Көлігімді түбінде сатып алу құқығымен жалға берсем бола ма?
Көлігімді түбінде сатып алу құқығымен жалға берсем бола ма?
10 жыл бұрын 4021

Ассалаумағалейкум уа рахматуллаһи уа бәракәтуһ! Өзімнің көлігімді артынан сатып алу құқығымен жалға беруге бола ма (Аренда авто с последующим выкупом)? Алла разы болсын!!! Рүстембеков Нұрахмет

Уағалейкум әссәләм уа рахматтулаһи уа бәракәтуһ!  Сіз сұрап отырған мәміле жалпы алғанда дінге теріс емес. Дегенмен Исламда оған қатысты кейбір арнайы шариғи талаптар мен шарттар реттелген. Аталмыш мәміле түрінің шариғатқа сай жүзеге асуын қысқаша былай түсіндіруге болады:

Жалға беру мен сату келісімі бір келісім шартта орын алмауға тиісті. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у) ондай мәміледен тыйған[1]. Сондықтан да:

  • a) Алдымен тек жалға беру келісім шарты жасалады. Бұл келісімде айлық, яки апталық немесе күндік төленетін жалдау ақысының мөлшері,       жалға берудің мерзімі т.б. «жалға беру құқығына» сай шарттар мен талаптар ашық-анық көрсетілуі қажет.
  • b)  Келісімде көрсетілген жалға алу ақысы толықтай төленіп және мерзімі біткеннен соң, жалға алушымен жаңа келісім шарт жасалады.
  • c)  Бұл келісім шарт - «сыйға беру (الهبة)» келісім шарты болуы мүмкін немесе белгілі сомаға сату келісім шарты болуы мүмкін[2].

Яғни, сіз алдымен автокөлігіңізді пәленше кісіге, түгенше уақытқа дейін жалға беру келісім шартын жасасасыз. Осы келісім шартта көрсетілген мерзім аяқталғаннан кейін, жалға алушымен әлгі автокөлігіңізді «сыйға беру» немесе оған «белгілі бір сомаға сату» келісім шартына жаңадан отырасыз.

[1] نهى النبي صلى الله عليه وسلم عن صفقتين في صفقة رواه احمد عن بن مسعود:
[2] У.Зухайли – әл-Муъамалатәтул Мәлиятул Муъасира. «Дарул фикр», Сирия-Дамаск, 2006 ж.

Абдусамат Қасым