Алғашқы рет ораза ұстайтын адамдарға қандай кеңес бересіз?
Алғашқы рет ораза ұстайтын адамдарға қандай кеңес бересіз?
7 жыл бұрын 36696

Сәлеметсіз бе! Ораза ұстағым келіп жүр. Ниетім бар. Ораза ұстар алдында қандай кеңес бере аласыздар? Мәлика.

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Алла жазса көптен күткен қасиетті Рамазан айы да келіп қалды. Құдайға шүкір, Алланың бұйрығына бас иіп, ораза ұстауға ниет қылғандардың саны жылдан-жылға артуда. Сондықтан да, сұрағыңызға орай біршама кеңестерімізді бере кетелік:

1. Мықты ниет. Рамазан оразасы кейбір қандастарымыздың айтатыныдай, үш күн басында, үш күн ортасында және үш күн соңында емес. Ораза – отыз күн. (Кейде айдың ерте тууына байланысты 29 күн болуы мүмкін). Сондықтан да, ең алдымен отыз күн оразаны Алла ризалығы үшін үзбей ұстауға іштей ниетіңізді бекемдеп, нықтап алыңыз. «Амалдар ниетке байланысты» дейді Пайғамбарымыз (с.а.у.).

2. Керекті мәлімет. Екіншіден, оразаның негізігі шарттары, талаптарымен қоса, оразаны бұзатын және бұзбайтын жағдайларды біліп алған жөн. Қазіргі таңда Аллаға шүкір, ана тілімізде жарық көрген мәліметтер баршылық. Одан қала берді, сайттарға тікелей сұрақ жолдап, білмей тұрған сауалдың жауабын алу мүмкіндігі қарастырылған. Керекті мәліметтерге ие кісінің оразасы уайымсыз әрі жеңіл өтеді. Уайымсыз деуімнің себебі, әлдебір жасаған әрекет оразаны бұзды ма, жоқ па? – деп, нақты білмегендіктен орынсыз уайымға беріліп жататындар бар. Ал жеңіл деуімнің мәні: әдетте оразаны бұзбайтын, оразаға зияны жоқ нәрселерден шамадан тыс сақтанып, ыңғайсыз жағдайларға тап болуы мүмкін. Мысалы, ауыздағы сілекей мен түкірікті жұту оразаны бұзады деп жүрген адам, күні бойы түкірумен болады. Негізінде, ауыздағы сілекейді, түкірікті жұту оразаны бұзбайы.

3. Сәресіге тұру. Мүмкіндігінше, сәресіні жібермеу. Пайғамбарымыз (с.а.у.) сәресіде береке бар деген[1]. Сәресіде тәбетіңіз тартпай тұрса, тым болмағанда су ішкен жақсы. Осылайша, адам денесін күні бойы керек еттіретін сұйықтықпен қамтамасыз еткен боласыз. Оның үстіне, сәресі адамға рухани демеу болады.  

4. Ас мәзірі. Ас мәзіріне көпшілігіміз мән бермейтініміз рас. Күні бойы аш жүрген адамның ас мәзіріне мән беруі де қиын шығар. Дегенмен, біле жүргеніміз артық етпейді. Медицина мамандарының айтуынша, майлы әрі майға қуырылған тағамды және құрамында қанты көп дәмдерді азайту керек. Сондай-ақ, сәресі уақытында артық тамақ жеуден, шамадан тыс сусын ішуден сақтану керек екен. Олай етпеген жағдайда, ағзадағы минеральды тұздар тез шығып, дененің жылдам әлсіреуіне алып келеді.  

5. Ауызашар сәті келгенде бірден асқа отырмаған жақсы. Күн батқаннан кейін бір-екі минут алдымен қол қусырып тілегіңізді тілеп, одан соң күн толық батқаннан кейін, сумен немесе компотпен, яки, құрмамен ауыз ашып барып намазға тұрыңыз. Намаз оқып болам дегеніңізше асқазаныңызға нәр барып, әрі қарай тамақ қабылдауға дайын болады және ауыз ашқаннан ұйықтағанға дейінгі аралықта көбірек су ішкен жақсы.  

6. Күнәлі істерден ұзақ жүру. Ауыз бекіткен кісі түрлі күнәлі істерден өзін тыюы тиіс. Ғайбат, өсек-аян, ұрыс-керіс т.б. әбес әдеттерден арылғаны дұрыс.

7. Оразаны бұзатын жағдайлардан және аузы берік кезде мәкруһ саналған әрекеттерден бойды аулақ ұстау ләзім.

8. Қасиетті Рамазан айын тыйымды өткізген жөн. Намаз оқымай жүргендер болса, намаз оқып бастасын. Одан қала берді, бос уақыттарында Құран оқып үйренуге, жаңа сүре-аяттар жаттауға, діни бір әдебиет (мысалы, пайғамбарымыздың өмір-баяны жайында) оқып шығуға тырысқанымыз абзал. Мүмкін болса, ер кісілер мешітте күнде кешке оқылатын тарауих намазына қатысып тұрғаны жөн. Бармаған кездері, үйінде оқысын.

Алла Тағала баршамыздың ұстаған оразаларымызды кем-кетігімен қабыл етіп, о дүниеде «Райян» есігінен кіруді жазсын. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деп айтқан:

«Шынында пейіштің «Райян» деген есігі бар. Қиямет күні одан ораза ұстаушылар ғана кіреді. Өзгелер ол есіктен кірмейді. Сол күні (періштелер): «Ораза ұстаушылар қайда?», – деп сұрайды. Ораза ұстаушылар тұрып, есіктен кіргеннен кейін есік жабылып, одан басқа ешкім кірмейді»[2].


[1] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари» – №1923 хадис.
[2] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари» – №1763; Имам Мүслім: «Сахих Мүслім» – №1947. 

Абдусамат Қасым