АЛЛАНЫҢ ҚАЛАУЫ ЖАЙЫНДА ("әл-Фиқһул Әбсат" атты кітаптан үзінді)
АЛЛАНЫҢ ҚАЛАУЫ ЖАЙЫНДА ("әл-Фиқһул Әбсат" атты кітаптан үзінді)
5 жыл бұрын 8264
Абдусамат Қасым

Төмендегі жазбада "әл-Фиқһул Әбсат" кітабынан үзінді ретінде Әбу Мутыйъ әл-Бәлхи мен ұстазы Әбу Ханифаның "Алланың қалауы жайында" әңгімелескен сұхбатын қазақшаға аударып беріп отырмыз. Алла зейіндерімізді ашсын! 

Әбу Мутыйъ әл-Бәлһи (рахматуллаһи алейһ):
- Алла Тағала жаратқысы келмеген нәрсені әмір ете ме? Және де бір нәрсені (болуын) қалап, жаратып, бірақ (оны орындауды) әмір етпеуі (мүмкін бе?) – деп сұрайды.

Имам Ағзам Әбу Ханифа (радиәАллаһу анһ):
- Ия, - деп жауап береді.

Әбу Мутыйъ:
- Ол не нәрсе?

Әбу Ханифа:
- Кәпірге мұсылман болуды әмір етті, бірақ оны жаратуды қаламады (мұсылман етіп жаратуды қаламады). Кәпірдің кәпір болуын қалады (солай болуына ерік берді), бірақ кәпір бол деп әмір етпеді. Ол адамда (күпірлікті таңдаған адамда) күпірлікті жаратты.

Әбу Мутыйъ:
- Алла Тағала әмір етпеген нәрсеге разы бола ма (ұната ма)?

Әбу Ханифа:
- Ия. Мысалы, нәпіл ғибадаттар. (Алла Тағала нәпіл ғибадаттарды  бұйырмаса да, оның орындалуын құп көреді).

Әбу Мутыйъ:
- Алла Тағала өзі разы емес нәрсені (ұнатпайтын, құп көрмейтін нәрсені) бұйыра ма?

Әбу Ханифа:
- Жоқ.

Әбу Мутыйъ:
- Неге?

Әбу Ханифа:
- Өйткені, Алланың әмір еткен нәрселерінің бәрі – Алланың разылық танытқан нәрселері (Алла құп көрген, ұнатқан нәрселерді ғана әмір етеді).

Әбу Мутыйъ:
- Алла пенделерді өзі разы болған нәрселері үшін азапқа душар ете ме, әлде разы болмаған нәрселер үшін бе?

Әбу Ханифа:
- Алла пенделерді өзі разы болмаған (құп көрмейтін) нәрселері үшін азаптайды. Өйткені, пенделерді күпірліктері үшін және күнәлары үшін азапқа душар етеді. Ол нәрселерге (күпірлік пен күнәға) Алла разы емес. (Ол нәрселерді Алла ұнатпайды, құп көрмейді).

Әбу Мутыйъ:
- Алла оларды өзі қалаған нәрсесі үшін азаптай ма, әлде қаламаған нәрсесі үшін бе?

Әбу Ханифа:
- Алла оларды өзі қалаған (болуын қалаған) нәрсесі үшін азаптайды. Себебі, Алла пендені күпірлік пен күнәлар үшін азаптайды. Ал, кәпірдің кәпір болуын Алла қалады (солай болуына жол берді). Күнәһар адамның да күнә жасауын қалады.

Әбу Мутыйъ:
- Алла кәпірлерге Исламды әмір етіп, кейін олардың кәпір болуын қалады ма?  

Әбу Ханифа:
- Ия.

Әбу Мутыйъ:
- Алланың қалауы – бұйрығынан бұрын ба, әлде бұйрығы қалауынан бұрын ба?

Әбу Ханифа:
- Алланың қалауы бұйрығынан бұрын болады. (Алла кәпір адамның кәпір болуын, ол дүниеге келмей тұрып қалаған).

Әбу Мутыйъ:
- Алланың бір нәрсені қалауы (еркі) – оның разылығы ма, әлде жоқ па?

Әбу Ханифа:
- Адам Аллаға итағат етіп, оның разылығын алуды көксеп, әмірін орындаса, ол кезде Алланың қалауы – Алланың разылығы болмақ. Ал, кім Алланың бұйырғанына қайшы іс жасаса, расында ол – Алланың қалауымен жасап отыр, бірақ Алланың разы болуымен емес. (Алла ол істі жасауына жол бергенімен, оның істеген ісіне разы емес). Мысалы, күнә жасаған адам. Жасаған күнәсі – Алланың разылығы емес.

Әбу Мутыйъ:
- Алла пенделерді өзі разы болған нәрселері үшін азаптай ма?

Әбу Ханифа:
- Алла пенделерді өзі разы болмаған күпірліктері себепті жазалайды. Бірақ, итағат етуді қойып, күнәні алғандары үшін оларды (о дүниеде тозақ отында) азаптап, кек алуына разылық танытқан. (Яғни, Алла о дүниеде әлдекімді тозаққа тастаса «Алла разы болмаған күйі тозаққа тастады» делінбейді. Алла оның күнәсі үшін тозақта жануын құп көрген, ол нәрсеге разылық танытқан).

