Кім кімнен қорқады?
Кім кімнен қорқады?
8 жыл бұрын 4582 almaty-akshamy.kz
Мәлік ОТАРБАЕВ

Анадолуда ауыздан-ауызға тараған Мысырдың бұрынғы «патшасы» туралы мынандай бір «қисса» бар:

Бір күні әйгілі «патша» уәзірінен сұрапты:

– Айтшы, кәне! Менен бұрынғы «пат­ша» Насер мықты ма, әлде мен мықтымын ба?

– Әрине, сіз мықтысыз! Оның себебін айтайын, – деп уәзір сөзін дәйектей түседі. – Насер Израильден қатты қорқатын, ал сіз қорықпайсыз.

– Ал ендеше, Әнуар Садат мықты ма, мен мықтымын ба? Осыны айтшы, кәнеки!

– Сөзсіз, сіз мықтысыз! Өйткені Әнуар Американың көлеңкесінен қорқатын.

– Жөн-жөн, – деп арқаланған «патша» тағы сұрайды: – Ал мынаған не дейсің, Мұхаммед пайғамбардың замандасы, халифа Омар мықты ма, әлде мен мықтымын ба?!

– О не дегеніңіз… Шүбәсіз, сіз мықтысыз!

– А? Қалай сонда?

– Өйткені Халифа Омар Алла Тағаладан қорқатын, ал сіз қорықпайсыз, – деп уәзір «патшаның» делебесін одан сайын қоздырады…

Сонда осындай мықтылардың «мықты­лығына» шынымен де сенесіз бе? Паһ, паһ…

Пайғамбардың парасаты, әулиенің қорқынышы мен ғұламаның уайымы қайда қалды? Бұ дүниенің есебін түген­демеген адам о дүниенің қисабын қалай береді?

Көптің көзі көреген болса, сол мықты­ларды аяуы керек. Өйткені, ешкім аспан­нан түспейді, ішімізден шығады. Түріктің ақыны Тәуфик Фикрет айтқандай, «Адам­зат осылайша адасады; өз пұтын өзі жасап, өзі табынады…»

1 пікір