Косметика өнімдерін сату шариғатқа қайшы ма?
Косметика өнімдерін сату шариғатқа қайшы ма?
7 жыл бұрын 5751

Сұрақ №1: Әссәләмуғалейкум! Бір жігіттер сауал сұрап жатыр еді. Косметиканы сатумен айналысуға бола ма? Дініміз тұрғысынан бұл қалай болады? Намазхан жігіттің айналысуы қаншалықты дұрыс?

 

Сұрақ №2: Әссәләмуғалейкум! Бір сауалым бар еді, егер жауап берген болсаңыз сілтемесін берсеңіз! Косметика өнімдерін сату шариғатымызға қайшы ма? Сатуға бола ма? Құрметпен, Бахтияр.

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Шариғатта әйел кісі өз ері үшін сәнденіп, боянады. Ал бөтен еркектердің назарын өзіне аудару мақсатында боянуды дініміз құп көрмейді. Бұл жайында Алла Тағала Құран Кәрімде былай деген:

«Әйелдерге айт!... Зейнеттерін керсетпесін. Бірақ ерлеріне, әкелеріне, қайын аталарына, өз ұлдарына, өгей ұлдарына, аға-бауырларына, олардың ұлдарына, әпке-сіңлілерінің ұлдарына, мұсылман әйелдерге, ...әйелдердің ұятты жерлерін білмейтін балаларға көрсетулеріне болады...».  Нұр сүресі, 31 аят.

Кейбір тәпсірші ғалымдар аталмыш аяттағы «зейнет» сөзінің астарында бетке бояу жағып, әдемілену мағынасы да қамтылып тұрғандығын білдірген[1]. 

Сондықтан да, косметиканы әйелдердің сырт көзге, яғни, бөтен еркектерге әдемі көрінуі үшін сатып алатыны нақты білініп тұрса, косметика өнімдерін сатуға болмайды – дейді қазіргі дін мамандары. – Өйткені, бұл – күнәға жәрдем етумен пара-пар. Алайда, қандай мақсатта алатындығы беймәлім болса, онда сатуға рұқсат. Себебі, нақтылық жоқ. Неге десеңіз, ол косметиканы өз еріне әсемдену ниетімен алып жатқан да болуы мүмкін. Сондықтан да, нақты емес жағдайға сүйеніп, «харам» үкімін бекітуге болмайды. 

Осы орайда, Бурхануддин Мәрғинани есімді Ханафи ғалымының (ө.х. 593ж) «Хидая» кітабында айтқан мына бір сөзін келтіре кетелік:

«Қоғамда бүлік белең алып тұрған уақытта, біле тұра бүлік иелеріне қару сатуға болмайды. Себебі, қару арқылы адам тікелей қылмысқа бара алады. Ал, алушының бүлік иесі екенін білмесе, онда оған сатудың күнәсі жоқ, өйткені, ол (белгісіз адам) оны бүлік шығару үшін қолданбауы мүмкін. Сондықтан да, нақты білінбегендіктен, оған қару сатудың мәкруһтігі жоқ (немесе "сатуға тыйым салынбайды"– ауд.)[2].

Ең дұрысы – Аллаға аян!


[1] Құртуби тәпсірі, Нұр сүресі, 16 аят түсініктемесі.
[2] «Әл-Биная шархуль Хидая», 12/220 бет. 

Абдусамат Қасым