Құлағы ауырлаған кемпіріне "есту аппаратын" алып бергісі келген қарияның оқиғасы
Құлағы ауырлаған кемпіріне "есту аппаратын" алып бергісі келген қарияның оқиғасы
2 жыл бұрын 9837

Батыс елдерінің бірінде болса керек, бір кемпір мен шал өмір сүріпті. Бір күні кемпірінің құлағы ауырлағанын түсінген қария оған есту аппаратын алып бергісі келеді. Алайда құдай қосқан қосағының бойында пайда болған мұндай ақаулықты қалай айтсам деп басы қатады. Құлағының ауырлағанын айтып, оған есту аппаратын алып беруді ұсынса көңіліне тиіп кете ме, деп алаңдайды.

Сонымен ауруханаға барып, дәрігер маманға зайыбына есту аппаратын алып бергісі келетінін, бірақ мұны кемпіріне қалай көңіліне тигізбей жеткізерін және қалай ренжітпей тексеріске алып келерін білмей жүргенін білдіреді.

Қарияның мұңын түсінген құлақ дәрігері қарияға мынадай тәсіл айтыпты:

- Сіз былай істеңіз: қырық адымдай ұзақтықтан орташа дауыспен жарыңызға сөйлеңіз. Егер қырық адымнан естімесе, отыз адымдай жерден сөйлеңіз. Отыз адымнан да естімесе, жиырма адымнан кейін сөйлеп көріңіз. Осылайша құлағының қаншалықты деңгейде ауыр екенін анықтауға тырысалық, - депті. Дәрігердің ақылын оңды деп тапқан қария үйіне оралады.

Кешкісін қария, ас бөлмесінде ас дайындап жүрген кемпіріне қырық адымдай жерден:

- Жан жарым, бүгін кешке қандай тамақ жейміз? – деп сұрайды, орташа дауыспен. Алайда кемпірінен жауап келмейді. Ас бөлмеге біраз жақындай түседі де, қайтадан сол сұрақты сұрайды:

- Жан жарым, бүгін кешке қандай тамақ жейміз? Жауап жоқ. Үнсіз. Ас бөлмесіне тағы да жақындай түседі. Қайтадан сол сұрақты сұрайды:

- Жан жарым, бүгін кешке қандай тамақ жейміз? Жауап жоқ.

Ас бөлмесінің есігіне келіп:

- Жан жарым, бүгін кешке қандай тамақ жейміз? – дегенді қайта сұрайды. Сонда да, кемпірінен жауап ала алмаған қария іштей: «ее, бейшара кемпірім-ай, құлақтан біржолата қалыпсың ғой» деп, зайыбының қасына барады да:

- Жан жарым, бүгін кешке қандай тамақ жейміііз? – деп «жейміз» сөзін созыңқырап дыбыстайды.

 Сонда кемпірі оған:  

- Шалау, саған бесінші мәрте айтып тұрмын, бүгін - «тауық» жейміііз! – деген екен, ол да "жейміз" сөзін созып айтып.

Ғибрат:

«Біз ойлағандай, проблема, әрдайым өзгеде бола бермеуі мүмкін. Келеңсіздіктердің себебін кейде өзімізден де іздеп көруіміз керек».

А. Қасым.

0 пікір