Пітірді артығымен берсе, ол пітірге жата ма?
Пітірді артығымен берсе, ол пітірге жата ма?
25 күн бұрын 2496

Пітірді жан басына шаққаннан молдау етп берсе, ол пітірге жата ма? Манат.

Құрметті сауал жолдаушы, пітір садақасын қажетті болғаннан көбірек қылып берем десеңіз өз еркіңіз, шамаңызға қарай артығымен берсеңіз сауабы да көп болмақ. Пітір болып есептеледі. Мәселен, пітірді есептейтін кезде өзіңіздің жанұяңыздан бөлек, мархұм болып кеткен туыстарыңыздың атынан да қосып есептесеңіз болады. Мархұмдардың атынан берілген пітір садақаңыздың сауабы оларға жазылады, сауабы жетеді әрі сіздің де пітіріңіз есептеледі.

Риуаяттарға қарағанда, ардақты сахабалар жанұяларымен қоса, мінген аттарына дейін шүкір ретінде пітір садақасын есептеп беретін болған. Бұған байланысты ескілікті ғалымдардың бірі Әбу Қаләбә (радияллаһу анһ) сахабалардың аттарына да пітір садақасын есептеп беретіндігін тілге алып: «Сахабалар пітірді жылқыларына да есептеп беретін» деген. Әрине, малдары үшін де пітір есептеп беру міндет емес. Ерікті іс. Ал сахабалардың әлгіндей артығымен берулері міндеттілікті емес, «сауап үшін» деп ұғынылған1. Сондай-ақ, сахабалардың бұл ісінен пітір садақасын артығымен берсе болатындығын түсінеміз. Сондықтан, жоғарыда айтып өткеніміздей, пітірді мархұмдардың да атынан қосып есептеп, артығымен беруіңізге болады, пітір ретінде саналады.

Уә ахиру даъуәнә әниль хамду лилләһи Раббиль аләмин!


Бәдруддин әл-Айни: «әл-Биная». 3\349 бет.

Абдусамат Қасым