Құрбанды «Айт намазынан» кейін шалу керек дейді. Биыл айт намазы оқылмаса, құрбанды қай уақытта шаламыз?
Құрбанды «Айт намазынан» кейін шалу керек дейді. Биыл айт намазы оқылмаса, құрбанды қай уақытта шаламыз?
4 жыл бұрын 16310

Әссәләму ғәлейкум! Құрбандық малы Айт намазы оқылып болғаннан кейін шалынады ғой. Құрбандыққа мал шалу үшін сәске дұха намазы уақытынан соң шала бере ме? Айт намаз оқылып болуы шарт па? Осы жылы Елімізде айт намазы оқылмаса не істейміз? Гүлайым.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Қадірменді сауал жолдаушы, Ханафи фиқһ кітаптарында бұған байланысты мынадай үкім баян етілген:

«Егер, бір үзір себепті (қалалы жерде) айт намазын оқымаса, онда айт намазының уақыты шыққаннан кейін құрбан шалынады. Ал, ертеңіне және одан кейінгі күндері (яғни, айттың екінші және үшінші күндері) намаздан бұрын шалына береді (яғни, азанымен шалына береді). Өйткені, ертеңіне оқылған айт намазы «әдә» емес, «қаза» орнына жүреді»[1].

Осы тұрғыда айта кетелік, Айт намазының уақыты: Күн найза бойы көтерілгеннен бастап, Зәуәл уақытысына дейін, яғни, Ұлы сәске уақыты аяқталғанға дейін жалғасады.

Тағы бір Ханафи кітабында былай делінген:

«Егер, имам айт намазын кешіктірсе, онда (құрбан шалғысы келген) адам күннің жарымына дейін құрбанын шалмайды. Сондай-ақ, имам бір нәрсемен мәшғұл болып айт намазын оқымаса немесе зәуәл уақытына дейін айт намазын әдейі оқымай тәрк етсе, онда қалған күндердің бәрінде (айт күндері) намазсыз-ақ шала беруге болады...»[2]. 

Сондай-ақ, «әл-Фәтәуәль Һиндия» атты кітапта да былай делінеді:

«Үзір себепті болсын, мейлі үзірсіз болсын, егер құрбан айт күні айт намазын оқымаса, Зәуәл уақытына дейін құрбан шалуға болмайды... (одан былайғы уақыттан бастап болады)»[3].

(Мұндағы Зәуәл уақыты – күн тас төбеге келіп, батыс жаққа ауа бастаған сәт. Бұл - Ұлы сәске уақыты аяқталып, бесінге шамамен 20-30 минут қалған мерзімге тура келеді).

Демек, елімізде белең алған індеттің кесірінен құрбан айт намазы оқылмайтын болса, онда құрбанды айттың бірінші күні «Ұлы сәске» уақыты аяқталғаннан кейін шалу керек, яғни, бесін намазына шамамен 20-30 минут қалған уақытқа дейін аялдап, одан соң шалған дұрыс. Қалған екі күнінде қай уақытта шалса да бола береді. (Тек, айттың үшінші күні күн батар-батпас сәтке дейін шалып үлгеруі керек).  

Түйін:

Бір себептермен құрбан айт намазы оқылмайтын болса, Құрбан малы айттың бірінші күні Зәуәл уақыты кіргеннен кейін шалынады, яғни, бесін уақытына шамамен 20-30 минут қалған сәттен бастап шалына бастайды. Одан бұрын құрбан шалынбайды. 

Бұл айтқанымыз қалалы жердегілер мен қала үкіміндегі үлкен ауылды жерлердегі мұсылмандарға қатысты. Ал әдетте жұма намазы мен айт намаздары онсыз да оқылмайтын шағын ауылдарда болса, айттың бірінші күні таң намазынан кейін шала берулеріне болады. 

(Осы орайда, muftyat.kz сайтының 2020 жылы жасаған мәлімдемесінде, айт намазы оқылмаса да күн шыққан уақыттан бір сағат өтісімен құрбан шала берсе болады делінген).


[1] Ибн Ғабидин: Раддуль Мұхтар. 9/461 бет.
[2] Имам Кәсәни: «Бәдәиъус Санаиъу».
[3] Фәтәуәл Һиндия – 5/365 бет.

 

Абдусамат Қасым