Мұсылманның арақ ішетін стакан сатуы харам ба?
Мұсылманның арақ ішетін стакан сатуы харам ба?
3 жыл бұрын 3911

Әссәләму ғәлейкум уә рахмәтуллаһи уә бәракәтуһ! Ыдыс-аяқ сатушы мұсылманның сұрағы еді. Арақ ішетін стақан сату харам ба? Алла Тағала істеріңізге қайыры мен берекесін бергей! Гүләйым Бисенбай

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Егер тек қана арақ-шарап ішуге арналған стакан болса, оны сатпаған абзал. Өйткені, арақ ішуге арналған ыдыс – тікелей күнә істеуге арналған құрал. Оны сату арқылы, біреудің күнәсына ортақтаспаған жөн. Ал, бірақ, әмбебап стакан түрлерінен болса, оны сатудың күнәсі жоқ. Өйткені, алушының не мақсатта алып жатқандығы беймәлім. Әмбебап стакан түрімен арақ та ішуі мүмкін, шырын да ішуі мүмкін, ол жағы сатушыға белгісіз.

Тоқ етерін айтқанда, дәл арақ ішуге арналған шыныларды сатуға болмайды (өйткені, оны нақты арақ ішу үшін алатыны белгілі), ал әртүрлі қолданыста қолданылатын стакан түрлерін сатудың күнәсі жоқ. Осы орайда, бокалдың да түрлері бар: шампан ішетін бокалдар, сыра ішетін бокалдар, түрлі шырын мен сусындар ішуге арналған бокалдар болып бөлінеді. Бұларды да, қолданысына қарай сатқан абзал болар, әсіресе олардың көбіне алкогольді ішімдіктер үшін алатындарын сатпаған дұрыс.

Осы тұрғыда, мынадай да сауал ойға келеді: шарап ішуге арналған бокалмен шырын ішуге бола ма? Бұған жауабымыз: іші шараптан таза болса, жуып, тазалап, су немесе шырын сияқты адал сусындарды құйып ішудің күнәсі жоқ. Ыдыстар формасына қарап харам болмайды. Оларды харамға қолдану жөнінен харам үкімі туындайды. Бірақ, егер, онымен адал сусын ішіп отырсаңыз да, сырт көзге "шарап ішіп отыр" деген қате пікір қалыптастыратындай жағдай болса, діндар мұсылманның күмән тудырар нәрселерден ұзақ тұрғаны абзал. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!

Абдусамат Қасым