Есендік-саулық сұрай беретін жүк тасушы (ғибрат-хикая)
Есендік-саулық сұрай беретін жүк тасушы (ғибрат-хикая)
5 жыл бұрын 5268
Аударған: Абдусамат Қасым

Баяғыда бір пақыр өмір сүріпті. Ол үнемі: «Уа, Жаратқан ием! Есендік-саулық бере гөр. Бізді одан айырма! Есендік-саулық бере гөр, бізді одан айырма!» дей береді екен. Күндердің күнінде, онысы біреудің қызығушылығын оятып:

- Бұл дұғаның мәні неде? Неге сонша қайталай бересің? – деп сұрапты ол. Сонда әлгі жүкші оның себебін былайша баяндап беріпті:

- Мен арқама тоқым байлап, адамдардың жүгін тасумен күнелтіп жүрген жүкші едім. Бір мәртесінде ауыр қап ұнды ұзақ тасыдым. Сондықтан, о күні күндегісінен қарағанда көп шаршадым. Арқамдағы қапты жерге қойып демалайын дедім. Сол сәтте жұмысымның ауырлығы жаныма батып кетсе керек, іштей: «Уа, Аллахым! Осындай ауыр пейнеттен шаршап, шалдығып жүргенше, күніне екі күлше нан беріп тұрсаң, соның өзі маған жетер еді, соны қанағат тұтар едім» - деп, іштей жалбарындым. Сөйтіп отырғанымда, әлдебіреулер белгісіз бір нәрсеге шоқыса кетті. Айқайдың арты төбелеске ұласты. Мен де құр отырмай ажыратуға көштім. Ажыратып жатқанымда бірінің екіншісіне сілтеген қолындағы заты абайсыз да оған емес, менің басыма тиді. Соққының ауырлығынан басым жарылып, сорғалаған қан бетімді жуды. Сол кезде тәртіп сақшылары да келе қалып, екеуімен қоса, қан жоса болып тұрған мені де апай-топай әкетеді.

Содан қараңғы, суық әрі зәк түрмеге әкеп қамады. Біраз күн сонда жаттым. Құданың құдіретін қарасаңшы, сонда жатқанымда әр күні екі күлше нан беріліп тұрды. Осы жағдайды ойланып, толғанып жатқанымда көзім ұйқыға кетіп, түс көріппін. Түсімде бір адам маған: «Шаршамай, шалдықпай алып тұратын екі күлше нан сұрап, есендік-саулық сұрауды ұмытқан едің. Мінекей сұрағаның берілді» - деді. Көзімді ашып қалсам суық қамауда жалғыз жатырмын. Көргенім түс. Сол кезде, мұндай қиындыққа тап болуымның себебін ұқтым. Аллаға қол жайдым да жалбарына бастадым: «О, Тәңірім! Қателігімді кеш! Тәубеге келдім. Тәубемді қабыл ет! Сенің шексіз мейірімің мен рақымыңына сыйынамын. Ендігәрі тек есендік-саулық қана сұрайтын боламын, о Құдайым, құтқар мені» дей бердім. Сөйтіп Құдайға қол қусырып отырғанымда темір тордың арғы жағынан: «Жүкші Омар қайда?» деген дауыс шықты. Мені босатуға келген күзетшінің даусы екен... Сол күннен бері осы дұғаны қайталаумен келемін» деп сөзін аяқтапты жүкші. (әр-Рисәләтуль Құшайрия).

Алынатын ғибрат:

Дұға – ғибадаттың мәйегі. Дұға тілеп, Құдайдан сұрау - Алла риза болатын іс. Бірақ, дұға еткенде де, хаққа жақындығымыз бен тақуалығымызға, сондай-ақ, Алла Тағаладан нені сұрап жатқанымызға да мән бергеніміз дұрыс екен. Алладан үнемі қайыр-берекет, жақсылық және есен-саулық тілеуді ұмытпауымыз керек. Соның ішінде деннің саулығын сұрау маңызды. «Бірінші байлық – денсаулық» демекші, Пайғамбарымыз да (ғалейһиссәләм) бірнеше хадисінде Алладан денсаулық сұрауымызды ескертеді. Ол (с.а.у.) бір сөзінде: «Құдайдан сұралған нәрселердің ішінен Аллаға ең қатты ұнайтыны – есендік-саулық» дей келе денсаулықтың маңыздылығына назар аудартқан.

Құдай Тағала баршамызды деннің саулығы мен иман саулығынан айырмасын!

0 пікір