Әссәләм алейкум! Құрбан айт кезінде құрбандықты пайдаланып малымды қымбат бағаға сатуға рұқсат па?
Құрбан айтты пайдаланып малдың бағасын қымбаттатса күнә ма?
|

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Бисмилләһир рахманир рахим
Құрбан айтты пайдаланып малдың бағасын қымбаттатып, осылайша мұсылмандарға зиян шектіруі күнә, харам іс. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде былай деген:
مَنْ احْتَكَرَ حُكْرَةً يُرِيدُ أنْ يُغْلِيَ بِها على المسلمينَ ؛ فهوَ خَاطِئٌ
«Кім мұсылмандарға бағасын қымбат қылып сатамын деп, тауарды жинап алып, бағасын өсіргісі келсе, ол — күнә жасаған болады». (Имам Ахмед, "Мүснәд").
Аталмыш хадистегі «ихтикәр» сөзі – әлдебір зат түрін жинап алып, қажеттілік артсын деген мақсатта сатылымға шығармай, сақтап тұруды айтады. Қашан халықтың қажеттілігі артқан жағдайда бағасын бірнеше есеге сатады. Бұл дінде құп көрілмейтін, күнә іс. Себебі, адамдарға зиян шектіреді. Сол себепті де «кім мұсылмандарға қымбат қылып сатамын деп...» спекуляция жасаса делініп тұр. (Бұл дегеніміз, қоғамға және мұсылмандарға зияны тимейтін кезде тауарды саудаға шығармай ұстап тұрудың зияны жоқ екенін білдіреді)
Ендеше, құрбан айттағы малға деген сұранысты пайдаланып, бағасын бірнеше есеге қымбаттатып сату күнә екен. Өйткені, құрбан шалушы мұсылмандарға зиян тигізуде. Мұсылмандарға зиян тигізу харам болып есептеледі. Сондықтан да, жасанды бағаны көтерместен, әдеттегі нарықтағы бағамен сатқан жөн.
Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!