Әбу Мутыйъ:
- Алла мүмин-мұсылман үшін күпірлікті қалады ма?

Әбу Ханифа:
- Жоқ. Мүминдер үшін иманды болуды қалады. Құдды, кәпірлерге күпірлікті, зинашыларға зинаны, ұрлықшыларға ұрлықты, ілім иелеріне ілімді, игі сүйер адамдарға игілікті қалағаны сияқты. Өйткені, кәпірлердің адасқан кәпір болатындықтарын оларды жаратпай тұрып қалаған.

Әбу Мутыйъ:
- Алла кәпірлерді өзі жаратуға разылық танытқан нәрсе үшін жазалай ма, әлде жаратуға разылық танытпаған нәрсесі үшін жазалай ма?

Әбу Ханифа:
- Алла оларды өзі жаратуға разылық танытқан нәрсе үшін жазалайды.

Әбу Мутыйъ:
- Неге?

Әбу Ханифа:
- Өйткені, Алла оларды күпірліктері үшін жазалайды. Алла күпірліктің өзіне разы болмаса да, күпірлікті жаратуға разылық танытты.

Әбу Мутыйъ:
- Алла Тағала Құран Кәрімде: «Алла пенделерінде күпірліктің болуына разы емес» деген. Енді, қалайша Алла күпірлікті жаратуға разылық танытады?

Әбу Ханифа:
- Оларға күпірлікті қалады, бірақ оған разы болмады.

Әбу Мутыйъ:
- Неге?

Әбу Ханифа:
- Өйткені, Алла Ібілісті жаратқанда, Ібілісті жаратуға разылық танытты, бірақ Ібілістің өзіне разылық танытпады. Шарап пен доңыз да сол сияқты. Алла оларды жаратуға разы болғанымен, ол нәрселердің өзіне разы емес.

Әбу Мутыйъ:
- Неге?

Әбу Ханифа:
- Өйткені, егер Алла шараптың өзіне разылық танытқан десек, онда оны ішкен адам Алла разылық танытқан нәрсені ішкен болып саналатын еді. Алайда, Алла шарапқа разылық танытпады, сол сияқты күпірлікке де разылық танытпады. Ібіліске және оның істеріне де разылық танытпады. Бірақ, Мұхаммед пайғамбарға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) разы болды.

Әбу Мутыйъ:
- Яһудилердің Құранда келтірілген мына сөзіне не дейсіз: «Алланың қолы байланған (сараң) деді». (Бақара сүресі, 64 аят). Осылай деп айтуларына Алла разылық танытқан ба?

Әбу Ханифа:
- Жоқ. Разылық танытпаған.


әл-Фиқһуль Әбсат кітабы - Әбу Ханифаның шәкірттерінің бірі саналатын Әбу Мутыйъ әл-Бәлһиден жеткен Имам Ағзамның ақида негіздерін қамтитын шағын еңбек. Шәкірт пен ұстаз арасындағы сұхбат түрінде жазылған бұл кітап, әсілінде «әл-Фиқһуль Әкбар» атты ақида кітабының Әбу Мутыйъ әл-Бәлхиден риуаят етілген нұсқасы болып табылады. Ал, бізге белгілі «әл-Фиқһуль Әкбәр» кітабы болса, ол – Әбу Ханифаның ұлы Хаммад ибн Нұғманның әкесінен риуаят еткен нұсқасы. Екеуін шатастырмас үшін ғұламалар Әбу Мутыйъ әл-Бәлхиден жеткен нұсқаға «әл-Фиқһул Әбсәт» деген атау қойған.

Әбу Мутыйъ әл-Хәкәм ибн Абдулла әл-Бәлһи (ө.ж.х 199) – Имам Ағзам Әбу Ханифаның шәкірттерінен саналады. Ибн Ъауннан, Һишәм ибн Хассаннан, Мәлик ибн Әнәстан хадис риуаят еткен. Одан Ахмад ибн Муниъ және Холид ибн Сәлим ас-Сафар хадис алған. Бәлх өңіріндегі көптеген адамдар одан фиқһ тәлімін алған. Ол жайында Имам Зәһәбидің мынадай сөзі бар: «Ол тапқыр, зерек еді. Мәртебесі биік ғұлама тұғын. Бірақ, риуаятты (айнытпай) жадында сақтау жағы нашарлау (уәһин фи добтыйль әсәр).  Абдулла ибн Мүбәрак оның тақуалығы үшін, әрі ілімді болғаны үшін ұлықтап, мәртебесін көтеріп отыратын».

Кейбір дін ғалымдары арасында Әбу Мутыйъты сынға алғандар болды. Оны мүржиялық пікірі бар деп айыптап, «жәһмия» ағымына тән еткендер де болды.

Әбу Мутыйъ әл-Бәлһи хижри жыл санауы бойынша 199 жылы, 84 жасына келген шағында бақиға аттанады. Алла разы болғай!

0 пікір