Ұрлықшының мәрттігі (хикая)
Ұрлықшының мәрттігі (хикая)
5 жыл бұрын 3224
Абдусамат Қасым

Ұрлықшының бірі күндердің күнінде бір адамның ақша салынған портфелін ұрлап кетіпті. Үлкен олжаға кеңелгенін бірден түсінген ол үйіне келе салып, портфельді шапшан аша бастапты. Ашып қараса бетінде дұға жазылған парақ тұр екен. Оқыса: "О құдайым, ақшамды сақтай гөр. Оны ұрлықшыларға қолды етпе" - делінген екен дұғада. Содан ұрлықшы біраз ойланып тұрып, портфелдің аузын жауыпты да қасындағы серіктерінің біріне алған жеріне қайта апарып қоюын бұйырыпты. Серіктері онысын түсінбей, себебін сұрағанда Ол:

"Біз - адамдардың дүниелерін ұрлаймыз, сенімдерін емес. Мен бұл портфельді ұрлап, иесінің дұғаға деген сенімін жойғым келмейді" - деген екен.


Құрметті оқырман, аталмыш хикаядан ұрлықты кәсіп етуге рұқсат деген ой қалыптастырудан аулақ болған жөн екендігін ескерте кетелік. Қазақта «ұрлық түбі қорлық» деп, ұрлықты кәсіп етудің қаншалықты жиренішті әрекет екендігін бір сөзбен айтып өткен. Дінімізде де ұрлық ауыр күнәлардың бірі. Ұрлықтан тапқан табысы адал емес. Онысы о дұниеде алдынан шығып, үлкен азапқа дұшар болуына әкеп соғады.

Қоғамға да, адамның өзіне де зиянды болғандықтан, Алла Тағала ұрлықшыға о дүниеде дайындаған жазасынан бөлек, бұ дүниенің өзінде қолын кесу жазасын бекіткен. Өзінің қасиетті кітабында ұрлық жасаған ер немесе әйелге арнайы жаза қарастырылуының өзі, ондай істің қаншалықты ауыр күнә екендігін көрсетеді. Алла Тағала Құран Кәрім, «Мәида» сүресінде былай дейді:

«Ұрлық жасаушы ер мен ұрлық жасаушы әйелдің, істеген істеріннің жазасы ретінде әрі Алладан ғибрат ретінде қолдарын кесіңдер. Алла – аса үстем, даналық иесі»[1].

Пайғамбарымыз да бірнеше хадисінде ұрлықшының о дүниедегі жағдайы жайында ескертіп кеткен. Ол (с.а.у.) бір хадисінде былай дейді:

«Кімде-кім жерден бір қарыс ұрласа, қиямет күні Алла оның мойнына жеті қабат жерді алқа етіп тағып қояды».

Бұл қиямет қайымдағы азабы. Ал, оған дейін қабірдегі азабы бар. Қиямет қайым болып, қайта тірілу сәтіне шейін ұрлықшы адам қабірде азапталып жатады. Дүние қолдың кірі. Дүниедегі еш нәрсе қабірде мәңгі азапталып жатуға тұрмайды.  

Алла елшісінің басқа бір хадисінде: «Адам ұрлықты мүмин ретінде жасамайды», делінген[2]. Басқаша айтқанда: ұрлық жасар сәтінде иманы болмайды. Яғни, ондай ауыр күнәні иманы кәміл адам жасамайды. Иманы тым әлсіз адам ғана ондай ауыр күнәға бара алады. Немесе ондай іске барар сәтінде, иманы қашады деп те түсінуге болады.

Дейтұрғанмен, тәубеге келіп, ұрлықты кәсіп етуді доғарса, Аллаға беттеп, дұрысталса, Алла кешірім иесі. Жоғарыдағы аяттың жалғасында Жаратушы Иеміз былай деген:

«Ал, кім зұлымдығынан кейін тәубеге келіп түзелсе, шексіз Алла оның тәубесін қабыл етеді. Шынында Алла аса кешірімді, ерекше рахымды»[3].

[1] Маида сүресі, 38 аят.
[2] Сахих Бұхари.
[3] Мәида сүресі, 39 аят. 

0 пікір