан екі мың жыл бұрын өмір сүрген екен. Жер бетінде бұзғыншылық жасап, қан төккендері себепті, Алла Тағала оларға періштелерді жіберіп, періштелер оларды «теңіздер аралдарына» қуып тығады1.

Басқа бір мәлімет бойынша аталмыш жаратылыстарды жындар жойған. Жындар Адам атадан бұрын жаратылғандығы мәлім. Ал жындардан бұрын - әл-Хинн және әл-Бинн қауымы жаратылған. әл-Хинн мен әл-Бинн халқы жер бетінде бұзғыншылық жасағаны үшін Алла Тағала жындарға үстемдік беріп, жындар мен олардың арасында болған шешуші шайқаста, жындардың қолынан түгел қаза табады. Түп-тамырымен құртқаннан кейін жындар  олардың орнын басып, жерді иеленеді. Атақты тәпсірші, Ислам ғалымы Ибн Кәсир былай деп өтеді:

«Тәпсірші ғұламалардың көбісі айтқан: «жындар Адам ғалейһиссәләмнан бұрын жаратылды. Жындардан бұрын жер бетінде әл-Хинн және әл-Бинн өмір сүретін. Алла жындарға үстемдік беріп, жындар оларды өлтіріп, түп-тамырымен жояды да, артынан өздері жер бетіне орын тебеді».

Кейіннен жындардың өздері Аллаға қарсы келіп, жер бетінде сол тірлікті қайталап, бұзғыншылық істегеннен соң, Алла Тағала Ібілістің қасына періштелерден әскер беріп, жер бетіндегі жындарды өлтіріп, оларды «теңіздер аралдарына» қуып тығады2.

әл-Хинн және әл-Бинн есімді саналы жаратылыстар жайында Икрима мен оның ұстазы сахаба Абдулла ибн Аббастан да мәлімет жеткен. Бұлардың (Алла ол екеуінен разы болсын) айтысына қарағанда, жер бетін ең бірінші мекен еткен саналы жаратылыстардың аты «әл-Хинн» және «әл-Бинн». Кейін олардың орнын жындар басады. Олар (жындар) баста Құдай Тағалаға құлшылық қылып жүреді де, бірақ кейіннен бұзғыншылыққа түсіп, арсыздыққа белшесінен батады. Оларға Юсуф есімді періштені пайғамбар ретінде жібереді. Олар оған бағынбай, оны өлтіреді. Соның нәтижесінде, Алла оларға періштелерді жіберіп жояды. Жындар жер бетін мың жыл иелік етеді3.

«Томм» және «Римм»

Имам Шағбидің мәліметіне қарағанда, жер бетін әл-Хинн мен әл-Бинн қауымынан кейін Томм және Римм есімді жаратылыстар мекендеген екен. Алғашында олар әл-Хинн мен әл-Бинннің көзін жою үшін жіберіледі. Олардың көзін жойғаннан кейін жер бетін мекендеген олар ұрпақ көбейтіп, қатарлары артады. Уақыт өте келе, жер бетінде арсыз тірліктерге барып, бұзғыншылық жасап, бірін-бір өлтіргеннен соң, олардың орнына жындар жерге орынбасар қылып жіберіледі. Жындардан кейін, Алла Тағала Адам атаны жаратып, жердің иелігін адамзатқа табыстайды.

Ғылым бұған не дейді?

Қазіргі ғылымда "жер бетін ең алғаш рет мекендеген жаратылыстар «әл-Хинн» мен «әл-Бинн» болған" дегенді мақұлдайтын мәлімет жоқ. Алайда, қазіргі ғылым бірнеше миллион жыл бұрын жер бетінде адам тәріздес мақұлықтардың өмір кешкендігін мойындайды. Мысалы, 1974 жылы Эфиопия еліндегі Хадар атты бір ауылда 3,2 миллион жыл бұрын өмір сүрген адам тәріздес мақұлықтың (австралопитек) қаңқасы табылған, кейіннен оған "Люси" деп ат қояды. Оның жақсы сақталған жамбас сүйегіне қарап антрополог ғалымдар аталмыш мақұлықтың адамдар секілді екі аяқпен, кеудесін түзу ұстап жүргендігін топшылаған. Арадан 20 жыл өтіп, 1994 жылы Эфиопиядағы «Арамисе» деген елді-мекеннің аумағынан тағы да адам тәріздес мақұлықтың қаңқасы табылады. Ғалымдар бұл қанқаның 4,4 миллион жыл бұрын өмір кешкен адам тәріздес жаратылыстың қаңқасы деп есептейді.

Енді осыларды оқып отырып ойға мынадай сауал туындайды:

Архиологиялық қазбалардың нәтижесінде табылған бірнеше миллион жылдық адам тәрізді мақұлықтардың қаңқалары - адам баласынан бұрын жер бетін мекен еткен «әл-Хинн» мен «әл-Бинн» тайпаларының қалдығы емес пе екен?

Және де «маймылдан шықтық» дейтін Дарвин теориясының сүйенетін бірнеше миллион жылғы адам тәріздес мақұлықтардың қаңқалары, шын мәнісінде "әл-Хинн" мен "әл-Бинн" секілді жер бетін мекендеген алғашқы жаратылыстардың қаңқалары емес пе екен?

Олай болған жағдайда, бұл - «Адам ата жаратылмай тұрып, жер бетін бейнебір саналы мақұлықтар мекендеген» деген діни тұжырымдаманың шындыққа жанасатындығын көрсетеді, ал бұл өз кезегінде Дарвин теориясының қателігін тағы да дәлелдейді. Дарвиннің қателігі қай жерінде?

Дарвиннің қателігі - аталмыш қаңқаларға қарап «адам баласының түпкі аталары - маймыл болған» деуінде жатыр. Ал Жаратушы Алла Құранда адам баласының түпкі атасы - Адам ата деп айтады. Адам ата топырақтан жаратылған. Олай болса табылған қаңқалар кімнің қаңқасы? Табылған қаңқалар - адамзаттан бұрын жер бетін мекендеген «әл-Хинн» мен «әл-Бинн» сияқты саналы жаратылыстардың қаңқалары болуы әбден мүмкін.

Қорытынды

Қарап отырсақ жер бетін мекендеген "орынбасарлар" жалғыз болмаған екен. Бұл әсем планетаны аманаттап алған бізден де басқа жаратылыстар болған. Алайда, бәрі Аллаға қарсы келіп, жер бетінде қан төгіп, бұзғыншылық жасағаны үшін, Алланың қаһарына ұшырап, жер бетінен жойылып отырған. Олардың ақырының мұндай болуы - аманатқа қиянат еткендіктері үшін. Ендеше, адам баласы алдыңғы жаратылыстардың қателігін қайталап, жер бетінде қан төксе, бір елді лезде жойып жіберер түрлі жойқын қарулар ойлап тауып, оларды адамдарға қолданса және планетаны, табиғатты аяламаса, оның да (адамзаттың да) ақыры - "әл-Хинн" мен "әл-Бинн"-нің ақыры секілді болмасына кім кепілдік бере алады?

Құдай сақтасын! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин! 


1Ибн Кәсир: «әл-Бидая уән-Ниһәя» - Адам атаның жаратылысы.
2Ибн Кәсир: «әл-Бидая уән-Ниһәя» - Жындардың жаратылысы және шайтанның қиссасы.
3Ибн Жәузи, «Мирәту әз-Зәмән» - Жерді мекен еткендер.

0 пікір