Бірде әуежайда ұшағын күтіп отырған бір келіншек іші пыспасын деп дүкеннен бір қорап печенье мен қызықты бір кітап сатып алады. Орындыққа жайғасып, кітабының алғашқы бетін ашып оқи бастайды. Сол мезетте қасына бөгде бір ер адам келіп жайғасады да, ол да өзінің кітабын ашып оқуға кірісіді.
Келіншек печеньесін қолына алған сайын, қасындағы адам да қорапқа қолын созып, бір-бірден алып жей береді. Бұған ашуланған келіншек: «Мынау не деген әдепсіз, ұятсыз адам?! Менің асымды сұрамай жегені несі?» деп іштей ашуланып, қасындағы кісіге көзін алартып қарап, ашуын әрең басады.
Печенье де азайып, соңғысы ғана қалады. Келіншек: «Енді мынау не істер екен, осы соңғысын да тартып алар ма екен?» деп қарайды. Әлгі кісі соңғы печеньені алып, екіге бөледі де, жартысын өзі жеп, екінші жартысын келіншекке қарай ысырып қояды. Келіншектің ашуы тіпті өрши түседі, «бұдан асқан тәрбиесіздік болмас» деп ойлап, кітабын жинай салып, ұшағына асығады.
Ұшаққа жайғасқан соң сөмкесін ашып қараса, өз көзіне өз сенбейді: сатып алған печеньесі сөмкесінде ашылмаған күйі жатыр екен! Сөйтсе, ол бағанадан бері қасындағы ер адамның печеньесін жеп отырыпты. Ал әлгі мәрт кісі печеньесінің жартысын бөліп беріп, өзінің жомарттығын, кешірімділігін танытқан екен. Келіншек қатты ұялады, бірақ енді кеш еді...
Бұл оқиғадан түйеріміз көп. Өмірде біз жиі осындай жағдайға тап боламыз. Көп нәрсені білмей жатып, сыртынан тон пішіп, өзгелерді айыптаймыз.
Нағыз ұят – мәселенің мәнісін ұқпай жатып, біреуге өкпелеу мен асығыс үкім шығару.
Егер әлгі келіншек «печеньеңізді жеп қойдым-ау деймін, кешіріңіз» деп бір ауыз сөз айтса, бәрі де басқаша болар еді. Ал ер адам да болса, «бөлісіп жеген дәм тәтті ғой» деп жымия қараса, екі жақ та ыңғайсыздықтан арылар еді.
Адамдар арасындағы түсініспеушілік – ашық сөйлеспегеннен туады. Өмірдің қадірін білмей, уақытты зая кетіріп, мүмкіндікті жіберіп алған соң өкіну – адам баласына тән қателік. Сондықтан, біреуге өкпелемес бұрын, алдымен шындықтың бетін ашып, ақ-қарасын анықтап алған жөн.