Орыстың мазарына қоршау істесем күнә ма?
Орыстың мазарына қоршау істесем күнә ма?
11 жыл бұрын 4856

Ассаламуғалейкум! Ағам ­­«дәнекерлеушілікті (сварщик)» кәсіп етеді.  Тапсырыс бойынша темірден түрлі заттар істейді. Тапсырыс берушілердің арасында орыс ұлтынан  да бар. Олардың кейбірі қайтыс болған туыстарының мазарларына қоршау жасатып жатады. Сұрайын дегенім, өзге дін өкілдерінің қабірін қазып беру немесе оның қоршауын істеу шариғатқа теріс пе? Одан түскен ақша адал ма? Ардабек

Уағалейкумассалам!  Ардабек,  ертеректе Ханафи ғалымдары: «Мұсылманның мұсылман емес христианның есігінде жүріп, ақыға болса да қызметшілікке жалдануына болмайды. Бірақ қызметшіден өзге істерде белгілі бір ақыға келісіп, жалдануына рұқсат. Мысалы  жазба ісі, шіркеу не синагога құрлысы т.б.» деген[1].

Сондай-ақ, Ханафи ғалымы Ибн Ъабидиннің (1828-1888ж.) атақты еңбегінде: «Әл-Ханиядағы пәтуа бойынша, бір мұсылман белгілі ақыға келісіп, синагогаға  (тазалықшы, қарауыл т.б. шариғатқа теріс келмейтін бір) жұмысқа орналасуына немесе синагоганы қалпына келтіру жұмыстарын атқаруына болады. Өйткені жеке алып қарағанда, жұмыстың өзінде күнәлі ешнәрсе жоқ»[2], - деген тұжырым келтірген.

Осы пікірді негізге алар болсақ, ақыға келісіп өзге діндегі кісілердің қабірлерін қазып беруге немесе ақыға қоршауын жасап берудің еш ағаттығы жоқ. Одан түскен табыс – адал. Ең дұрысы Аллаға мәлім!

[1] Ибн Нүжәйм, әл-әшбәһ уә ән-Наза’ир: «Китабуль Ижәрат», 3/120-121 бет. (Ғамзуль Ъуйюн).
[2] Хашияту ибни Ъабидин – 9/562 бет.; Бұл Әбу Ханифаның (р.а) тұжырымы.  

Абдусамат Қасым