Мен ес білмейтін сәби кезде ауылдағы тәптәуір мешітті белсенділер-құдайсыздар қиратқан.
Кейінірек, ойын баласы болған кезде, қираған мешіттің үйіндісіне барып, басқа балалармен бірге жасырынбақ ойнайтынбыз. Сонда бір байғыз сұңқылдап, жағы талмай зарлап отырушы еді. Әсіресе кешке қарай, одан әрі түні бойы зарлап шығады.
Оның қайғы-мұңын түсінбейтіндер: «О, өз басыңа көрінгір!» - деп қарғаушы еді. Бекер қарғаған. Сөйтсе, оныкі заман зары екен ғой. Мешіттің молдаларын зорлап, қорлап, азаптайды екен. Атылып кеткен дамолланың әруағы байғыз болып келіп, жылап отырады екен да.
1937-ші зұлмат жыл келіп, естияр, ақылы бар, қасиеті бар, иманы бар, ескіше оқуы бар пенделерді қырып ұстап әкетті, атты, айдады, тоз-тоз қылды. Бастары шабылған құр денелер қалды. Бассыздардан залымдар шықты. Міне, біздің көріп өскеніміз.
Бір кем дүние.