ӨСІМГЕ ҚАТЫСТЫ 4 СҰРАҚ
ӨСІМГЕ ҚАТЫСТЫ 4 СҰРАҚ
24 күн бұрын 1129

1. Мұсылман емес бір адам менен қарыз ақша алса, мен оған: "Қарызды қайтарғанда үстіне кішкене ақша қосып бересің," десем, бұл рұқсат па?

Мұсылман емес болса да оған пайызға қарыз беруге болмайды, бұл «өсім жеушілік» болып есептеледі, Исламда өсім жеу өте ауыр күнә – Алла мен Оның пайғамбарына соғыс ашқанмен тең1.

2. Бір мұсылман менен қарыз ақша алады. Ол ақшаны қайтарғанда өзі қалауы бойынша үстіне ақша қосып берсе, оны алуға рұқсат па?

Қарыз беруші тарапынан «артығымен қайтару» туралы талап болмаса, қарыз алушы кісі қарызын қайтарарда өз еркімен сіздің айтуыңызсыз артығымен қайтара алады және оны қабыл алуыңызға рұқсат. Тіпті мұндай қимыл сүннет боп есептеледі, Алла елшісі кейде алған қарызын артығымен қайтарып бергендігі риуаяттарда айтылады2. Әрине, бұл - қарыз беруші тарапынан артығымен қайтару туралы талап не әңгіме айтылмаған болса, рұқсат.

3. Америка, Англия сияқты Еуропа елдеріндегі банктерге депозитке ақша салу шариғатта рұқсат па?

Қазіргі таңда мұсылман елдері мен мұсылман емес елдер арасында достық қарым-қатынас туралы өзара келісім бар болғандықтан, әлемдегі көп ел «даруль ъаһд» санатында (яғни, бейбіт келісім жағдайындағы мұсылман емес ел), сондықтан да мұсылман емес елдердің өзінде діни тұрғыда өсімге қарыз беруге болмайды. Жалпы Ислам ғалымдарының көпшілігі бойынша «даруль харб» (соғыс жағдайындағы мұсылман емес ел) санатындағы елдің өзінде өсімге қарыз беруге болмайды деп қабыл етілген, өсім жеуге болмайды.

4. Қазақстандағы Kaspi, Halyk сияқты банктерге депозитке ақша салуға бола ма?

Еліміздегі Ислами емес банктерде депозит ашып, ақша жинау діни тұрғыда құпталмайды, өйткені, депозитке салушы мұсылман өсім жейді деген сөз. Анығырақ айтқанда, депозитке салған ақшаңыз банкке берген қарыз боп есептеледі. Банк ол ақшаны кредитке береді, одан түскен пайдадан сізге үстеме ақша беріп отырады. Бұл өсім жеушілік болып саналады. Қазіргі таңдағы Ислам ғалымдарының басым көпшілігінің байламы осы жөнде.

Абдусамат Қасым


1Құран Кәрім, «Бақара» сүресі 279 аят.
2Сахих Мүслім.